Экс-министр Дәурен Абаев ТМД Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін ТМД атқарушы комитеті БАҚ өкілдеріне Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Бекетжан Жұмахановтың орнына Дәурен Абаевты ТМД Бас хатшысының орынбасары қызметіне ұсынып, нота жібергенін мәлімдеген болатын. Дәурен Абаев жаңа қызметіне 7 наурызда кірісетіні де хабарланған.
Бұл ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады.
Еске салсақ, жыл басында Дәурен Абаев Мәдениет және спорт министрі қызметінен босатылды. Оның орнын Асхат Оралов басты.
Дәурен Әскербекұлы Абаев 1979 жылы 18 сәуірде Алматы облысында туған.
Еңбек жолында ҚР Сыртқы істер министрлігінде референт, атташе, үшінші хатшы (2001-2003); Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінде үшінші хатшы (2003); Нидерланды Корольдігіндегі ҚР істері бойынша уақытша сенімді өкілі, екінші хатшы (2003-2007); ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінде бөлім бастығы (2007); ҚР Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты (2007-2008) қызметтерін атқарды.
Кейінірек ҚР Президентінің баспасөз хатшысының орынбасары (2008-2009); ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы (2009); Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы, кеңесшісі (2011-2016); Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі (2016-2019); Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі (25.02.2019-04.05.2020); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары (04.05.2020-11.01.2021) болды.
2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін Мәдениет және спорт министрлігін басқарды.