×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Тоқмәди ісі немесе Алматыға бұрынғы ФБР директоры Луи Фри не үшін келді

29.08.2024, 10:00
Тоқмәди ісі немесе Алматыға бұрынғы ФБР директоры Луи Фри не үшін келді
Коллаж Ulysmedia

Ержан Тәтішевті өлтірді деген айыппен сотталған Маратхан Тоқмәдидің жазасын шартты түрде өтеуге өтініш беруі құқық алаңының марқасқаларын алаңдатпай қоймады. Американдық криминалистер тобына жетекшілік еткен, АҚШ ФБР-дің бұрынғы директоры  осы іске бас-көз болу үшін Алматыға тағы да ат басын бұрды. Луи Фридің айтуынша, банк басшысының 2004 жылы "тапсырыспен өлтірілгені" 2017 жылы-ақ дәлелденіп қойған. Ол «егер мұндай жағдай АҚШ-та болғанда, Мұратхан Тоқмәди өмірінің соңына дейін түрмеде отырар еді»  дегенді айтады. Ulysmedia.kz Бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұқбатында Фри мырза банкирге жасалған қастандық әрекеті кездейсоқ болмағанын және бұл кісі өлтірудің артында үлкен адамдар тұрғанын айтты.

– Неге банкирдің өліміне қатысты іс бірнеше жылдан кейін қайта көтерілді және сот Тоқмәдиді қылмыскер деп таныса да, оны бостандыққа шығаруға кімдер жанталасып жатыр?

– Қазақстанның сот жүйесі мен Тоқмәди үкіміне баға беру мен үшін қиын. Бірақ ФБР агенті, прокурор және судья болған тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін, яғни банктің басшысын төрт миллион доллар үшін өлтірген адамды он жарым жылға соттаса, онда мұндай үкімге америкалықтар шыдап тұрмас еді. Қоғамды дүр сілкіндірер еді.  Тоқмәди ісін жеке адамның ісі ретінде қарастыруға болмайды, өйткені ол өте ірі және ықпалды ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі, оның көшбасшысы – Әблязов. Бұл бір адамға қатысты іс емес, бір үлкен қылмыспен байланысты бірнеше адамға қатысты іс. Оған кісі өлтіру үшін төрт миллион доллар төленді — екі миллион доллар өлтіруден бұрын және екі миллион доллар тапсырысты орындағаннан кейін. Әблязов оған банкті бақылауға алған кезде банктен үлкен сомада ақша жымқырамыз деп уәде берді. Менің ойымша, Тоқмәди қамауға алынған жағдайда, Әблязов тобы оны түрмеден құтқаруға уәде берген.

– Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы туралы ақпаратты қалай қабылдадыңыз? Сіздің Қазақстанға келуіңіздің себебі Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы ма?

– Әрине, мен осы үшін келдім. Бұл істе шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға қалай рұқсат беруге болатынын түсінбеймін. Мен сіздердің құқықтық жүйелеріңізді тым қатты сынағым келмейді, бірақ төрт миллион доллар төленген жалдамалы кісі өлтірушіге бостандық беру маған әлі де түсініксіз. Еске сала кетейін, кісі өлтірудің мақсаты – елдегі ірі банкті басып алып, алты миллиард доллар жымқыру болды. Кейін, сот барысында, Тоқмәди полиция қызметкерін сатып алып, бостандыққа шығуға көмектесетін дәлелдерді қолдан ұйымдастырғысы келді. Содан кейін ол түрмеден қашуға тырысты – мен осындай жағдайда мерзімінен бұрын босату туралы ойлаудың өзі мүмкін еместігін айтқым келеді. Ол түрмеде де тыныш отырған жоқ, түрмеден қашуға тырысқан адамды мерзімінен бұрын босатудың қандай мәні бар? Менің ойымша, мұны ешқандай жолмен ақтауға болмайды.

– Оның расымен кінәлі екенін және жазасын түрмеде өтеуі тиіс екенін айтқыңыз келіп отыр ғой? Балталаса бұзылмайтын аргументтеріңіз болғаны ғой сонда?

– Тоқмәдидің құқық қорғау органдарының қызметкерлерін сатып алғанын мойындағанынан басқа, оның кінәсін дәлелдейтін өзге де айғақтар бар. Мысалы, Тәтішевті өлтірген қару-жараққа жасалған сараптама бұрмаланғаны белгілі. Қазақстандық алғашқы сарапшының ұсынғанындай, оқтың кездейсоқ атылуы мүмкін емес еді. Бұл – 12 калибрлі Sauer мылтығы. Ол кездейсоқ атылмайды. Біреу түсіргіш механизмдегі екі тетікті мұқият егеген. «Тоқмәдидің мылтығы кездейсоқ атылды» деген қорытындыны сатып алғаны белгілі. Міне, бұл қылмыстың алдын ала жоспарланғанын дәлелдейді.  

– Ол өзіне кесілген 10,5 жылдың 8 жылын түрмеде өткізді. Сіздің ойыңызша, бұл жаза оған аз ба?

– Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы ұйымдасқан қылмыстық топқа қандай белгі береді? Оның көшбасшысы Әблязов — Қазақстанда сырттай сотталған қашқын. Енді олар оның жалдаған қылмыскерін түрмеден босатып жатыр. Демек, ұйымдасқан қылмыстық топқа «қандай қылмыс жасасаңдар да, босатып аламыз, ешнәрсеге алаңдамаңдар» деген сигнал беріліп жатыр. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы – кәнігі қылмыскер, ол бірнеше жылдар бойы торға түспей жүрген ысқыаяқ қылмыскер. Сонымен қоймай, ол Тоқмәди сияқты топ мүшелеріне көмектесудің жолын тауып отыр.  Мен сіздердің заңдарыңыз түбінде оған құрық салатынына сенгім келеді. Егер бұған шамаларыңыз келмесе, онда әлем алдында абыройларыңыз айрандай төгіледі және Қазақстанның құқық жүйесі әлсіз деген түсінік қалыптасады.

– Аблязов қазір өзін билікке оппозиция ретінде көрсетуде. Франциядан оны экстрадициялау мүмкін болмады. Сіздің ойыңызша, ол Францияның сот жүйесін өз кінәсіздігіне қалай сендірді?

– Ол Францияда баспана алу үшін өтініш берді – бұл әркімнің құқығы. Бірақ ол бұл істі жеңе алмады. Франция соты оның баспана беру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сондықтан, менің ойымша, оны Қазақстанға экстрадициялау мүмкіндігі әлі де бар, айтпақшы, ол онда кісі өлтіргені үшін сотталған. Менің ойымша, сіздердің президенттеріңіз бен үкіметтеріңіз Францияға барынша қысым көрсетуі керек, оны қалайда елге қайтару керек, ал француз үкіметі қалай болғанда да бір күні мұндай шешімді қабылдайды деп сенемін. Қазақстанның беделі жоғары, сондықтан сотталған қылмыскерді қайтаруды талап ете алады деп ойлаймын. Үкімет тартынбауы керек – бұл істің маңыздылығын көрсетіп, оны Америка Құрама Штаттарында қарастыру үшін көмек сұрауы қажет, өйткені бұл іс бізге өте таныс.

– АҚШ-та бұл мәселені шеше алар ма еді?

– АҚШ-та экстрадициялау 10, 15, тіпті 20 жылға созылуы мүмкін. Есіңізде болса, Лондоннан АҚШ-қа экстрадиция жасалды. Қылмыскер қалталы әрі қорғаушылары мықты болса, бұл процесс ұзақ уақытты алады, ол – қалыпты жағдай. Айта кету керек, ФБР үшін қылмыскердің кім екені маңызды емес – 2000 адамды бір күнде өлтірген Осама бен Ладен болсын, 50 жыл бұрын баланы зорлаған педофил болсын, мұндай істер жабылмайды. Біз ондай адам жауапкершілікке тартылуы керек деп есептейміз. Тіпті тергеушілер зейнетке шықса да, олардың орнына жаңалары келіп, істі қайта қолға алады. Біз 40 жыл бұрын 10 әйелді өлтірген сериялық кісі өлтірушілерді де жазаға тартамыз, оған ДНҚ сараптамасының немесе куәгердің айғағы болса, жетіп жатыр.

– Мұхтар Әблязовтың есімі 13 жылдан кейін аталды. Белгілі болғандай, Бас прокуратура жаңа тергеуді тек Тоқмәдидің Әблязовтың тапсырысымен жасалған қылмыс туралы күтпеген мойындауынан кейін бастады.

– Тоқмәди – бер жағындағы жалдамалы, ол киллер. Голливудта оны классикалық мафия киллері деп атайды. Ол ұйымды басқармайды, сондықтан басқа қылмыстары да бар деп ойлаймын. Менің ойымша, қылмыстық топтың басшысы Мұхтар Әблязов әділ сотқа тартылып, қамауға алынуы керек. Судьяның оған мұндай қауіпті қылмыстық ұйымды ұйымдастырғаны және оны басқарғаны үшін он жарым жыл ғана мерзім беруі әділетсіз деп ойлаймын. Сондықтан басқа да істер де болады деп сенемін. Мен сотта куәлік беруге дайынмын. Тоқмәдидің адвокаттары маған кез келген сұрақ қоя алар еді, судья да маған кез келген сұрақ қоя алады және бұл зардап шегуші тарап үшін әділетті болар еді. Бұл істе құрбандар тек Тәтішевтер отбасы ғана емес – бүкіл Қазақстан халқы және оның сот жүйесі.

– Егер оны Америка Құрама Штаттарының заңдары бойынша соттаған болса, Тоқмәдиге қанша жыл берер еді?

– Әдетте, бұл қылмысқа байланысты. Кісі өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін, мемлекеттік қызметкерді сатып алғаны және сот төрелігіне кедергі келтіргені үшін тағы 10 жыл, тергеушілерге өтірік айтқаны үшін 5 жыл, түрмеден қашуға әрекет жасағаны үшін 5 жыл береді. Ақшаға жалданып кісі өлтіргені үшін оған тағы 20 жыл қосылуы мүмкін. Сондықтан мен оның Америка түрмесінде қанша жыл отыруы мүмкін екенін санасам, жаңылуым мүмкін. АҚШ-та осындай іс бойынша адвокат мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берсе, судья адвокатқа мүлдем орынсыз өтініш бергені үшін сөгіс жариялауы мүмкін.

– Тоқмәдидің қызы Зере Шәкерхан өзінің Instagram парақшасында қайтыс болған Тәтішевтің туыстары бизнесмен Тоқмәдиден 20 миллион доллар талап етіп жатқанын мәлімдеген хабарлама жариялады. Ол бұл жағдайдың саяси емес, коммерциялық сипатта екенін атап өтті. Мұны қалай түсіндірер едіңіз?

– Менің ойымша, бұл Тоқмәдидің қызының пропагандасына ұқсайды. Біреу одан бұл келісімді дәлелдейтін құжаттарды сұрауы керек. Бұл келісімді растайтын құжат, мәтіндік хабарлама немесе куәгер бар ма? Егер ол қандай да бір дәлелдер ұсынса, оны көру бізге де қызық болар еді. Бұл өте шектен шыққан мәлімдеме сияқты, бірақ егер оның дәлелдері болса, ол оларды көрсетуі керек. Әлеуметтік желілерде не айтсаң да болады, бірақ сотта дәлелдер қажет. Судьяға әлеуметтік желідегі скриншотты көрсетпейді, оған фактілер керек.

– Марқұм банкирдің ағасы әділдік іздеп президент Тоқаевқа жүгінуге мәжбүр болды. АҚШ-та бұл мүмкін бе?

– Кез келген елдің қылмыстық жүйесінде әділетсіздік бар. Бізде Америка Құрама Штаттарында қылмыс жасамағаны үшін айыпталған, бірақ өзін қорғап шыға алмаған адамдар бар. Сіздерде жағдай мүлдем басқа. Ұйымдасқан қылмыстық топ банк басшысын өлтірді, банкті тонап, одан кейін үкімет банктің клиенттеріне қайтарған алты миллиард долларды ұрлады. Бұл – ерекше жағдай. Бұл адамдардың кім екені маңызды емес, бұл РИКО (ред.: Racketeer Influenced and Corrupt Organizations Act) бойынша классикалық кісі өлтіру және ұйымдасқан қылмыс ісі, ол ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бұл – тарихи іс, ол сотқа және президентке Әблязов пен Тоқмәдидің мысалын келтіріп, халыққа мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын көрсетуге көмектеседі. Мен болашақты болжай алмаймын және судьяның қандай шешім қабылдайтынын білмеймін. Мен, әрине, әлі де куәгер болуға дайынмын және егер сот қаласа, Алматыға тағы ұшып келер едім. Судья менің аффидевитімді (жазбаша айғақтарымды. – Ред.) мұқият оқыды деп үміттенемін. Менің ойымша, шешімді кейінге қалдыру – шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартудың белгісі. Бірақ бұл тек менің бұрынғы судья ретіндегі жеке пікірім.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz-тің YouTube арнасында көріңіз.

Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы ФБР директоры Луи Фри банкир Ержан Тәтішевті өлтіру ісіне қатысты жаңа мән-жайларға байланысты, дәлірек айтсақ, Мұратхан Тоқмәдиді шартты түрде мерзімінен бұрын босату ісіне байланысты Қазақстанға келген еді.

Фри мырза 1993 жылдан 2001 жылға дейін ФБР-ді басқарды. Кейінірек ол Freeh Sporkin & Sullivan (FSS) заң фирмасын және Freeh Group International Solutions (FGIS) тергеу компаниясын құрды. Жеті жыл бұрын Тәтішевтің туыстары оның өлімін тергеу үшін Луи Фриді жалдаған. FSS және FGIS тергеу құжаттарына және Тәтішевтің өлімінен кейін БТА Банктегі Мұхтар Әблязовтың алаяқтығына қатысты деректерге қол жеткізді. Бұл атышулы іске нүкте қашан қойылатыны әлі белгісіз. Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Қонаев қалалық соты 2024 жылдың 6 қыркүйегіне қалдырды.