Халық қалаулылары бес жыл бойы жалақысы өспейтініне еш өкінбейді. Президенттің пәрменіне көнген депутаттар 600 мың теңгеден жоғары алатын айлығын қанағат тұтып отыр, деп хабарлады КТК.
Кейбір халық қалаулылары тіпті өмірінде мұндай жалақыны алып көрмегеннен кейін, қазір тек рахатын көріп жүр екен.
"Көппен көрген ұлы той" деген қазақтың жақсы бір мақалы бар ғой. Сондай принцип болуы керек. Әйелім алады, карточка сонда. 650, 630 мың теңге қолына алады. Ет – ауылдан, біздің туыстарымыздан келеді, сонда бір 170-200 мың теңгедей кететін шығар", - дейді мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров.
Ал Елнұр Бейсенбаев бұған дейін мұндай айлық алмағанын жасырмады.
"Сол себепті қазіргі айлық тиімді. 600 мың теңге шамасында қаражат аламын. Шамамен 150 мың теңгедей азық-түлігімізге кетеді. Өйткені көпбалалы отбасымыз. Басқасының бәріне жетеді", - дейді депутат.
1 ақпаннан бастап депутаттар, министрлер мен әкімдердің жалақысын алдағы бес жылда көбейтпейтін қаулыны премьер-министр қабылдады. Алайда шенеуніктер болсын, халық қалаулылары болсын, жалақыны сол күйі ай сайын алғанымен, мемлекеттік мерекелерде сыйақыдан қалыс қалмайды.
Бүгінде өңір басшыларының жалақысы үкімет мүшелері мен депутаттардың айлығынан әжептәуір жоғары. Әкімдерге бюджеттен тәжірибесіне қарай екі миллион теңгеге дейін айлық түседі. Мәселен, Атырау, Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының басшылары сол қатарда. Ал мемлекеттік қызметте аз тәжірибесі бар Қарағанды, Павлодар облыстары әкімдерінің бір айлық жалақысы миллион теңгедей.
Министрлердің жалақысы 900 мыңнан басталса, қос палата депутаттары 600 мың теңгеден жоғары табыс табады.