×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жаңа үйлердің сапасына шағым көп: үкіметтегілер не дейді

05.06.2023, 08:56
Жаңа үйлердің сапасына шағым көп: үкіметтегілер не дейді
фото: ашық дереккөзден

Елімізде 2029 жылға дейін 111 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу міндеті қойылған. Алайда бірнеше өңірде халықты баспанамен қамту жоспары орындалмаған. Бұл туралы Үкіметт өткен жиында айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Жоспар асыра орындалған өңірлердің ішінде Астана, Алматы қалаларын және Алматы облысын атап өтуге болады. Өз кезегінде, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында жоспар орындалмай қалды», — деді Әлихан Смайылов.

Ол биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Маңғыстау және Ұлытау облыстары жоспардан артта қалып келе жатқанын атап өтті.

«Баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін маңызы өте зор. Бұл еліміздің ірі қалаларында барынша өзекті болып отыр. Бүгінде 600 мыңнан астам отбасы тұрғын үйге мұқтаж жандардың есебінде тұр. Аталған мәселені біртіндеп, жүйелі түрде шешу керек. Бізде Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде бірқатар бағыттар көзделген», — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы мұндағы ең өзекті мәселенің бірі құрылыстың жеткілікті деңгейде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі екенін айтты.

«Елорда қазір осындай проблемаға тап болып отыр. Астанада энергия ресурстары жетіспейді, сумен қамтамасыз ету мәселесі қатты сезілуде. Осыған байланысты тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азайтылды. Басқа өңірлерде осындай жағдайларға жол бермеу үшін барлық әкімдіктер елді-мекендердің перспективалық дамуына тиісті талдау жүргізуі қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, жоспарлау проблемалары тұрғын үйді пайдалануға беру кезінде анықталады, сондықтан инфрақұрылым мәселелерін жер учаскесін бөлу және құрылысқа рұқсат беру кезінде шешу керек.

Әлихан Смайылов сондай-ақ кейінгі уақытта халықтың тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасына және олардың ретсіз, бей-берекет салынуына, объектілердің уақтылы іске қосылмауына қатысты өте көп шағым түскенін айтты. 

«Мәселен, Астанада «Будапешт» тұрғын үй кешенінің тұрғындары былтыр қыс басталардың алдында жылусыз қалды. Шымкентте осыдан бес жыл бұрын ғана мемлекеттік бағдарламамен салынған көппәтерлі тұрғын үйдің қабырғалары жарылып, лифтілер жиі істен шығады. Алматыда таулы жерлерде, суға жақын маңдарда және ерекше қорғалатын аумақтарда құрылыс салу кезінде заңнаманы бұзудың 150-ден астам фактісі анықталды», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Оның айтуынша, тағы бір өзекті проблеманың бірі – құрылыс кезінде рұқсат құжаттарының болмауы. Алматыда салынып жатқан «Төлеби Резиденс» тұрғын үй кешенінде құрылысқа қажетті құжаттар жоқ. 

«Астананың бір өзінде тиісті құжаттары жоқ осындай 90-ға жуық тұрғын үй кешені салынып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, сот құжатсыз салынған «Дублин» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарды», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы атап өткендей, Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен де сабақ алуымыз керек.

«Құрылысты бақылау шараларын, әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейту мәселесі бірнеше рет көтерілді. Белгілі-бір шаралар қабылданды, алайда ол жеткіліксіз. Осы мәселелердің барлығы әзірленіп жатқан Құрылыс кодексінде ескерілуі тиіс», — деп айтып өтті Әлихан Смайылов.