Соңғы үш жылда Антикор Арнайы ХҚКО қызметіндегі жемқорлыққа қатысты 18 қылмыстық істі тергеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, бұл істер бойынша жүргізуші куәлігін беру кезінде 60 мыңға жуық заңсыз іс-әрекет жасалып, заңсыз әкелінген 2 мыңнан астам автокөлік есепке қойылған.
“Қылмыстар Астана, Шымкент қалаларында, Ақмола, Қостанай және Жамбыл облыстарында жасалды. 13 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада.
Мәселен, елордада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысатын Арнайы ХҚКО қызметкерлері мен азаматтық тұлғалардан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Қылмыстық топ азаматтарды шетелдік автокөліктерді есепке қоюдың заңдылығына қатысты алдау жолымен, олардың ақшаларын ұрлап, 500-ге жуық көлік құралын заңсыз тіркеуді жүзеге асырды.
Бір көлік құралын ресімдеу автокөлік жүргізушілеріне 400 мыңнан 1,6 млн теңгеге дейін шығын келтірген. Аталған адамдардың қылмыстық іс-әрекетінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген мемлекеттік баждар мен алымдар түрінде шамамен 1 млрд теңге сомасына залал келді.
“Тергеу сотының санкциясымен қылмыстық топтың 9 қатысушысы, оның ішінде елордалық Арнайы ХҚКО басшысы қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда”, – деп мәлімдеді Антикор.