Сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Қайрат Боранбаевқа қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында ол өз еркімен тергеумен ынтымақтасу ниеті туралы мәлімдеген. Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды”, – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Ведомство көгілдір отынды әкелу кезінде қаражат ұрлау фактісі бойынша жүргізілген тергеу аясында Боранбаев 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығынды өтегенін еске салды.
Бұл қаражат қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру саласын қолдауға, мектептер мен басқа да оқу орындарын салуға және қайта жаңартуға, сондай-ақ бүкіл республика бойынша әлеуметтік салаға бағытталмақ.
Бұдан бұрын Қайрат Боранбаев мемлекетке құны 1,4 млрд теңгеден асатын қонақүйді тапсырды.
Еске салайық, жуырда белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаев ісі бойынша апелляциялық сот үкімі шықты. Сот кәсіпкердің жазасын жеңілдетті. Ол 6 жылға бас бостандығынан айырылды.