×
498.09
577.34
6.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.09
577.34
6.41

Қымбат бейсболканы министрге кім сыйлаған: әйелі ме, әлде...

Бүгін, 11:18
Қымбат бейсболканы министрге кім сыйлаған: әйелі ме, әлде...
Ulysmedia.kz коллажы

Үкіметтің соңғы отырысында негізінен көлік министрі Нұрлан Сауранбаев белсенділік танытты. Ол бұрын қарамағында істеген, белгілі шенеуніктердің туыстары болып келетін қызметкерлерді мақтап, ауыл тұрғындарының қиыршық тас төселген жолдармен қаншалықты жайлы жүретінін айтып, жолаушылар мен жүргізушілерді жол азабынан құтқаруға, бар жолды одан да сапалы етуге уәде берді.

Алайда ең есте қалғаны – Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына берген жауабы болды. Тілші министрдің басындағы италиялық әйгілі брендт тіккен бейсболка туралы сұраған еді. Жауаптан жалтарып көрген, оған біздің журналист көне ме, ақырында бұл сәнді бас киімді оған жұбайы сатып әпергенін, ал өзі оның нақты бағасын білмегенін айтты.

Осыдан кейін қымбат кепка емес, оны сыйлай алатын жұбайының сонда кім болғаны деген сұрақтың жауабы қызықтырақ көрінді.

Білмеймін дейді, біледі

Министр Нұрлан Сауранбаев өзінің қарапайым екенін, түрлі брендтер жайлы ештеңе білмейтінін айтты. Журналистердің арқасында ғана білгенін айтып, алдағы уақытта қоғамдық орындарға қандай киіммен шығу керектігін алдын ала ойластырамын деді.

Алайда Нұрлан Ермекұлы бас киімінің бағасы бір миллион да, 500 мың теңге де емес, әлдеқайда арзан екенін сенімді түрде айтты. Соған қарағанда ол Loro Piana бренді өнімдерінің шамамен қанша тұратынынан аз да болса хабардар. 

Сауранбаев кепканы оған жұбайы сыйлағанын айтты. Белгілі болғандай, оның киімдерін  көбіне жұбайы таңдап береді. Бұдан басқа мәліметті журналистер анықтай алмады. Министр кейін жабық залға өтіп кетті. Мүмкін, тағы бір брендтің «белгісін» ешкім байқап қоймасын деген шығар.

Мұндай әйелің болса, ақша жайлы уайымдама

Ал министрдің отбасында жұбайы осындай қымбат дүниені еш қиындықсыз сыйлай алатындай жағдай қайдан пайда болды? Біз бұл туралы тағы да интернеттен іздеп көрдік.

Италиялық брендтің ең арзан бейсболкасы – мақта мен полиамидтен тігілген нұсқасының өзі Қазақстанда 359 мың теңге тұрады. Ал министрдің басындағы модель бұдан әлдеқайда қымбат болуы мүмкін.

Мұндай затты сатып алып, кейін оны күйеуіне жай ғана ұсақ-түйек тауардай ұстата салу үшін қандай жұмыс істеу керек? Тіпті премиум кашемирге қалай күтім жасау керектігін де ескертпестен сыйлағаны қызық.

Көлік министрінің жұбайы – Гаухар Сауранбаева. Контрагенттерді тексеру сервистерінде ол «Tien Shan Invest» және «Резидент-Актау» компанияларының құрылтайшысы ретінде көрсетілген.

Айта кетерлігі, «Резидент-Актау» ЖШС-нің қызмет түрі – мамандандырылған дүкендерде (сауда алаңы 2000 шаршы метрден аз) трикотаж және шұлық өнімдерінен басқа киімдерді бөлшек саудада сату. Яғни Гаухар Сауранбаева киім мен брендтерден хабары бар адам деуге болады. Сондықтан оның министр күйеуіне ең жақсысын алуға тырысатынына таң қалуға болмайды.

Алайда оның бірінші компаниясы салық төлемейді.

Ал екіншісі таратылған.

2025 жылдың соңында барлық саяси қызметкерлер жұбайларының табысын жариялаған кезде көлік министрлігі тек вице-министр Талғат Ластаевтың декларациясын ғана жариялаған. Демек, 2025 жылы Гаухар Сауранбаева кәсіпкерлік қызметтен табыс таппаған болып шығады. Онда министр күйеуіне қымбат аксессуарлар қай қаржыға сатып алынады деген сұрақ туындайды.

Үлкен отбасы

Мүмкін Нұрлан мен Гаухар Сауранбаевтарды балалары киіндіріп, барлық қажетті затпен қамтамасыз етіп отырған шығар. 

Министрдің бес баласы бар. Кенжесі биыл 18-ге толады.

Нұрлан Сауранбаевтың үлкен қызы Жания да сән мен қымбат киім әлеміне жақын. Ол «GGonline» ЖШС-нің директоры. Бұл – әйелдер киімін ғана ұсынатын мультибрендті бутик. Баға сегменті шамамен Loro Piana деңгейіндегі брендтерге жақын.

Министрдің ұлы Ернұр Ермек те осындай сән-салтанатқа жақын бизнесте жүр. Ол «Санур Холдинг» ЖШС-нің құрылтайшысы. Компания өз жылжымайтын мүлкін жалға беру және басқарумен айналысады.

БАҚ мәліметінше, министрдің ұлы Ақтаудағы ірі сауда орталықтарының бірін басқарады. Бұл бизнес белгілі бір деңгейде табыс әкеліп отырған сияқты, өйткені 2025 жылы компания шамамен 75 млн теңге салық төлеген.

Нұрлан Сауранбаевтың екінші қызы Джамиля Иманалиева да бұған дейін сән индустриясына жақын бизнесте болған. Оның бөлшек саудамен айналысқан «Coffee Break» атты жеке кәсібі болды, бірақ қазір ол жұмыс істемейді.

Джамиляның күйеуі қазір Президент әкімшілігінде сыртқы саясат бөлімін басқарады. Бұған дейін ол Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінде қызмет атқарған.

Жалпы алғанда, Сауранбаевтар отбасының кез келген мүшесі үшін біреудің бір айлық табысына тең кепканың бағасы әлдеқашан таңғаларлық нәрсе емес сияқты. Мүмкін олар сәнді сауда орталықтары мен мультибрендті бутиктер арасында жүріп, арзанырақ брендтердің бар екенін де ұмытып кеткен шығар.

Дегенмен мұндай сән-салтанатқа қаржыны қайдан алады деген сұрақ әлі де басы ашық күйінде қалып отыр. Салық есептілігіне қарағанда, отбасында тұрақты табыс табатын жалғыз адам – ортаншы ұл. Ал оның әкесіне осындай қымбат әрі құпия сыйлық жасауының себебі түсініксіз.

Серіктес жаңалықтары