×
443.37
474.49
4.83
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.37
474.49
4.83

Қазақстанның Украинаға қатысты ұстанымын құрметтейміз – Италия СІМ басшысы

05.09.2023, 16:54
Фото: Ulysmedia.kz

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Италия министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

7 млрд доллар инвестиция мен визаны жеңілдету жайлы

Бүгін Астанаға Италия Республикасының министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни келді. Ол Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөз жүргізді.

Келіссөздерден кейін Мұрат Нұртілеу мен Антонио Таяни бірлескен мәлімдеме жасады. Мұрат Нұртілеудің айтуынша, Қазақстан қазіргі таңда Ресей және Қытаймен, сонымен қатар әлемнің өзге де ықпалды әрі беделді ойыншыларымен байланысын нығайтып жатыр.

«Италия халықаралық сахнада және Еуроодақтағы біздің аса маңызды стратегиялық әріптесіміз ретінде, Қазақстанның көпвекторлы саясатында ерекше орын алады. Қазақстан мен Италия арасындағы берік достық пен дәстүрлі өзара түсіністік рухына сай биік және жоғары деңгейде сындарлы саяси диалог пен стратегиялық әріптестік орнатылғанын ерекше қанағатпен атап өтемін. Соның ішінде үкімет және парламентаралық ынтымақстастық та қарқынды дамып келеді», - деді ол.

Нұртілеудің сөзінше, биыл тамызда Қазақстан мен Италияның дипломатиялық қарым-қатынастары жаңа отыз жылдыққа аяқ басқан. Екі ел ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікке көңіл бөледі.

«Бүгін Италия – Еуропадағы ең ірі сауда серіктесіміз.  Былтыр 14,9 млрд доллар құраған Қазақстан-Италия тауар айналымы биылғы қаңтар-шілде айларында 9 млрд долларға жетті. Алдағы уақытта Қазақстанның 110 экспорттық позиция бойынша осы көрсеткішті тағы 900 млн долларға арттыруға әлеуеті бар. Энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық қызмет және кадр дайындау салаларындағы ынтымақтастығымыздың болашағы зор», - дейді ол.

Италия – инвестиция көлемі бойынша да еліміздің негізгі серіктестерінің қатарында. Қазақстанға 2005 жылдан бері құйылған инвестициялар ағыны 7 млрд доллардан асқан. Қазіргі таңда елімізде 270-ке жуық италиялық компания жұмыс істейді. Жалпы көлемі 474 млн долларды қамтитын әртүрлі салада 21 индустриалды жоба қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, тоқсаныншы жылдардан бастап, «Eni» компаниясымен  ірі мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жұмыстарында өзара тиімді әріптестік орнатылған.  Бүгінгі таңда «Eni» күн қуаты негізіндегі, ал «Arm Wind» жел электр станцияларын салу бойынша  перспективті «жасыл энергетика» аясындағы қомақты жобалар әзірленуде.

«Биылға жоспарланған Орталық Азиядағы алғашқы Италиялық мәдениет институтының Алматы қаласында ашылуы білім және жалпы гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға өз ықпалын тигізбек. Таяни мырзадан Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі Еуроодақпен болатын ресми консультацияларда қолдау көрсетуді сұрадым. Италиялық әріптесімізбен кездесу барысында алған екпінді жоғалтпауға мүдделігімізді растап, жақын перспективада биік және жоғары деңгейлерде делегациялармен алмасу бойынша да пікір алмастық.  Келіссөздерді нақтылау және уағдаластықтарды жүзеге асыру мақсатында бірлескен мәлімдеме қабылданды», - деді Мұрат Нұртілеу.

Италияда оқитын қазақтардың көбейгенін қалаймыз

Өз кезегінде сөз алған Антонио Таяни екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

«Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет. Аумағына Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кетеді. Өз тарапымыздан Италияда оқитын қазақтардың көбейгенін қалаймыз. Біз де Қазақстанда италиялық студенттерді көргіміз келеді. Бірер аптадан кейін Алматыда бірінші болып Италия мәдениеті институтын ашуымыз кездейсоқ емес, бұл біздің мәдени дипломатияны дамытуға ниетті екенімізді дәлелдейді. Біз көбірек бірлесе жұмыс істегіміз келеді. Біз үшін Қазақстан стратегиялық серіктес, сондықтан біз байланыс орнатуды, бірлесіп жұмыс істеуді жалғастырамыз», - деді Антонио Таяни.

Оның айтуынша, Италияға баратын қазақстандықтардың саны жыл сайын өсіп келе жатыр.

«Қазақстан азаматтары үшін виза талаптары жеңілдету мәселесін алда пысықтаймыз. Біз жақтағы қазақ елшілігі белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Екі ел арасында аптасына екі рет әуе қатынасы бар. Туристік бағыт та жақсы дамуда. Біз достықты ұзақ жылдар бойы дамыттық. Енді соның жемісін көріп жатырмыз. Қазақстанның Украина мен Ауғанстанға қатысты ұстанымын да құрметтейміз. Италия - өндіріс мемлекеті. Бізге шикізат керек. Бұл тұрғыда Қазақстанмен серіктестікті нығайтқымыз келеді», - дейді ол.

 

Серіктес жаңалықтары