ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін айтты. Бұл туралы Ulysmedia.kz хабарлайды.
Сәбила Мұстафинаның айтуынша, партиялық тізім бойынша түсетін кандидаттарды қоспағанда, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар үшін 950 мың теңге көлемінде шығыстар мөлшері белгіленген. Оның ішінде телерадио бағдарламаларымен сөйлескені, сондай-ақ мерзімді, баспа немесе интернет басылымдарында екі мақала жариялағаны үшін – 450 мың теңге сомасында. Сайлау алдындағы бұқаралық іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығару үшін – 300 мың теңге сомасында. Тасымалдау құны – 200 мың теңге.
Партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттарды қоспағанда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттығына кандидаттардың әрқайсысына 550 мың теңгеден беріледі. Оның ішінде 350 000 теңге бағдарламаны БАҚ-та таныстыруға, 130 000 теңге іс-шаралар өткізуге және үгіт материалдарын басып шығаруға, 70 000 теңге көлік шығындарына жұмсалуы тиіс.
Қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің әрқайсысына 350 000 теңге беріледі, оның 200 000 теңгесін олар бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуге төлей алады. Олар сайлау алдындағы іс-шараларды өткізгені және көлік шығындары үшін сәйкесінше 100 000 және 50 000 теңге алады.
Аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар да 350 000 теңге алады.
Еске салайық, өткен күні кешке Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының үгіт-насихат жұмыстары басталды. Сайлау 19 наурызда өтеді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттығына бір мандатты 125 кандидатты тіркеуден бас тартылғаны белгілі болды.