×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

Жаңа Қазақстанда Назарбаев зияткерлік мектептері жабыла ма - Басқарма төрағасымен сұхбат

30.01.2024, 10:14
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанда еліміздің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған және оның құрметіне аталған Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ) бар. Бұл мектептердің жағдайы басқаларына қарағанда тым жақсы болғаны айтпаса да түсінікті. Қаржыландыру болсын, педагогикалық құрамы болсын, автономдық басқару жүйесі болсын, әйтеуір жылы-жұмсақтың бәрі солардың аузында болды. Балаңызды НЗМ-ге түсірсеңіз жетіп жатыр, келешегіне алаңдамасаңыз да болады. Батыстың ЖОО-на оқуға түсу дейсіз бе, карьерлік өсу дейсіз бе, өздігінен бола беретін игіліктер есігі ашылатын. Алайда Жаңа Қазақстанның жариялануы жағдайды біршама өзгертті. Мектептерге бөлінетін қаржы күрт қысқарды, мектептердің атын өзгертеді екен деген әңгіме шықты. Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраева НЗМ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозинмен хабарласып, НЗМ-нің қазіргі жағдайы қалай,  экс-президент оларға барып тұра ма, алдағы тағдыры не болмақ деген сұрақтарға жауап алды.

НЗМ қарапайым мектепке айнала ма?

Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында Назарбаев Зияткерлік мектептері (НЗМ) мен Назарбаев Университетін қаржыландыруды қысқарту мәселесі көтерілді. Бұл НЗМ болашағына қалай әсер етуі мүмкін, НЗМ мекемелері кәдімгі мектепке айнала ма, оқуға құжат тапсырудың қажеті бар ма, алда не жоспары бар деген сықылды сауалдар келіп түсті. Сіз бұған не айтасыз?

– Бұл сұрақ турасында ата-аналарымызға алаңдайтын еш себеп жоқ екенін айтқым келеді. Үкімет бөлетін грант аясында біз қолдаудан қағылғанымыз жоқ. Екінші қаржыландыру көзі, екінші бағыт – мақсатты жарна, бұл НЗМ-нің алтын арқауы. (...) НЗМ-нің негізгі айырмашылығы мазмұнында, оқу жоспарында, бағалау, бақылау жүйесінде, сырттай емтихандарда, кадрларды даярлау жүйесінде, бұл бізді тек еліміздегі ғана емес, әлемдегі мектептерден ерекшелендіретін әдістемелік негіз. Осы бағытта 15 жыл ішінде біз шын мәнінде елімізде ғана емес, әлемде де жетекші ұйымға айналдық. Қазір біздің сертификаттарымызды әлемнің 60 университеті мойындайды. Бұл университеттер біздің бағдарламаларымызды бақылап отыр, олар Кембридж, Манчестер сияқты университеттер, Қытайдың көптеген университеті, яғни айтарлықтай маңызды оқу орындары. Біздің оқу бағдарламамыз олардың талаптарына толығымен сәйкес келетіндіктен, түлектеріміз қосымша емтихансыз оқуға түсе алады.

Былтыр бізді 50 ЖОО мойындаса, бір жылдың ішінде бұл тізімге қосымша 10 университет қосылды. Біздің бағдарламамызды мойындайтын университеттер көбейіп келеді.

(...) 2022 жылы қаржыландыру 4 есеге қысқарды. Қазіргі уақытта біз үшін бұл күрделі мәселе: сапаны жоғалтпай, қайта құрылымдау жүргізуіміз қажет. Сондай-ақ жоғары сапалы контентті генерациялауды жалғастыру, осының бәрін студенттерімізге түсіндіру деген сияқты ауқымды жұмыстар тұр алдымызда.

Екінші жағынан, қазіргі бюджетті ескере отырып, бұл қандай да бір түбегейлі өзгеріс деп айта алмаймын. НЗМ құрылған кезде, жұмыс істеудің алғашқы сәттерінде бюджеттік қаржыландыру ерте ме, кеш пе азаяды деген ой болды. Сондықтан мектептерді өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне, қосымша жобаларға, соның ішінде коммерциялық жобаларға дейін жеткізу қажет. Міне, біз қазір белсенді түрде әрекет етудеміз. Біз үшін бұл бетбұрыс қазіргіден де табысты дамуға серпін болатын шығар. Гранттарға келсек, ол жақта бәрі жақсы, сұрақ жоқ. Әдістемелік мәселелерге қатысты біз қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша жұмысты жалғастырамыз.

НЗМ бюджетке тәуелсіз бола ала ма?

– Біз кейбір мәселелерде бюджетке тәуелді болып қала береміз. Мемлекетке қажетті біраз жұмысты атқарып жатырмыз. Ол, мысалы, жалпы білім беру мектептеріндегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Менің ойымша, бұл еліміздегі білім беру саласына керек дүние, осы тұрғыдан біз өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Негізі мұны 15 жылдан бері жасап келеміз. Осы уақыт ішінде біз жалпы білім беретін мектептердің 3000 мұғалімін дәл осындай тәсілдермен,әдістемемен оқыттық. Бұл – әлемнің жетекші елдерінде енгізіліп жатқан озық әдістеме. Мемлекет талабы бойынша бұл жұмыстарды жалғастырсақ, әрине, мемлекет ол үшін бізге ақша төлеуі керек. Бұл жерде біз артық ақша алмаймыз, барлығы тариф бойынша және тек өз мамандарымызды жалақымен қамтамасыз ету үшін керек.

НЗМ мұғалімдерінің жалақысы қанша?

- Орташа жалақымыз 450 мың теңге шамасында.

Максимум қанша алады?

– Бұл шамамен 800 мың теңге. Қазір бізде орта мектеп мұғалімдерінің жалақысынан айтарлықтай айырмашылық жоқ. Орта мектептердегі орташа жалақы 420 мың теңге шамасында болса, біздікі 460 мың, яғни айырмашылық онша көп емес. Ұстаздарымыздың жүктемесі көп болмаса, аз емес.  Олар іріктеуден өткен балалармен жұмыс істейді, бұл – құзыреттіліктерге, тіпті сабақты жоспарлауға қойылатын қосымша талаптар. Сіз сабақты жай өткізе салмайсыз. Бұл балаларды жалықтырады, өйткені олар негізінен іріктеліп алынған және талаптары жоғары, олар (ұстаздар) әр сабақты шынымен қызықты болатындай етіп өткізуі керек. Біздің мектептерде мұғалім күні бойы мектепте болуы керек, бұл да қосымша жүктеме, ал жалақы орта мектептердегідей деңгейде.

Шенеуніктер балаларын оқуға түсіру үшін телефон соғатын жағдайлар жиі бола ма?

– Іріктеу негізінде айтсам, қазір қоғам зияткерлік мектепке де, Назарбаев университетіне де «қоңыраумен» түсе алмайтынын түсінді. Өйткені жүйе шынымен де меритократия қағидатымен жұмыс істейді: келесің, тапсырасың, біліміңе сәйкес ұпай аласың. Басқа мүмкіндіктері жоқ. Біздің іріктеу жүйеміз өте ерекше, мұндай жүйе әлемнің ешбір жерінде ешбір мектепте енгізілмеген. Тестілеу жүйесі тұрғысынан алып қарағанда, ол жаратылыстану-математика бағыты бойынша қарым-қабілетін анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл абсолютті ашықтық. Сонымен қатар, біз тестілеуді жүргізгеннен басқа, нәтижені ұзақ уақыт бойы талдаймыз. Егер кейбір сұрақтар бойынша даулы мәселелер болса, кейбір сұраққа тым көп немесе тым аз жауап берілсе, онда бұл сұрақтар іріктеуден алынып тасталуы мүмкін, біз оларды есепке алмаймыз. (...)

Бұл тұрғыда біздің мамандардың бірегей тәжірибесі бар, менің ойымша, мұндай тәжірибе Қазақстанда жоқ. Тест жауаптарының шетелде тексерілетіні, содан кейін нәтижесінің бізге келетіні, менің ойымша, бұл «тестті сатып алады» дегендерге жауап секілді.

Оқуға түсу және дайындық процесі

Қабылдау сұрақтарын кім дайындайды?

– Сұрақтарды мамандарымыз халықаралық сарапшылармен бірлесіп дайындайды. Сұрақтарды дайындау - бұл үлкен жұмыс, өйткені сұрақтар өте сауатты әзірленуі керек, сондықтан олардың жауабында ауыспалы мағына беретін нұсқалар болмайды. Осылайша олар біз анықтағымыз келетін дағдыларды бағалауға бағытталған, сондықтан сұрақтардың күрделілігі бойынша деңгейі де әртүрлі болады. Ескеретін тұстары көп, сондықтан бастапқыда халықаралық сарапшылар көбірек тартылды, бірақ жылдар өткен сайын біздің мамандардың құзыреттілігі арта түсті.

Қазір оқуға құжаттар қабылданып жатыр, бірақ тестілеу наурыз айында, 3-тоқсанның аяғында өтетініне не себеп? Кейбіреулер сұрақтарда балалар тек 4-тоқсанда меңгеруі керек материалдар бар дейді? Неліктен бұл тестілеуді жазда өткізбеске?

Шын мәнінде, біз сұрақтарды мұқият қараймыз, өтпеген тақырыптарға қатысты сұрақтар болмауына аса мән береміз, егер болса, оны алып тастаймыз. Тестілеуді өткізу мерзіміне келсек, біз контингентті жасақтауымыз керек, оны наурыз айында өткіземіз, содан кейін нәтижелерді талдап, тізімді түзіп, бұл тізімді гранттық бағдарламаға ұсынамыз. Осының барлығына 40 күн уақыт керек.

- Ауыл балалары үшін ауылдық квота бар ма? Ауыл балалары мен қала балаларының білім алуында мүмкіндіктер тең емес екені анық. Өйткені қалада оқитын балалардың қосымша білім беру орталықтарында оқуға мүмкіндігі бар

– Ешқандай квота болған жоқ, оны жасауды да жоспарлап отырған жоқпыз, өйткені бұл меритократия қағидаттары тұрғысынан мүлдем дұрыс емес. Біз үшін ең басты қағида – бағдарлама бойынша оқуға дайын балаларды іріктеу. (...) Біз физика, химия, биология, математика және информатикаға ерекше мән беретін бағдарламаларымызда оқуға қабілеттілік пен бейімділік туралы айтып отырмыз. Баланың гуманитарлық бағытта жақсы дамуы жиі кездеседі, ата-анасы да баласының НЗМ-де оқығанын қалайды, ол тіпті оқуға түсуі мүмкін, бірақ кейін оған оқу бағдарламасы қиынға соғады, өйткені бұл оның бағыты емес. Бұл жерде біздің басты міндетіміз – конкурстық іріктеу өткізіп, біздің бағдарламалар бойынша оқуға дайын, инженерлік мамандықтар бойынша арнайы оқуға бейімділерді анықтау. Қандай да бір бөлек квота жасап, ауыл балаларын алдық делік, бірақ ол гуманитарлық бағыттың баласы, ол оқи алмайды, содан кейін оны оқудан шығарамыз, бұл қаншалықты әділ болады? Біздің мектептердегі оқушылардың 10 пайызы ауыл мектептерінен келіп түскендер, оқушылардың 30%-ға жуығы әлеуметтік жағынан осал топтардан, көп балалы отбасылардан, қиын жағдайға тап болған жанұялардан шыққан оқушылар. Жалпы олар конкурс бойынша іріктеледі. Ауыл мектептерінде оқитындар бізге келіп, емтихан тапсырып, тіпті оқуға түсуге болатынын біле бермейді. Мүмкін олар өздеріне сенбейді немесе мұғалімдер оларды ынталандырмайды. Ал кейбір педагогтер жақсы оқитын оқушысынан айрылғысы келмейді. Қазіргі таңда ауыл мектептерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Цифрландыру, менің ойымша, жақсы мүмкіндік, біз қазір мобильді қосымша арқылы сынақтан өту мүмкіндігін пысықтап жатырмыз. Әр бала қай жерде оқитынына, қайда тұратынына қарамастан, мобильді қосымшаға кіріп, сынақ тестілеуден өтуі үшін қандай сұрақтар бар екенін көре алады. Ол жерде сұрақтардың деңгейін көріп, қорқынышын жеңсе, тестілеуге қатысуға ынтасы артуы мүмкін.

Қазір НЗМ-ге түсуге дайындайтын оқу орталықтары көп. Ата-аналарға қандай кеңес бере аласыз? Осы орталықтарға барудың пайдасы бар ма, әлде тестілеуге жеке дайындалған дұрыс па?

– Менің ойымша, бұл баланың өзіне, ата-ананың өз баласының әлеуетін қалай бағалайтынына  байланысты. Жалпы ата-аналарға айтар кеңесім, егер баланың НЗМ-ге түсуге, жаратылыстану-математикалық бағыттағы біз назар аударатын пәндерді оқуға деген қызығушылығы болмаса, балаға қысым жасамаған жөн. Жұрттың бәрі тапсырып жатыр деп, жалған намыспен тест тапсырудың қандай қажеті бар? Егер баланың қарым-қабілеті жаратылыстану бағытында емес, гуманитарлық пәндер бағытында болса, онда сол жолға түскені дұрыс. Менің балам НЗМ-де оқиды деп құр мақтану баланың болашағына балта шабады.

Қосымша курстар арқылы дайындыққа келетін болсақ, жалпы мен балаларды қосымша сабақтарға барып, тестілеуге дайындалуында тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бала зияткерлік немесе спорттық іс-әрекеттің кез келген түріне неғұрлым көп тартылса, соғұрлым ол дами түседі.  Орталықтар жұмыс істеп жатыр, олар өз жұмысын, өз миссиясын атқаруда, сондықтан олар жұмысын жалғастыра берсін. Егер бізден қолдау қажет болса, біз мұны талқылауға және ынтымақтаса әрекет етуге дайынбыз.

 Қазақ және орыс сыныптарының қайсысына грант көбірек бөлінеді?

- Өткен жылы редакциямызға өтініштер түсіп, орыс және қазақ тілдерінде оқытуға грант бөлу төңірегінде қоғамда дау туды. Көптеген ата-ана НЗМ-де орыс сыныптарын жабуды талап етті. Сіз бұл дауды қалай шештіңіз?

– Біз оны түбегейлі шештік. Бұрын қандай мәселе болды? Біз орыс және қазақ сыныптары үшін арнайы екі тізім жасайтынбыз. Қанша бала алу керектігі туралы шешім қабылданғанда, олар ұпайларына қарап, кейбір мектептерде 4 қазақ, 3 орыс сыныбы болуы мүмкін, өйткені қазақ бөліміне тест тапсырғандардың ұпайлары орыс сыныптарына тапсырған балалардың ұпайына қарағанда төмен болды. Орыс бөліміне тапсырғандар неге бізге үш сынып, ал қазақ тілді оқушыларға 4 сынып ашасыздар деген шағымдар болды. Біз қазір жаңартылған ережелерге сәйкес, қай тілде оқытатынына қарамастан, ұпайға қарап жалпы тізім жасап жатырмыз.

- Яғни, қазақ сыныптарына мынанша, орыс сыныптарына мынанша грант деген жоқ қой?

- Жоқ. Біз Астанадағы мектепке 144 грант бөліп отырмыз, яғни жоғары балл жинаған алғашқы 144 баланы қабылдаймыз. Қазақ сыныбына қаншасы, орыс сыныбына қаншасы тапсырғаны маңызды емес. Іріктеу көрсеткендей, 70 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орыс тілінде оқитын балалар. Міне, біздегі білім жүйесінде қазақ тілді балалардың білім деңгейі жоғары болып тұр.

- Бірде Жәутіков атында республикалық физико-математикалық мектептің директорымен сөйлесіп едім, ол соңғы жылдары қазақ бөлімінде оқитын балалардың баллдары өте жоғары екенін айтты. Өйткені бізде орыс тілінде оқытудың сапасы жоғары деген стереотип бар. Сіз де өз сөзіңізде жоғары балл жинаған оқушылардың 70 пайызы қазақ тілінде оқитын балалар дейсіз...

– Балалардың 70 пайызы қазақ сыныптарынан, ең жоғары балл жинағандардың ішінде қазақ тілінде оқығандар көп...

Биыл Қазақстан бойынша қанша грант бөлінуде?

– Шамамен 2400-дей.

Табыс жоспары: НЗМ ақшаны қайдан алады?

Сіздерде биылға арналған коммерциялық жоспар бар ма?

– Бұрын да болған, тек кішірек масштабта ғана еді. Енді қосымша қаржыландыру көздерін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Біз үшін ең айқыны – оқуға арналған коммерциялық жобалардың бір түрі, бізде тегін орындар бар, біз балаларды ақылы негізде қабылдаймыз. Астанада халықаралық мектеп бар, бұл біздің балабақшасы бар мектебіміз, ол толығымен ақылы, қазір Алматыда да ашу мәселесін пысықтап жатырмыз.

Оқу ақысы қанша?

– Астанадағы халықаралық мектепте оқу құны 2 миллион теңгеге жуық, ол соншалықты қымбат емес, келешекте бағасын өсіретін шығармыз. Белгілі бір төлемдер бар, мұғалімдер тұрақты курстардан өтуі керек, біліктілікті арттыруға байланысты көптеген шығындар бар, қазір мектептің коммерциялық табысы жаман емес, алайда басқа мектептерге қарағанда аз болып тұр.

- РФММ бұрын сұранысқа ие еді. Бірақ қазір ол жерде бейберекетсіздік, сабақ өтетін сынып кабинеттері жетіспейді, асханада орын жоқ, балалар дәлізде тамақ ішеді, ал бізде мектеп құрылысын жолға қойған ақылды кәсіпкерлер бар, ал мұғалімдер құрамы мен ғимараттың сапасы нашар. Елімізде мектеп жетіспейді, мұны бизнесмендер оңтайлы пайдалана бастады. Иә, ақша табу керек, бірақ сапаны ұмытпау қажет қой.

- Расында сондай. Мен РФММ-тегі біраз адамды білемін, олардың айтуынша, бәрі дұрыс.

Олар 6-сыныптан кейін қуанатын шығар, бірақ бастауыш сыныптар арбаның бесінші дөңгелегі іспетті...

– Олар адамдарды дүниетанымынан ажыратады, кейбіреулері кеңестік жүйені жақтайды, сонда тәртіп бар еді, үй тапсырмасы көп болатын дейді. Жалпы РФММ Сингапур моделімен оқытады. Талғам әртүрлі ғой, біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Біреулер еркін болғанды қалайды.

Менің айтайын дегенім, балалар сыймаса, оларды қабылдаудың қажеті жоқ. Бір сыныпта 35 бала оқиды, мектеп ақша тапқысы келеді, барлығын қабылдайды, менің ойымша, бұл дұрыс емес. НЗМ осы сапаны сақтап қалуы керек, егер қаржыландыру одан әрі қысқарса, олар нарықта қалуы үшін 35-40 баланы қабылдауға мәжбүр болады. Солай емес пе?

- Біз бұл жағдайдың алдын алуға тырысамыз. Бізге арналған кез келген бизнес біздің брендке негізделеді. Бұл сапа екенін бәрі түсінеді, біз сапаны жоғалтқан кезде бренд де өз мәнін жоғалтады. Сонда коммерциялық жобаларды жүзеге асыру тоқтатылады.

Атын өзгерту: мүмкін бе, мүмкін емес пе?

Мектептің атын өзгертуге бола ма? Бұл мектептерді Назарбаев өзі ашты, ол мектептерді аралай ма, соңғы рет қашан болды?

– Соңғы рет қашан келгенін айта алмаймын, мен ол жерде болған жоқпын, өткен жылдың наурыз айынан бері жұмыс істеп келемін, сол уақыт ішінде ол болған жоқ. Атын өзгертуге келетін болсақ, бұл мен айналысатын мәселе емес деп ойлаймын, менің мұндай мәселелерді шешуге құқығым жоқ, бұл осындай шешім қабылдайтындарға арналған сұрақтар. Осы жерде NAS (NISH) бренд ретінде өзін елде ғана емес, әлемде де танытты. Біздің бағдарламамыз бен дипломымызды 60 университет мойындады.

Қазір ТМД елдері ғана емес, шет елдер де біздің тәжірибемізге қарап отыр. Қыркүйек айында біз ТМД және Орталық Азияда алғаш рет сабақтарды зерттеу бойынша халықаралық «Lesson study» конференциясын өткіземіз, бұл халықаралық қауымдастық, оған 40-тан астам елден делегация келеді. Брендті жоғалту ұят болар еді. Егер атын өзгерту туралы шешім қабылданып жатса, онда ең құрығанда аббревиатураны сақтап қалған жөн.

«Болашақ» және шетелдік ЖОО-ларға түсу мүмкіндігі

- Сіз өзіңіз «Болашақ» халықаралық орталығында жұмыс істедіңіз. НЗМ-де «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келген оқытушылар көп пе?

- НЗМ-де әртүрлі бағдарламалардан өткен 100-ден астам адам бар, олар тек магистратура мен PHD ғана емес, сонымен қатар тағылымдамадан өтуде. Қазіргі уақытта әріптестеріміз «Болашақ» бағдарламасы бойынша тәжірибеден өтіп жатыр. Бұл шамамен 10-20 адам, біз бұл ресурсты белсенді түрде пайдаланудамыз.

- Сіздің ойыңызша, «Болашақ» бағдарламасының бакалавр дәрежесі неліктен алынып тасталды және оны қайтару мүмкін бе? Неге тек магистратура?

– Астанада Назарбаев Университеті құрылды, ол бакалавр дәрежесін береді, «Болашақ» бағдарламасын жабу туралы шешім Назарбаев Университеті ашылғаннан кейін қабылданды. Бұл халықаралық деңгейдегі университет екенін ескерсек, анық айтуға болады, олар жақында 500 немесе 600-ге, ал магистратура үздік  200-ге енді. Назарбаев Университеті бакалавриатта білім алу үшін арнайы жағдай жасап, мамандарды дайындайды. Бұл қалыпты нәрсе. Жастарымыз үшін «Болашақтан» бөлек басқа да гранттар бар, мысалы, Еуропа елдерінің, Гонконг пен Қытайдың гранттары. Орталықта жұмыс істей жүріп, бакалавриатта оқитындардың шәкіртақыдан қағылған сәттерін көрдім, көп жағдайда бұл дайындықтың аздығынан болып жатады, адамның шетелге шығуға, өз бетімен оқуға психикалық дайындығы жоқ.

- НЗМ түлектері көбіне шетелге кете ме?

- Жоқ, біздің түлектеріміздің 20 пайызы шетелдік жоғары оқу орындарына түседі, 80 пайызы өзіміздің қазақстандық жоғары оқу орындарында қалады, оның 25 пайызы Назарбаев университетіне, қалғаны еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түседі. Түлектерді басқа елдерге дайындаймыз деген миф бар, бірақ бұл олай емес. Олардың көпшілігі әлі де елге оралып, осында еңбек етуде. Түлектеріміздің 3%-дан азы, яғни 440 түлек Қазақстанда немесе шетелде оқуын бітіріп, шетелдік компанияларда жұмыс істейді. Біз барлық түлектерімізбен тығыз байланыста болуға тырысамыз, шетелде жұмыс істейтін түлектердің өз бірлестігі бар. Жақында ғана әңгімелескен едік, бір түлегіміз Ұлыбританияда автомобиль өнеркәсібінде, атақты брендтің зауытында жұмыс істейді, ол жұмыс істейтінін және жинаған тәжірибесін кейін Қазақстанда қолданатынын айтты. Барлығының елге оралу жоспары бар.

- Сіз білім басқармасын басқардыңыз, бұл салада тәжірибеңіз жеткілікті, сарапшы ретінде сіз Назарбаев Университетінің, НЗМ-нің жетістігі неде деп ойлайсыз? Қаражат көп болды ма, әлде басқа нәрсе болды ма?

– Бұл, әрине, қаржыландыру мәселесіне байланысты емес. Қаржы – маңызды тұстардың бірі, онсыз жетекші халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу мүмкін болмас еді. Жақында 850 жыл болған Кембридж университетімен кездестік, 850 жыл жұмыс істеп келеміз дейді, НЗМ-мен 12-13 жыл жұмыс істеп келе жатырмыз, осы уақыт ішінде біз сияқты көп нәрсеге қол жеткізгеніңізді көріп отырмыз. Мұндай ұйымдармен ынтымақтасу өте маңызды, ол қаржыландырусыз мүмкін емес еді. Өте маңызды мәселе - автономия. Мен әкімдікте, білім беру бөлімінде жұмыс істедім, білім беру жүйесінің құрылымын түсінемін және қажетті автономия болмаған кезде әрбір шешімді үйлестіру керек. Біз өзіміздің қамқоршылық кеңеспен маңызды стратегиялық шешімдерді үйлестіреміз, көптеген мәселелер бойынша бізде келісім бар, бұл көп жағынан бірегей әдістемелік базаны құруға мүмкіндік берді, автономия болмаса, бұл болмас еді.

Оқушылардың тамақтануы

НЗМ-де бір балаға азық-түлікке қаражат бөлу нормасы қандай?

- 1600 теңге.

- Қарапайым мектептерде балалар 400 теңгеге тамақтанады...

– Қоғам осындай сұрақтарды көтерсе, адамдар популистік пиғылын тықпалайды. Мұнда 1600, орта мектептерде 800 дегенде балаларымыздың күні бойы мектепте болатынын ескеруіміз керек: олар таңғы асын ішеді, сосын түскі асты ішеді, түскі астан кейін қосымша сабақтар, спорт үйірмелері, түскі шай 4-ке жақын, басқа да іс-шаралар бар. сосын олар үйлеріне кетеді. Кәдімгі мектептердегідей болса, балалардың денсаулығына үлкен қауіп төнер еді.

Қазір НЗМ құрал-жабдықтары, жиһаздары және т.б жағынан бірегей мектеп емес. Бізден озған жекеменшік мектептер де бар, қазір мемлекеттік мектептер де қуып жетіп жатыр, сондықтан бұл ішінара біздің еңбегіміз деп ойлаймын, біз мұны қалай жасау керектігін көрсеттік, олар бізден үлгі алуға тырысады, бұл ақиқат.

Суицид

- Жаңа ғана сіз мұғалімдердің жүктемесі басқа мектептерге қарағанда көп екенін айттыңыз. Бұл мұғалімдерге қысым емес пе, өйткені олар күні бойы мектепте болады.

- Біз мұны онлайн және офлайн жасаймыз. Офлайн форматта олар іссапарларға жіберіледі, екі апталық курсты толығымен офлайн режимінде аяқтауға бөлінген бөлек уақыт бар, содан кейін онлайн форматта олардың бос уақыты бар, бұл өзіндік жұмыспен байланысты, сондықтан олардың жүктемесі бәрін есептеп барып берілген деп санаймын.

- Әлемді мойындату жолында студенттерге қысым бар деп ойламайсыз ба? Өткен жылы НЗМ оқушылары арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері орын алып, студенттерге де, ата-аналарға да, мұғалімдерге де ауыртпалық бар деген стереотип қалыптасты

- Өз-өзіне қол жұмсау мәселесі күрделі мәселе, былтыр бізде ешқандай факті болмаған сияқты. Жалпы суицид туралы айтатын болсақ, 100% дерлік жағдайда бұл мектеп емес, отбасы мәселесі. Егер баланың ең жақын туысы, әдетте ата-анасы болса, онымен бөлісе алатын, оған проблемаларын ештеңеден қорықпай айта алатын болса, онда өз-өзіне қол жұмсау туралы сұрақ мүлдем туындамайды, ешқандай себеп болмас еді. Ата-аналардың балаға тигізер оң ықпалы әлсіреген кезде бала құрбы-құрдастарының маңайына топтасады. Ал құрбылары оған түсіністікпен қарамайды, жасөспірімде психика қатал, сіз әлсіздік көрсете алмайсыз, кейбір жағдайларда бұл тіпті суицидке әкеледі.

НЗМ оқушылары ҰБТ тапсыра ма?

- Жоқ, олар тапсырмайды.

НЗМ түлектері не тапсырады?

– Олар Кембриджбен бірдей емтихан тапсырады. Меніңше, біздің емтиханға қарағанда ҰБТ тапсыру оңай.

2023 жылдың қорытындысы бойынша НЗМ қанша табыс тапты, дивиденд жүйесі бар ма?

– Біз коммерциялық емес ұйымбыз, бізде дивиденд деген ұғым жоқ. Егер бюджетіміз 4 есеге қысқарған болса, онда қандай табыс туралы айтуға болады? Сондықтан қазір күн тәртібі – процестерді қайта құру, қосымша қаржыландыру көздерін табу, бұрынғыдай бюджетке оралу. Бұл бір жылдық мәселе емес.

Сұхбатыңызға рахмет!

Серіктес жаңалықтары