Шымкент экс-әкімінің ағасы және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ экс-директоры Марат Әйтенов бір топ еркектің көмегімен бұрынғы әйелі мен үш баласын тұрып жатқан зәулім үйлерінен күштеп шығарып жатқан сәті түсірілген әуесқой видео өткен аптада Қазнетті дүрліктірді. Іске бірден құқық қорғау органдары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және заңгерлер араласты. Марат Әйтенов ұсталды, оған экс-әйелі мен балаларына қатысты қорғаныс нұсқамасы берілді.
Соңғы уақытта мүйізі қарағайдай ел дөкейлерінің отбасылық қарым-қатынастары неліктен қылмыстық жанжалдарға ұласып, тілшілердің, қоғамның талқысына түсуі жиіледі? Қазақстандықтардың көкейіндегі бұл сауалға Ulysmedia.kz тілшісіне Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешова жауап берді.
КҮЛІ КӨККЕ ҰШҚАН МАХАББАТ
– Күйеуім екеуміз тоғыз жыл отастық, - дейді Дана Әтешова
– 2012 жылы таныстық, ол менің ағама жиі қонаққа келетін. Ол уақытта екі бөлмелі пәтерімді сатқаннан кейін мен ағаммен оң жағалауда тұрдым, Астананың сол жағалауынан өзіме баспана сатып алмақ болдым. Ағамның ұлының сүндет тойында Әйтенов мені байқап қалып, менімен таныспақ болды. Ол кезде Марат екі жыл бұрын ажырасқан, мен де оған дейін некеде болдым. Біз кездесіп, бір-бірімізді ұнатып, кездесе бастадық. Ол маған ең әуелі жақсы әке ретінде көрінді – әр демалыс сайын алғашқы некедегі балаларымен бірге уақыт өткізетін.
– Отбасын құру тұралы шешімді қашан қабылдадыңыздар?
– Бір-екі аптадан кейін ол маған ұсыныс жасады. Мен бас тарттым. Біріншіден, мен оны сүймейтінімді, жақсы танымайтынымды айттым, екіншіден, менің Америкада әлі бұзылмаған некем барын, виза алу, АҚШ-қа бару, ажырасу және қайта оралу үшін кем дегенде алты ай қажет екенін алға тарттым.
Біраз уақыт өткен соң ол қайтадан отбасын құрайық дей бастады. Бірінші күйеуім екеуміз консулдықта тіркелген-тіркелмегенімізді сұрады. Біз жай ғана қалалық әкімшілікте некелескенімізді біліп, менің некем Қазақстанда заңды емесін айтты. Үш айдан кейін ақыры үйлендік. Біз қазан айында танысып, ақпан айында некелестік.
– Үйленгеннен кейін қарым-қатынас өзгереді деп жатады. Сіздердің жағдайда қалай болды?
– Иә, ол бірден зорлық-зомбылық көрсете бастады. Мен одан кетіп қалдым, бірақ кешірім сұрап, отбасымызды бұзбауға көндірді. Бала көтерген соң зорлық-зомбылыққа қарамастан кеткім келмеді. Содан кейін қызым дүниеге келіп, біз Америкаға кеттік. Ол жақта маған қол көтермейтін. Отбасылық қиындықтар біз Қазақстанға оралғанда басталды. Ол бір жыл бойы жұмыс таба алмады, жүйкесі сыр беріп, маған қолын көтере бастады. Кейін ұлыма жүкті болған кезде Марат «қыдыруды» шығарды. Бірақ мен бұл туралы 2017 жылы оның екінші телефонын тапқаннан кейін ғана білдім. Шынымды айтсам, бұл менің төбемнен жай түсіргендей болды, өйткені мен күйеуімнен талап еткен жалғыз нәрсе – адалдық.
– Сіз оның опасыздық жасап жүргенін сезбедіңіз бе?
– Мен сезетіндей жағдайда болған жоқпын, және әркім өзіне қарап таразылайды емес пе. Мен отбасымның тіршілігінен басқа ештеңе ойлаған жоқпын, күйеуімнің де бар ойы сол шығар дедім. Біз келешегімізге жоспар қүрдық. Тұрмысқа шыққан кезде көлігім, пәтерім, бизнесім – Хан Шатырда және Алматыда «Эконика» аяқ киім дүкенім болатын. Көлікті де, бизнесті де сатып, ақшаны отбасыма, тұрып жатқан пәтерімізге салдым. Біз жер үй сатып алуды жоспарладық. Әуелі жер сатып алып, үйдің жобасын сыздық, бірақ соңында бізге ұнамай, дайын үй сатып алуды жөн көрдік.
2017 жылы оның анасы – енем қайтыс болды. Өз-өзіне қол салды. Анасы қайтыс болғаннан кейін Марат әкесі бізбен бірге тұратынын мәлімдеді. Бірақ ол үйді әкесінің атына жазғанын айтқан жоқ.
ӘЙТЕНОВТЕРДІҢ ҚҰПИЯ ЖОСПАРЫ
– Сіз үйдің кімнің атында екенін білмедіңіз бе?
– Білген жоқпын. Емшектегі балаларды көтеріп жүріп, үйдің шаруасымен айналысып жүрдім – жөндеу жұмыстары, ландшафтық дизайн менің мойнымда болды. Одан кейін үшінші баламыз дүниеге келді – тағы да күйбең тіршілік, кейіннен қарындасы тұрмысқа шықты. Бос уақытым болмады. Ал ол сол кезде менімен ажырасуды жоспарлап жүріпті.
– Ол сізге бұл жоспары туралы айтты ма?
– 2020 жылдың сәуірінде Марат маған электронды хат жіберіп, ажырасуды және мүлікті бөлуді ұсынды. Үйді, пәтерімді алуды ұсынды. Бірақ мен әлгі хатты көрмей қалдым, ал ол ештеңе жазбағандай кейіп танытты. Бізбен бәз баяғыдай өмір сүруді жалғастырды, бірақ барлық мүлкімізді сатып, үлкен үй сатып алу жайлы айта берді.
Бірде мынандай оқиға болды: кезекті қол көтеруден кейін біз ұрсыстық, ол мені фотоаппарат штативімен ұрды, тепкіледі және көлік тұрағында шашымнан сүйреп: «Жүр, ажырасайық!» деді. Мен де ойланбастан «Жүр!» дедім. Ол мені көлікке отырғызып, нотариусқа апарды. Онда сенімхат дайын тұр екен, бірден қол қойып бердім.
Бірақ сол күні кешке біз татуласып, қайтадан бейбіт өмір сүре бастадық. Ол барлық мүлікті сатты және бәрі сатылған кезде ғана, 4 қарашада менің атымнан ажырасуға өтініш берді. Өтініште менің қолтаңбам бар, өйткені біздің үйде менің қолтаңбам қойылған бос қағаздар болатын. Осындай қағаздардың біріне ол ажырасу туралы өтінішті басып шығарған. Біздің қағаз жүзінде ажырасқанымыз туралы ештеңе білмедім.
– Ол неге мұндай манипуляциялар жасады?
– Мен ажырасуға наразылық білдірмес үшін шығар. 2021 жылдың 5 қаңтарында ажырасу туралы шешім заңды күшіне енді. Ол менен бойын аулақтай бастады. Әдейі менің жүйкеме тиюді шығарды, үнемі мені бейнекамераға түсіріп жүрді. Мәселен, мен ас үйде телефон ұстап, Instagram парақтап отырмын делік. Ол камерасын қосып: «Үй иесін қараңдар! Ас үй шашылып жатыр, ал ол интернетте отыр» деп түсіріп алатын. Ол бұл жазбаларды кейін немерелерімізге көрсетемін дейтін. Маған қарсы айғақ жинап жүргенін кейін белгілі болды.
– Ажырасқандарыңызды қалай білдіңіз?
– Шілде айының соңында ол мені балалармен Түркияға жібермекші болды, мен мерзімі өткен төлқұжатты шұғыл түрде ауыстыра бастадым және ХҚКО-да ажырасқанымызды білдім. Мараттан сұрай бастағанымда, ол мені сабырға шақырып, жұмыс үшін солай істеуге тура келгенін айтты. Бірақ мен оған сенген жоқпын, ол мен үшін жексұрын адамға айналды. Дегенін істеп, бізді Түркияға жіберді, үйден қуылғанымызды сол жақта бір-ақ білдім. Ағам «Крыша. Kz»-те біздің үй сатылымға шығарылғаны жөніндегі хабарландырудың сілтемесін жіберді.
ЕНЕСІ НЕГЕ ТӨЗЕ АЛМАДЫ
– Күйеуіңіздің әкесі сізбен бірге тұрды, ұлының сізге қол көтергенін көрді. Араша түсіп, сізді қорғайтын ба еді?
– Ол бәрін көрді, бірақ араша түспейтін, кабинетінде тығылып отыратын. Олардың саясаты сондай. Мараттың анасын әкесі ұрып-соғып, ол бізге қашып келгенде, шешесіне біздің үйде қалуға рұқсат бермейтін. «Бар, ол – өз күйеуің, оны таңдаған өзің – енді бірге тұр!». Олардың ұстанымы осындай – өзгенің отбасына мұрын сұқпа.
– Ал Шымкент қаласының әкімі болған бауыры ше? Ол күйеуіңізге ықпал ете алмады ма?
– Отбасыларындағы ең ықпалды адам Марат болды. Ол бүкіл отбасын Шымкенттен көшіріп, «Астана-Қаржы» арқылы пәтер алып берді. Ол бүкіл отбасын жұмыспен қамтыды, бүкіл туыстары «Астана-Қаржыда» жұмыс істеді. Сондықтан, менің ойымша, Мұрат әрқашан ағасын құрметтеп, әулеттеріндегі барлық ер адамдар сияқты, әйелге зорлық-зомбылық көрсетуді бұрыс нәрсе деп санамады. Бұл олар үшін қалыпты іс болды.
– Әйтеновтар отбасында қол көтеру қалыпты жағдай екенін қашан және қалай білдіңіз?
– Бір жылдан кейін қызым дүниеге келгенде. Оның анасы бізге келуді жиілетті. Мен қуанатынмын, енеммен жақсы тіл табыстық. Күйеуіме бұл ұнамайтын және біраз уақыттан кейін енем күйеуінің ұрып-соғуынан қашып, бізді паналап жүргенін түсіне бастадым. Кейін біз көшіп кеткен соң ескі пәтерімізге үлкен ағасы отбасымен қоныстанған соң, көршім маған олардың пәтерінен үнемі қорқынышты айқайлар естілетінін айтты. Күйеуінен таяқ жеп, айқайлаған жалғыз мен емес екенмін.
САСЫҚ КӨКІРЕК
– Үйден қуып жатқан видео жарияланғаннан кейін желіде тағы бір шулы кадрлар пайда болды – онда сіз бұрынғы жұбайыңызды ұрып-соғып жатырсыз.
– Иә, күйеуім бұл видеоны бұрын сотқа ұсынған және мен мұндай оқиғаның болғанын ешқашан жоққа шығарған емеспін. Оның қалай болғанын түсіндіргім келеді. Бірде мен оның кезекті опасыздығы мен өтірігін біліп қойдым. Жанжалдастық, ол мені баспалдақтан лақтырып жіберді. Бұл орташа ауырлықтағы соққылар болды. Оны растайтын медициналық құжаттарым бар. Бұл жаңа жылдан кейін болды. Ол тіпті емделуіме ақша берген жоқ.
Емдей алатын дәрігер табу қиынға соқты. Ем қабылдауға баратын күндердің бірінде ол жанжал шығарды. Ол маған дәрігерге баруға тыйым салды, әдейі арандатып, камераға түсіре бастады. Мен ашуға булығып, оның ата-бабасына дейін боқтап олардың бәрі есі дұрыс адамдар емес екенін, істегендері түбінде өздеріне сор болатынын айттым. Ол камераға түсіріп, қаңғыбас әйел таң атпай балаларын тастап, басы ауған жаққа кетіп бара жатыр деген сарында бірдеңелер айтып жатты. Мен үй киіміммен, бет-аузым ісінген, боянбаған күйі дәрігерге бара жатқам. Ызам келіп, оған қолыма түскен затты лақтырдым.
– Демек, қол көтеру қос тараптан да болды ғой?
– Жоқ, мен тек сол жолы ғана өз-өзімді ұстай алмадым. Ал одан жиі таяқ жейтінмін. Ол тіпті мені құрбымның көзінше де ұрды, ол сотта куәлік етті. Және тағы бір жолы қызымның тған күнінде құрбыларым қонаққа келіп, олардың бірі оған ұнамайтын бірдеңе айтса керек, олар кеткен соң мені сабап тастады. Кіші қызыма небәрі 40 күн толған еді. Осылайша үнемі таяқ жеп жүрдім. Ол ашуға мінгенде көзін шел басып, айналадағының бірін де көрмейтін. Ішпейтін адам болса да.
– Күйеуіңіздің зорлық-зомбылық көрсететінін көпшілікке жариялауға қашан және қалай бел будыңыз?
– Салтанат Нүкенованың оқиғасынан кейін. Күйеуім мен оның туыстары бықсыған видеоларды шығара бастағанда уақыт келгенін түсіндім. Желтоқсанда олар мен боқтаған видеоны жариялады, ал қаңтарда мен таяқ жеп келгенімді көпшілік алдында айттым.
– Сіздің жақындарыңыз күйеіңіздің сізді ұрып-соғатынын білді ме?
– Ата-анам білмеді, бірақ олар енемді жерлеуіне келіп, не үшін өз-өзіне қол салғанын білгенде: «Қызым, егер одан кетемін десең, жазғырмаймыз», - деді. Ал құрбыларым білді және менің оны тағы кешіре ме деп алаңдады. Өйткені таяқ жесем де, мен оны үнемі ақтап отырдым: оның отбасы сондай, әкесі анасын ұрғандықтан балалық шақтан қалған «жарақаттары» бар дейтінмін. Достарының айтуынша, әкесі анасын қатты ұрған. Тіпті керамикалық шәйнекті басына ұрып сындырған көрінеді. Сондықтан мен күйеуімді аяйтынмын: «Мұндайды кішкентайынан көрген бала басқаша қалай өссін?». Махаббат бәріне емші деп сендім. Оған тұрмысқа шыққандықтан, күйеуім үшін жауаптымын деп ойладым. Бірақ қазір оның балаларымызды ренжіткенін көріп тұрып, мен бұдан былай сызылып отыра алмаймын.
БАЛАЛАР ҮШІН ЖАУАП БЕРЕДІ...
– Үйден қуып шығарған кадрларда сіздің кіші қызыңыздың мұрнынан қан кетіп жатқаны көрінеді. Бұл қалай болды?
– Қызым менің артымда, жоғары баспалдақта отырды. Ол мені шап бергенде қолы қызымның мұрнына тиген сияқты. Мен қарсылық көрсеткенде, ол оны итеріп жіберген, баспалдаққа соғылып, арқасын көгертті.
Тағы бір сұмдық жағдай: үйден қуу кезінде үлкен қызым қатты үрейленіп, «жедел жәрдем» шақыруға мәжбүр болдық. Мен Маратқа барып, қызына баруын, қандай жағдайда екенін көруді өтіндім. Мен оның үйден күштеп шығаруды ұйымдастырғанын білдім, бірақ соңғы сәтке дейін оны балалардың әкесі ретінде сыйладым. Ол Айсанаға барып: «Қызым, өтірік істемей-ақ қой!» деді. Бұл сөз оның жанын ауыртып, жылап жіберді. Ол үшін менің және балаларымның көшеге қуылғанына көз жеткізу өте маңызды болды, ол тіпті қызын ауруханаға жедел жәрдеммен алып барудан бас тартты. Бала тұншығып, аяқ-қолы мұз боп қалды, ал оған бар керегі – дүние-мүлік.
– Қазір балаларыңыздың жағдайы қалай?
– Балалар менің жанымнан бір елі қалмайды, көп ұйықтап жүр. Қазір ағамның үйінде тұрамыз, үшеуі өз төсектері болса да менің қасымда ұйықтайды. Егер бұрын қыздары әкесінің сөзін сөйлесе, енді олар үшін жай ғана «Марат ағаға» айналды. Әрине, бұл дұрыс емес, бірақ шынымды айтсам, мен оны ата-ана құқығынан айыруға дайынмын. Одан көңілім қалды.
– Қазіргі мақсатыңыз қандай, көздегеніңіз не?
– Қазір менің мақсатым – үйді балаларға қайтару ғана емес, олар өздерін әділетсіздіктің құрбаны сезінбеуі үшін жақсы атымызды қалпына келтіру. Мен балаларымның өз үйлеріне басын тік көтере кіріп, достарымен ұялмай сөйлескенін, әкелері үшін қысылмай, аналарымен мақтанғанын қалаймын.
Балалар шынымен де қорлық көрді. Мен үйді қымбат болғандықтан емес, балаларым үшін шаңырақ болғандықтан бергім келмейді. Оның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын қалаймын. Мен одан таяқ жегенімді дәлелдегім келгенде, ол әкімнің ағасы ретінде соттарда толық қорғалды. Бірақ қазіргі резонанс барлық істерді қайта қарауға көмектеседі деп ойлаймын.
Білесіз бе, бүгін оның туыстары таңертең сот алдында маған қоңырау соқты, мен тіпті телефонды да алмадым. Бүгін үйден күштеп қуылып жатқанда бір кездері Марат мені ұрып-соғып, мен жан ұшырай айғайлап жатсам да көрші бөлмеде оның досы дым білмегендей отырған сәтте сезінген күйзеліс, қорлау, реніш сезімін тағы бір рет бастан өткердім. Ал келесі күні көгеріп, ісінген бетімді көргенде күлімсіреп: «Мәселелеріңді шештіңдер ме?» деп сұраған. Бұл жабылмаған гештальт.
P.S.
Бұл іс жақын арада аяқтала қоймайтын сияқты. Ulysmedia.kz оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін бақылауда ұстамақ. Материал жариялауға дайындалып жатқанда желіде шындықты бұрмалап, Әйтеновті құрбан етіп көрсеткен видеолар пайда болды. Бұл аз десеңіз, редакцияға хабарласып, Дананың қандай нашар әйел болғаны жайлы материал жариялауымыз үшін сыйақы ұсынғандар да болды. Әрине, біз бас тарттық.
Сондай-ақ, құзыретті органдар «Астана-Қаржының» тарихын да көтереді деп үміттенеміз, ол кейінірек «Астана Банкіне» айналып, 2019 жылы жабылған болатын. Осы қаржы құрылымында жұмыс істеген Марат Әйтенов өзінің туыстарын жаппай пәтермен қалай қамтамасыз еткені көпшілікке қызық болары анық.