×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Техникалық жабдықтар жоқ: Қазақстан шекарасының 84%-ын тек адамдар күзетіп тұр

20.04.2023, 11:56
Техникалық жабдықтар жоқ: Қазақстан шекарасының 84%-ын тек адамдар күзетіп тұр
kazpravda.kz

Қазақстан шекарасының 16 пайызы ғана шекараны күзететін техникалық жабдықтармен жарақталған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алдажмұманов тәуелсіздік алған уақытта ел шекарашылары күзетуі тиіс шекараның ұзындығы 9 есе ұлғайғанын еске салды.

«Біз тәуелсіздік алған кезде Кеңес Одағынан қалған, Шығыс шекара округіндегі 6 шекара жасағы Қытаймен шекараның 1700 шақырымын күзетіп тұрды. Бізге осы 1700 шақырым шекараны күзетіп тұрған 6 жасақпен Қазақстан Республикасының бүкіл периметрін жабу туралы пәрмен түскен еді. Біз бүкіл шекараны белгілеп, бақылау жүргізу үшін осы құраммен шығуға мәжбүр болдық. Яғни, күзетілетін шекара ұзындығы 9 есе ұлғайды. Қазір шекарамыздың ұзындығы 15 132 шақырым. Кей тұстарда демаркация әлі жүріп жатқандықтан аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Біз басында ешбір жабдықталмаған орындарға келдік. Ол кезде әкімдіктер бөлген ғимараттарда отырдық. Яғни түрлі сипаттағы қолданысқа бейімделген ғимараттар еді. Кейін біртіндеп инфрақұрылымды жетілдіру, штат санын көбейту жұмыстары басталды», - деді ол.

ҰҚК өкілінің сөзінше, шекараны күзететін штат саны қазіргіден бірнеше есе үлкен болуы тиіс.

«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы шекарасының 16 пайызы ғана шекараны күзететін техникалық жабдықтармен жарақталған. Бұл өте аз екенін түсінетін шығарсыздар. Негізінен бұл Қытай бағыты. Қалған шекарамызды тек адамдар күзетіп тұр. Бұл проблеманы бәрі біледі. Ақша біртіндеп бөлініп жатыр. Өйткені қажеттілік өте үлкен», - деді Шекара қызметінің директоры.

Ерлан Алдажұмановтың айтуынша, мемлекеттік шекараның әр шақырымын арнайы инфрақұрылыммен жабдықтау үшін қыруар қаржы керек.

«Бір шекара заставасы стандарт бойынша 20 шақырым шекараны күзетеді. Осындай ұзындықтағы мемлекеттік шекараны қажетті теникалық құралдармен, инфрақұрылыммен жабдықтау үшін 2,9 млрд теңге керек. Бұл өте көп ақша. 20 шақырымға осынша керек болса, бізде жалпы шекараның ұзындығы 15132 шақырым», - деп түсіндірді ол.

Айта кетейік, бүдан бұрын Алдажұманов Алматы облысы полициясы департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаевтың шекараны қай жерден кесіп өткені жөніндегі болжамын жариялады.