×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Самат Әбіштің сотын халықтан бір ай бойы жасырған. Назарбаев Путиннен көмек сұрады ма

24.03.2024, 16:13
Коллаж Ulysmedia

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған генерал Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 8 жылға шартты жаза алды. Бұл үкім 26 ақпанда шыққан. Алайда құқық қорғау органдары ешқандай ақпарат бермей жасырып келген. Дәл қазір Самат Әбіштің ауыр қылмыстық іс бойынша айыпталып, шартты жаза алып құтылғаны халық арасында наразылық туғызып жатыр.

Осыған байланысты мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи мырзаны сұхбатқа шақырып, Ескі Қазақстан мен Жаңа Қазақстан арасындағы текетірес жөнінде сөйлестік. Сұхбатта С.Әбіштің шартты жаза алуы, Әлия Назарбаеваның жауапқа тартылмауы, активтердің елге қайтпауы жайлы айтылды. Сұқбатта айтылған жайттардың маңыздысын назарларыңызға ұсынамыз. 

- Ермұрат мырза, егер «Дат» басылымы 19 наурыз күні бұл ақпаратты жарияламағанда, біз қашанға дейін хабарсыз отыра берер ме едік. Сіз Самат Әбіштің сотына қатысты үкім шығып қойғанын және оған бір айға жуық уақыт өткенін айттыңыз. Бұл ақпаратты қайдан алдыңыз? Кім айтты?

- Біз осы ақпаратты өз инсайттарымыздан алдық. Осыдан кейін Сот органдары Самат Әбішке қатысты жабық сот отырысының жай-жапсарын жариялауға мәжбүр болды. Өйткені бір ай төңірегінде “тығып” ұстаған ақпараттары жария болып кетті. 

- Сонда үкім бір ай бұрын шыққан ба?

- Иә, ақпанның 26-сында, дүйсенбіде шыққан. 

- Неге мұны соншама құпияда ұстады?

- Енді оның кімнің туысы екенін бәріміз білеміз ғой. Егер біз бұл жасырын ақпаратты жария етпесек, сот органдары үкімді Қазақстан халқына қашан айтатынын білмеймін, мүмкін 2 ай, мүмкін бір жылдан кейін шығар. Жабық сот болғаннан кейін оны ешкім барып көрген жоқ, тіпті ол жерде Самат Әбіш болды ма, болмады ма, болғанына менің күдігім бар. Ең өкінішті жағдай: ескі Қазақстанның ықпалымен онсызда былқылдап-солқылдап тұрған сот институтын осындай жағдайлар арқылы балаққа түсіреміз. Масқара қыламыз. Мұндай жағдайлардан кейін халықтың сот билігіне деген сенімі сетіней түседі. Осы бізге қажет пе? Бір адамның мүддесі үшін бүкіл елдің сенімін аяққа таптап отырмыз сот жүйесіне деген.

- 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шыққан жастарға, мысалы, Тараздағы, Ақтөбедегі жастарға 10-15 жылдан жаза кесті. Ал Самат Әбішті 8 жылға, оның үстіне шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаруды қалай түсінуге болады?

- Бұл абсурд қой. Бүкіл елге күлкі болатын жағдай.

- Прокуратура аппеляцияға бере ала ма? Әлде уақыты өтіп кетті ме?

-  Бере алады. Бірақ жабық өткен сот отырысына сол Прокуратураның өкілі де қатысты ғой. Ол неге сол кезде айтпады айыптаушы тараптың позициясын. Сондықтан қоғамның ықпалымен әлдебір протест берілуі мүмкін.Бірақ менің оған күдігім бар.

- Протест беретіндей, саяси белсенділер де түрмеде отыр. Мысалы, Марат Жыланбаев бар, 7 жыл бас бостандығынан айырылды. Думан Мұхамедкәрім, соты жабық түрде болып жатыр. Біз әділетті Қазақстан дегенге имандай сеніп жүрміз. Бірақ Самат Әбішке қатысты сот үкімі бізді тәтті түсімізден жұлқып оятқандай болды. Мен әлі күнге дейін сенбей отырмын. Бұл халықтың бетіне түкірген сияқты әсер етті. 

- Шартты жазаны бұрын 2-4 жылға кесетін. Кезінде Абылай Мырзахметовті 6 жылға шартты жазаға кескенін білеміз, ал енді 8 жылға шартты жаза кесу…енді заң мүмкіндік беретін шығар. Бірақ мұндай тұлғаға Қаңтар оқиғасынан кейін, оның қатысушыларын қинап, соғып, азаптап жатқан жағдайда, Әбішті 8 жылға шартты соттау, бір жағынан, ашу-ызаңды тудырады, екінші жағынан, күлкілі жағдай. Біздің халықтың сот жүйесіне деген сенімі сетіней береді деген сөз. 

- Сіз мұны сот төрағасының шешімі деп ойлайсыз ба, әлде Ақордамен, Тоқаев пен Назарбаевпен келісілген шешім деп ойлайсыз ба? Тіпті Назарбаев Кремльге барып, Путиннен көмек сұрады, бұған Путиннің ықпалы болды деген ақпарат бар. Ол туралы не ойлайсыз?

- Мен бұл жерде Путиннің ықпалы бар деп ойламаймын. Назарбаев барып көмек сұраса, жеке басына, әулетінің қаражатына қатысты көмек сұраған шығар. Қазақстанда саяси жағдайлар өзгеріп жатса, бізге кепілдік беруіңізді сұраймын деп өтініш айтуы мүмкін. Бірақ Путиннің айтқанын тыңдап, Жоғары сот шешім шығарды деп мен айта алмаймын. Бұл Назарбаевтың, ескі Қазақстанның тікелей ықпалының әсері. Бұл сот билігі, атқарушы билік - барлығы әлі күнге ескі Қазақстанның ызғарынан қорқады деген сөз. Ертең Назарбаевтың өзі болмаса да, ескі Қазақстанның адамы билікке қайтып келеді, сол кезде күніміз не болады деген сияқты сескену болуы мүмкін. Осы іске Тоқаев тікелей араласты деп айта алмаймы. Назарбаев кезінде қойып кеткен Жоғары сотта да, сот кеңесінде де, сот әкімшілігінде де адамдары отыр. Солардың ықпалы. Бұл бір-бірімен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық қой. 

- Осының бәрін көріп отырған Тоқаев қандай әрекет жасайды?

- Тоқаев мырза үшін мен жауап бере алмаймын. Бірақ дәл осы сотқа байланысты жоғары билікте отырған біреуі комментарий беруі керек деп ойлаймын. Немесе Жоғары сот өкілі С.Әбіштің не үшін осындай жазаға кесілгенін түсіндіріп беруі керек. 

- Тіпті ресми ақпаратты да бермеді ғой олар. «Дат» басылымы жария еткеннен кейін 24.kz арқылы айтты. Қазір «Дикий Арманның» да, Қайрат Құдайбергеннің де соты жабық өтіп жатыр. Барлығы жабық түрде. Бұларың дұрыс па, бұрыс па деп, ешкім сұрамайды да. Әйтеуір біртүрлі үрдіс болып кетті. 

- Иә, қоғам белсенділеріне қатысты соттар жабық түрде өтіп, оларға қатаң жаза қолданып жатқанда, Самат Әбіштің жеңіл құтылуы қоғамда, біріншіден, түсінбеушілік тудырады, екіншіден, ашу-ыза тудырады. 

- Қаңтар оқиғасы кезінде ведомствоны басқарған Ішкі істер экс-министрі Е.Тұрғымбаев та жазаға тартылған жоқ. Ол істі болып жатыр деген ақпарат шықты, кейін олай емес деді. қалай ойлайсыз, мұның бәрі манипуляция емес пе?

- Е.Тұрғымбаевқа қатысты жеке пікірімді айтар болсам, Қаңтар оқиғасында Полиция бөлімшелерінің иесіз қалуы, қару-жарақтың қорғалмауы, мүмкін, бұған қатысты бұйрықты Тұрғымбаев өзі бермеген шығар, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы немесе сол жақтан берілген шығар, бірақ министр ретінде Тұрғымбаев неге жауап бермеді? Жауап бермек тұрмақ, қазір Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымында Қазақстан өкілдігінде жұмыс істеп отыр. 

- Сонда бұған Ақорда қалай жол беріп отыр?

- Тоқаевқа деген сенім менде әлі бар. Бірақ сол сенімді бүлдіріп алмауы керек. Егер одан айрылып қалса, онда сол 30 жыл киген таз кепешімізді қайта киеміз. Мен Президенттің Жаңа Қазақстан құрам деген сөзіне иланып, бір жағына шығысайын деп жүрген адаммын. Егер менің сол сенімім, арманым іске аспай қалса, мен қандай жағдайда боларымды білмеймін. 

- Соттағы, прокуратурадағы Назарбаевтың адамдарын алып тастау деген саяси шешім ғой бір сәтте қабылданатын, оған не кедргі деп ойлайсыз?

- Президенттің бір ғана Жарлығымен, өзің айтқандай, сала басшыларын не ескі Қазақстанның адамдарын қағып тастауға болады. Бірақ “бәріміз Гогольдің шекпенінен шыққанбыз” дегендей, Қазақстандағы қай шенеунікті алып қарасаңыз да, бәрі Назарбаевтың шекпенінен шыққандар. Қазір солардың бәрін топырлатып қағып тастаса, олардың орнына кімдер келеді деген тағы да сұрақтар туады. Олар аз емес. 

- Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бірден қозғалған жоқ. ҰҚК-нің 5-ші департаментінің басшысы Руслан Ысқақов сотта “С.Әбіштің бұйрығын орындадық” деп мәлімдеді. Одан кейін ол сотты кейінге шегерді. Мен Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс қозғалса, әділдіктің беті ашыла ма деп ойлаған едім. 

- Ойың дұрыс. Мен де сондай үмітпен қарап едім. Қайрат Сатыбалдыны соттаған кезде де сондай үмітте болдым. Бірақ оныкі айналып келгенде постановка сияқты болып шықты. Кейбір активтерін мемлекетке қайтарды, бірақ оның мұнай-газ саласындағы үлкен активтері сол күйі қайтпады. 

- Самат Әбішке 8 жыл шартты жаза берді, ал оның тапсырмасын орындадым деген Руслан Ысқақовқа қандай жаза береді деп ойлайсыз? 

- Бұл жерде сот Әбішті Қаңтарға қатысты қылмысына қатысты үкім шығарды ма, әлде ұсақ-түйек қылмысы бойынша соттап отыр ма? Құзыретін асыра пайдаланды дегенде қай кезеңді айтып отыр, ол жағы белгісіз. Егер Қаңтарға қатысты үкім Әбішке қалай шығарылса, Р.Ысқақовқа да сондай жаза болуы керек қой логика бойынша. 

- Сонда мұның бәрі үлкен қойылым сияқты ма…

- Біз, Қазақстан, соңғы 30 демей-ақ қояйын, кейінгі 20 жылда қойылымда жүрген елміз. Біресе діндер съезін өткіземіз, біресе ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастырамыз, ауыл мен ауыл, қала мен қала арасында жол жоқ, біз жасыл энергетика деп ЭКСПО өткіземіз. Бірақ соңғы 2 жылда осындай қойылымдар азайып келе жатыр. Жақсы күндер бола ма деген дәмемен күн кешеміз ғой. 

- Тоқаевтың билікке келгенін 5 жыл толды. Бірақ әлі де Назарбаевтың ықпалында ма деген қауіп бар. Депутат ретінде сіз қалай ойлайсыз?

- Саяси билік тұрғысында тізгін Тоқаевта деп ойлаймын. Бірақ адами қарым-қатынаста Тоқаев Назарбаевты жағадан алуға қолы бармайтын сияқты. Қанша дегенмен осы уақытқа дейін бірге жұмыс істеді, тығыз байланыста болды. Бірақ бір адамға ілтипат жасаймын деп тұтас мемлекеттің мүддесін аяқасты етуге болмайды. Меніңше, Президент терең ойда жүрген секілді. 

- Самат Әбіш Қазақстанда деп ойлайсыз ба?

- Оны білмеймін, сотқа қатысты ма, оны да айта алмаймын. Бірақ осы жайттар, Назарбаевтың ықпалы, т.б.біздің, халықтың тарапынан айтылып жатқан сөздердің барлығы Президент Тоқаевтың имиджіне нұқсан келтіреді. Меніңше, Президенттің төңірегінде жүргендер, Әкімшілігінде қызмет етіп жүргендер бар, Құрылтайда гербпен подставить еткендері бар, осы сияқты әрекет еткендерден Президентті қалайда қорғау керек қой. Мұның бәрі әдейі қастықпен істеліп отырғандай әсер береді. Саботаж секілді.

- Әбіштің сотынан кейін бұдан бұрын көп талқыланған РОП ісіндегі фигурант Әлия Назарбаеваның қылмыстық жауапкершілікке тартылатынына күмән бар…

- Әлия үшін де, Дариға үшін де құрбандыққа шалынған Қайрат Сатыбалды бар деп есептейтін шығар. Егер біз Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан құрамыз десек, заң бәріне бірдей болуы керек. … Әлия Назарбаеваның рейдерлік әрекеттері туралы көбірек айтылып жатыр ғой. Мен алғаш болып депутаттық сауал жолдадым. Бас прокурордың алдына Ә.Назарбаева тартып алған бизнес нысандары жайлы құжаттарды қойдым. Берік Асылов (ҚР Бас прокуроры. - ред.) құжаттарды тексеріп жатырмыз деп айтты. Мен соған да үміт етемін. 2004 жылдары бір азаматтың құны 160 млн.доллар тұратын бизнесін тартып алу деген қиянат қана емес, қылмыс қой. Сондықтан біз тек мемлекеттің ғана емес, жеке кәсіпкерлердің де активтерін қайтару мәселесін қолға алуымыз керек. Алматыдағы “Хилтон” қонақүйін Қ.Сатыбалдының тартып алғаны жөнінде, “Сұлтанқорған” базарын Ә.Назарбаеваның тартып алып, “Кенжехан” деп өзгертуі  - әділеттілік орнауы үшін осының бәрі иесіне қайтуы керек. 

- Сұқбат бергеніңізге көп рахмет!

Редакциядан: 

Қаңтар оқиғасына қатысты сот процестері әлі де жүріп жатыр. Қайрат Құдайберген, Арман Жұмагелдиевтерге қатысты қылмыстық істердің соңы не болатыны әлі белгісіз. Әйтсе де Жаңа Қазақстанда, Тоқаев айтқан Әділетті Қазақстанда әркім өзінің жасаған ісіне заң алдында дербес жауап беруі керек. Бұл ұрандар сайлауалды бағдарлама күйінде қалмауы тиіс. Әділетті шешімнің шықпауы халықты басынғандық деп бағаланатынын ұмытпауымыз керек. Біз бұл тақырыпты одан әрі де назарымызда ұстаймыз. Бізбен бірге болыңыздар.

Серіктес жаңалықтары