×
$
455.86
528.84
5.25
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455.86
528.84
5.25

Тоқаев Жұманғаринді үкіметтегі қызметіне қайта тағайындады

03.09.2026, 10:28
Тоқаев Жұманғаринді үкіметтегі қызметіне қайта тағайындады
Үкіметтің баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Серік Жұманғаринді премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметіне қайта тағайындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жұманғарин кім?

57 жастағы Серік Жұманғарин Ақтөбеде туған. Мемлекеттік қызметке келгенге дейін он жылдан астам уақыт бизнес саласында жұмыс істеген. Шенеунік ретінде мансабын 2005 жылы Ақтөбе қаласы әкімдігінде бастады. Кейін жеті жыл бойы монополияға қарсы салада еңбек етті. Аймақтық даму вице-министрі, ұлттық экономика вице-министрі, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі болды.

2022 жылы сауда министрі, 2023 жылы премьер-министрдің орынбасары, ал 2024 жылдың желтоқсанында ұлттық экономика министрі қызметіне қосымша тағайындалды.

Жұманғарин салық және бюджет саясаты, тарифтер, сауда, агроөнеркәсіп, шағын және орта бизнес, инвестициялар, сондай-ақ ЕАЭО мен ДСҰ аясындағы ынтымақтастық секілді кең ауқымды мәселелерге жетекшілік етеді.

Неліктен Жұманғариннің қызметі даулы пікір туғызды?

Салық реформасының негізгі бастамашысы ретінде танылған Жұманғарин үкіметтегі жаңа салық саясатын жүзеге асыруға жетекшілік етті. Ол кәсіпкерлер мен экономистер тарапынан сынға ұшыраған жаңа Салық кодексін қабылдатуға белсенді атсалысты.

2026 жылдың бірінші тоқсанында Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 76,4 мың жеке кәсіпкерлік субъектісі жұмысын тоқтатқан. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. 

Сол кезде АХҚО-ның бұрынғы аға кеңесшісі Анар Омарова Қазақстан экономикасының қазіргі бағытын Зимбабвенің жағдайымен салыстырды. Оның айтуынша, экономика өсіп жатқанымен, халық кедей бола түскен. 

Кәсіпкерлер Жұманғаринді қызметінен кетуге де ашық түрде үндеді.

Премьер-министрдің орынбасары бұған дейін бірқатар даулы мәлімдемелерімен де есте қалған. 2019 жылы тарифтерге қатысты сұрақ қойған журналистерге «Ашуыма тимеңіздер!» деп жауап берген. Кейін шегіртке қаптаған кезде оны «халал өнім» деп атаған. Ал елде қант тапшылығы туындаған кезде «шайды тосаппен ішемін» деген еді.

Контекст

Еске салайық, бұған дейін Мұхтар Тілеуберді қайтадан сыртқы істер министрі болғанын жазған едік.

3  қыркүйекте Дәурен Қосанов қорғаныс министрі, ал Ержан Сәденов ішкі істер министрі қызметіне қайта тағайындалды.

Ал Ғалымжан Қойшыбаев үкімет аппаратын қайта басқаратын болды.