×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Қазақ тілінің саудаға түскеніне ішім күйді»: депутат Масс-медиа туралы заң жобасын неге қолдамағанын айтты

18.04.2024, 16:44
Коллаж: ulysmedia.kz.

Депутат Самат Мұсабаев Мәжілістен Сенатқа жолданған Масс-медиа туралы заң жобасын неге қолдамағанын айтып берді. Ол – 85 депутаттың ішінде құжатты қолдап дауыс бермеген екі депутаттың бірі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ана тілімізді аукционға салдық

– Самат Базарбайұлы, күні кеше Масс-медиа туралы заң жобасы Сенатқа жолданды. Жалпы дауыс берген 85 депутаттың ішінде екеуіңіз – Еділ Жаңбыршин және сіз қарсы болдыңыз. Себебі неде?

– Себебі біз осы заң жобасы бойынша екі-үш түзету енгізгенбіз. Белгісіз себептермен біз берген түзетулер өтпей қалды. 

– Нақты қандай түзетулер?

– Біріншіден, бірінші оқылым кезінде Парламент қабырғасында министр Аида Балаева баяндама жасады. Қателеспесем, Қазыбек Иса, Жұлдыз Сүлейменова болуы керек, екі-үш депутат қазақ тілінің қолданысы жөнінде мәселе көтергенбіз. Бұрын қазақ және орыс тіліндегі теле-радио бағдарламаларды тарату және отандық контент көлемі 50/50 болса, қазір министріктің позициясы – 60/40. Яғни, 60 пайыз қазақша, 40 пайызы орыс немесе басқа тілде болсын дегені. 

– Сіздердің талаптарыңыз қандай болды?

– Депутаттар 70/30 болсын, яғни қазақ тіліне 70 пайыздық басымдық берілсін деді. Бірінші отырыста осындай дау туындаған. Қазақ тілінің осындай дәрежеде саудаға түскеніне ішім күйді. Өз елімізде, жерімізде. 

– Сол «саудада» жеңіліп қалдыңыздар ма?

– Сол «саудада» жеңген-жеңілген емес.

– Қазақ тілінің үлесін 2027 жылдан бастап қана 60 пайызға ұлғайтылатыны жазылып тұр ғой...

– Жаңбыршин екеуміз 80/20 деген түзету бердік. 80 пайыз қазақ тіліне басымдық беру керек дедік. Таңертеңгі сағат 09.00-дан кешкі сағат 22.00-ге дейін тек қазақ тілінде болсын дедік. Осы түзетуіміз өтпей қалды. Сол себепті қарсы болдық.

– Тілге қатысты норма министрліктің позициясы бойынша Сенатқа өтіп кетті. Сізбен бірге осы бастаманы көтерген депутаттар шарттары орындалмаса да, ақыры неге заң жобасын қолдап дауыс берді?

– Оны әр депутаттың өзінен сұрамасаңыздар, сол кездегі, бірінші оқылымда айтылғандарды көтеру керек. Бірінші оқылымда министр баяндама жасады. Аида Балаева бір емес, екі емес, үш емес – 60/40 деп тұрып алды. Екі-үш депутат сөз сөйлеп, 70/30 болсын деп сөз сөйледі. Сауда болды! Ұят енді. Ана тілімізді аукционға салдық. 

Жаңбыршин екеумізді «жеп» жатыр

– Тағы қандай нормаларыңыз енбей қалды?

– Ұлттық қауіпсіздікке, оның ішінде дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттауға байланысты түзету енгізгенбіз. Осы норма да өтпей қалды. ЛГБТ жөнінде айтар болсақ, отбасы әйел және ер адамнан тұрады ғой. Осымен әлі шамамыз келгенше күресеміз. 
Қараңыздар – қоғам үндемейді. Соған таңғалам. Біздің әлеуметтік желіде Жаңбыршинді, мені «жеп жатыр». Заң жобасына осындай түзету енгізді деп! Бұл бір. 
Тіл жөнінде де ешкім үндемейді. Мәселен, қаңғыбас иттерді өлтіру жөнінде бір түзету қаралды делік. «Атуға, өлтіруге болмайды» деген норманы заңға кіргіздік. Зооқорғаушылар ит дегенде өре түрегеледі. Ал кеше Батыста қарғын судан киік қырылып жатыр – біреуі үндемейді. Бұл жағдайда да сол. Сол сияқты біз өзіміздің дәстүріміз, дініміз бар мемлекет емеспіз бе? Депутат емес, азамат ретінде қарағанда да, ешкім үндемейді. Араласпайды. 

– ЛГБТ-ны насихаттаушыларды жазалау ұсынысын адам құқығын шектеу деп қарастырып, сын сіздерге сол үшін айтылып жатыр. Ол туралы не дейсіз?

– Ол еш шектеу болады деп ойламаймын. Біржынысты неке біздің дәстүрге келмейді. Біз соған түзету енгізіп тұрмыз. Оны насихаттағандар қарсы түзету енгізіп тұрмыз. Жасырынып не істеп жатқандарына араласып жатқан жоқпыз. Біздің түзетуіміз соны ары қарай дамытпауды көздейді. Айғайлап бес, он немесе жүз адам жиналып, насихаттау жүргізбесін дейміз. 

Осы түзету енбегеннен кейін Жаңбыршин екеуміз заң жобасына қарсы болдық.

85 депутаттың екеуі ғана қарсы

Еске сала кетейік, бүгін Мәжіліс депутаттары журналистер ортасында қызу талқыланған Масс-медиа туралы заң жобасын Сенатқа жолдаған болатын. Заң жобасын Сенатқа жіберуге екі депутат – Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев қарсы болған. Еділ Жаңбыршин де кеше әріптесі Самат Мұсабаевқа ұқсас пікір білдірген болатын.

Шу болған Масс-медиа туралы заң жобасы

2023 жылдың соңында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер ортасында қызу талқыға түскен «Масс-медиа туралы» туралы заң жобасын мәжілісте қорғап, депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Десе де, сала сарапшыларының, медиа мамандардың құжатқа көңілі толмайды. Мәселен, Internews халықаралық ұйымының заңгері Ольга Диденко медиа-бірлестіктің көп ұсынысының құжатқа енбей қалғанын айтады.

Диденконың айтуынша, ең бірінші талап – баспасөз картасына байланысты нормалардың бәрін алып тастау болған. Сонымен қатар, журналистерді аккредиттеу тәртібін жеңілдету ұсынылған. Ольга Диденконың сөзінше, аккредитация дәл қазір институт ретінде жұмыс істемейді. Ал жұмыс істеген жерінде әрдайым проблема туындайды. Аккредитациясы бар журналистердің өзі ақпараттың бәріне қол жеткізіп отырған жоқ. Жарияланған материалдың ескіру мерзімін қысқартуға назар аударады.

Депутат Анас Баққожаев пен Никита Шаталовтың да Қазақстанда аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салу жөнінде ұсынысы қызу талқыланған.

Серіктес жаңалықтары