×
490.84
536.88
5.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
490.84
536.88
5.04

Жаңаөзендік мұнайшылар жұмыс ұсынған екі компанияға орналасудан бас тартты – ҚМГ

11.04.2023, 13:49
Жаңаөзендік мұнайшылар жұмыс ұсынған екі компанияға орналасудан бас тартты – ҚМГ
ҚМГ

Жаңаөзеннен Астанаға келіп наразылық акциясын өткізген жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қызметінің мәліметінше, мұнайшылармен компания аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы байланыс тобының мамандары келіссөз жүргізген.

«ҚазМұнайГаз» мамандарымен бірге келіссөзге «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС және «Ai-Bis» ЖШС (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысты. Жұмысшыларға жалақыларын сақтай отырып, «Ai-Bis» ЖШС және «Кезби» ЖШС (мұнай сервис қызметтерін көрсетеді) компанияларына жұмысқа орналасу ұсынылды.

«Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қортындысы бойынша «ӨзенМұнайГаз» АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Алайда, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет», - деп атап өтті «ҚМГ» аппаратының басшысы Ерхан Омаров келіссөз барысында.

«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері «ӨзенМұнайГазға» жұмысқа тұрғызуды талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартты.

«Оларға қабылданған құқықтық рәсімдерді айналып өтіп, «ӨзенМұнайГаз» АҚ штатына жұмысқа орналасу жөніндегі талап заңсыз екені түсіндірілді. Бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді. Аталған ереже моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданған болатын», – деп атап өтті компаниядан.

Еске салсақ, кеше Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етеді. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз дейді. Олар таңды сол жерде атырды.

Бұдан бұрын Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талабы әлі айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.