Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің отставкасын талап еткен петицияға қатысты пікір білдірі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін Қазнетте Бағдат Мусиннің Астанада интернет Токиоға қарағанда жылдамырақ деген сөзінің аясында дау туындаған.
"Мен петицияны көрдім. Барлық рейтингтер жалпыға белгілі, жалпыға қолжетімді. Біз ресми рейтингтерге сүйенеміз. Иә, Қазақстанда интернеттің сапасына қатысты сұрақтар бар екенін мойындаймын. Сондықтан біз операторларға нақты міндеттер қоямыз. Мен базалық станцияларды орнатуды ай сайын бақылап отырамын", - деп жауап берді Мусин.
Ведомство басшысы іс жүзінде министрлік бұл мәселелерді бақылауға тиісті емес екенін, операторлардың өздері өзара бәсекелесуге және сапалы байланыс беруге мүдделі болуы тиіс екенін атап өтті.
"Операторлық бизнес – нарықтық, онда әрқашан бір-бірімен бәсекелесуге және сапалы байланыс қызметтерін ұсынуға, клиент үшін күресуге тиіс жеке ойыншылар болады. Бірақ байланыс сапасы туралы сұрақтар осындай ауқымға жеткендіктен, министр ретінде маған араласуға тура келді. Екі апта сайын барлық ұялы байланыс операторлары, барлық басшылар-акционерлер менің алдыма жиналады: олармен егжей-тегжейлі жоспарым бар – қанша станция орнатылды, қаншасы модернизацияланды, қаншасы ретке келтірілгенін талқылаймыз", - деп қосты ол.
Мусин өзге қазақстандықтар секілді өзі де кейде әлсіз интернетке тап болатынын мойындады.
Айта кетейік, елімізде интернет сапасына қатысты сын көп. Шалғай ауылдарды айтпағанда Астананың өзінде интернет жылдамдығы көңіл көншітпейді дейді жергілікті тұрғындар. Ал шілдеде министр Мусин интернет жылдамдығы жағынан Астана Токионы басып озғанын мәлімдеген.
«Сіздер де Speedtest халықаралық рейтингіне сүйенсеңіздерші. Егер осы халықаралық рейтинг Астананың 35 позицияға көтерілгенін жазса, демек, біз 35 қаланы озып кеттік. Тіпті Токионы басып оздық. Сол рейтингті жасаған мен емес қой!?» - деген еді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол жуырда елорданың кейбір аудандарында интернет сапасының нашар болуы себебін түсіндірген.