×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жаңа банктер, «қорқынышты» несиелер және алаяқтармен күрес – Мәдина Әбілқасымовамен үлкен сұхбат

18.10.2024, 11:10
Жаңа банктер, «қорқынышты» несиелер және алаяқтармен күрес – Мәдина Әбілқасымовамен үлкен сұхбат
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстандық банк секторы көптеген жаңа өзгерістерді күтуде. Жақын арада екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестік жаңа ойыншылардың келуіне байланысты күшейіп, қаржы нарығындағы кейбір ойын ережелері түбегейлі қайта қарастырылмақ. Қазақстандықтар арасында кең танымал тауарды бөліп төлеуге сатып алу қызметі не болады, несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендей ме, қазақстандық банктер қатарын қандай жаңа банктер толықтырады, «Банктер туралы» жаңа заңдағы негізгі нормалар және алаяқтармен күресу – осы және өзге де маңызды мәселелер жайлы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында айтты.

 – Соңғы уақытта банк секторының негізгі проблемасы төленбеген несиелер болды. Ресми деректерге сәйкес, бұл мәселе қазір шешілді-міс. Қазір қазақстандықтардың банктерге қарызы қанша?

– Егер банктердің тұрақтылығы мен банк жүйесіндегі жұмыс істемейтін несиелердің жағдайы туралы айтатын болсақ, 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржылық дағдарыстан кейінгі соңғы 15 жыл ішінде банк секторының негізгі проблемасы стрестік активтердің үлкен көлемде болуы еді. 2017 жылы арнайы бағдарлама қабылданып, соның аясында төленбеген несиелерді есептен шығару бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілді. 2021 жылы бұл мәселенің өзектілігі жойылды, 2022 жылы біз банк жүйесіндегі проблемалық несиелер деңгейі бойынша рекордтық төменгі 3,1%-дық деңгейге жеттік. Мысалға, 2014 жылы банктердің стрестік активтерінің ең жоғары деңгейі тіркелді – 36%. Осы жылдар ішінде 7,7 триллион теңгеге жуық қаражат есептен шығарылды. 8 банктің лицензиясы қайтарып алынды, банктерді біріктіру жұмыстары жүргізілді, мемлекеттік қолдау көрсетілді, нәтижесінде қазіргі уақытта банк орталығы проблемалық несиелердің жағдайы бойынша іс жүзінде ең төменгі деңгейде.  (...)

Осындай проблемалық несиелер алдағы уақытта да жүйеде жиналып қалмауы үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Біріншіден, қадағалау айтарлықтай өзгерді, біз тәуекелге негізделген қадағалауға көштік, банк активтерінің сапасын бағалау жыл сайын жүргізілуде. Екіншіден, тестілеу жүргізіледі: экономикалық көрсеткіштердің нашарлауы жағдайында банкте несие портфелінің нашарлауын жабу үшін жеткілікті капитал резерві бар ма? Бұл процесс жыл сайынғы сипатқа ие болды. Өткен жылы активтердің сапасын бағалау нәтижелері бойынша біз банктерден 450 миллиардқа жуық сомаға провизиялардың қосымша көлемін құруды сұрадық.

– Бұл стресстік активтер қазір кімнің балансында және оларды іске жарату процесі қалай жүргізіледі?

– Стресті активтер банктердің балансында. Олар активтерді басқару ұйымдарына сатады. Ал ол ұйымдар - банктердің еншілес компаниялары. Сонымен бірге, мемлекет басшысының тапсырмасымен нарықтық конъюнктура бойынша стресті активтердің өтімді нарығын құру мақсатында осындай активтерді сатуға арналған цифрлық платформа құру туралы шешім қабылданған. Енді банктер өздерінің стрестік активтерін не еншілес ұйымдарына, не нарықта сата алады, бірақ бұл ақпарат нарық қатысушыларына қолжетімді емес. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз заң жобасын әзірледік және депутаттар оны қабылдады, ағымдағы жылдың маусым айында соңғы өзгерістер енгізілді, оған сәйкес, цифрлық платформа арқылы стресстік активтерді сатып алу және сату міндеттемесі енгізілді. Цифрлық платформа транзакциялар мен банктер сататын активтер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Келесі аптада цифрлық платформаға алғашқы аккредитация беруді жоспарлап отырғанымызды айтқым келеді. Ол Бірінші Несиелік Бюросының негізінде құрылды, оның акционерлері де қаржы нарығының қатысушылары болып табылады, олар Бірінші несиелік бюро базасында стресстік активтерге арналған осындай платформаны іске қосу туралы шешім қабылдады. Сейсенбі күні мұндай цифрлық платформаның ашылғанын ресми түрде жариялаймыз. Банктер осы цифрлық платформада алғашқы сауданы жүргізе бастайды.

– Сонда қазіргі уақытта қазақстандықтардың банктерге қарызы қанша?

– Банк секторындағы жалпы несие портфелі 31 трлн теңгені құрайды. Бұл соманың 12 триллион теңгеге жуығы жеке тұлғаларға берілген несиелер. Оның ішінде кепілдік арқылы да, кепілдіксіз де тұтынушылық несиелер бар.

– Қазіргі өзекті мәселелердің бірі – тұтынушылық несиелердің мөлшері ғой...

– Иә, тұтынушылық несие көпшілікті алаңдатып отыр. Тұтынушылық несиелеудің қарқынды өсуі соңғы 4 жылда орын алды және пандемиядан кейінгі кезеңде, яғни 2020 жылы басталды. Пандемия кезінде банк секторында цифрландыру процесі қарқынды жүргізілді, көптеген банктер кез келген сомадағы несиені онлайн алуға мүмкіндік берді, биометрия жүйесі енгізілді және ол процесс те қарқынды жүрді, сонымен қатар жаңа цифрлық банктік қызметтер енгізілді, мұның барлығы тұтынушылық несиелендірудің дамуына үлкен серпін берді. 2021 жылы тұтынушылық несиелеу 40%-ға өсті, содан кейін 25-26%-ға дейін төмендеді. Дегенмен, банктердің тұтынушылық несиелеу үлесі экономиканы несиелендіруге қарағанда әлі де басым екенін мойындауымыз керек. Бұл, ең алдымен, халықтың табысының төмендігіне байланысты болды, (...) мұны отбасы кірісінің азайып кетуімен және азаматтарымыздың соның орнын тұтынушылық несиемен жабуға деген ұмтылысымен түсіндіруге болады. Табыстың азайып кетуінен бөлек, мұны интернет-дүкендер жұмысының жанданғанымен де, яғни маркетплейстердің дамуымен де байланысты деп айтар едім. Қазір олар тауар сатып алу үшін несие де алмайды, тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алады. Дәл осындай үрдіс әлемнің барлық елдерінде байқалады. Біз басқа елдердің жүріп өткен жолын енді өтіп жатқандаймыз. Бұрын тұтынушылық несие, тауарларды бөліп төлеуге сұраныс аз болды, өйткені цифрлық және қаржылық қызметтер онша дамымаған еді.

Мұндай жағдайға алаңдауымызға негіз бар ма? Ұлттық Банкпен бірге біз мұндай тенденцияға үнемі талдау жүргізіп отырамыз. Елдегі тұтынушылық несиелендірудің қарқынды өсуі қаржылық жағдайға қалай әсер етеді, азаматтардың қаржылық тұрақтылығы төмендеп кетті ме, тұтынушылық несиелендіру банк жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіре ме деген секілді сұрақтар бізде үнемі талқыланады. Байқауымызша, алаңдап, дабыл қағатындай емес, алайда бұл процесті бақылаусыз қалдыруға болмайды.

– Мұны қалай бақылайсыздар, жағдай бақылаудан шығып кетпей ме?

– Жағдайға байланысты реттеп отыру керек. Тұтынушылық несиелендіру көлемін реттеп отыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі ретінде 2024 жылы қабылданған жаңа заңды айтар едім.  Заң Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленген, онда Мемлекет басшысының халықтың қарыз жүктемесінің артуына жол бермеу жөніндегі барлық тапсырмасы қамтылған. Бұл халықтың мүддесін қорғау және қарыздық жүктемесінің артуына жол бермеу мақсатында тұтынушылық несиелеудің барлық аспектілерін қарастырған жүйелі заң болды. Сол заң арқылы берешегі бар азаматтарға несие беруге тыйым салынды, несиесінің төленбегеніне 90 күннен асса оған қосылатын өсімпұлды есептеуге тыйым салынды және оларды өндіріп алу үшін коллекторлық агенттіктерге  беруге екі жылға мораторий енгізілді. Сондай-ақ қарыздық жүктеме коэффициенті сияқты стандарттар бар. Сіз несие алуға өтінім бергенде банк немесе микроқаржы ұйымы Бірінші Несиелік бюроға хабарласып, олардан қарыз алушының несиелік тарихы, оның табыс деңгейі қандай және ол осы несиені төлей ала ма деген сұрау салады. Несие алушының сұрап отырған сомасы бойынша төлейтін айлық несие мөлшері оның айлық табысының 50 пайызынан асып кетпеуі тиіс.

– Бірақ бұл талаптар орындалмай жатыр ғой, несие қас қағым сәтте беріледі...

– Несиелік скоринг мұны істеуге мүмкіндік беруі мүмкін, бірақ несие беруден бас тарту жағдайлары сіз ойлағаннан әлдеқайда көп. Несие алу туралы әрбір үшінші өтінім қабылданбайды. Егер микроқаржы ұйымдары туралы айтатын болсақ, онда, әрине, проблемалар көбірек. Соңғы бірнеше жылда біз онлайн микро қаржы ұйымдарының несие портфелі артқанын байқадық. Бізде микробизнеске, шағын және орта бизнеске несие беретін классикалық МҚҰ да, тұтынушылық несиелерді беруге маманданған МҚҰ да бар.

Егер микроқаржы ұйымдары берген тұтынушылық несиелердің барлық көлемін алатын болсақ, бұл 1 триллион 200 миллиард теңге, оның ішінде шамамен 220 миллиард теңге – бұл мерзімі 45 күнмен шектелген, 162 мың теңгеден аспайтын сомадағы жалақыдан жалақыға дейінгі қысқа мерзімді несиелер.

Жақында заңнама аясында осы онлайн микрокредиттерге қатысты ұстаным қайта қаралды, олар үшін кейбір шарттар өзгертілді және қазір олар банктік несиелер мен қаржылық несиелерге қойылатын ортақ талаптарға бағынады.

– Осы МҚҰ қызметін толығымен тоқтату мүмкін бе?

– Жақсы сұрақ... Бірақ бұл қысқа мерзімді несиелер, яғни жалақыдан жалақыға дейінгі  несиелер барлық мемлекетте кездеседі, бұл түріне тұрғындар тарапынан қызығушылық пен сұраныс бар. Егер біз оларға жай ғана тыйым салсақ, олар «көлеңкелі» бизнеске бет бұрады, ондай жағдайда біз бұл саланы реттей алмай қаламыз және олардың пайыздық мөлшерлемесі жоғары болып кетеді, ал қарыз алушының құқықтарын қорғау мүмкін болмай қалады. Сондықтан біз бұл сегментті Агенттік оларға сәйкес міндеттемелермен реттеуі керек деп шештік. Біз 70 МҚҰ-ны тексердік, 19-ы лицензиясынан айырылды, 11-інің қызметі тоқтатылды, қазір біздің бақылауымызда 35-ке жуық МҚҰ ұйымы жұмысын жалғастыруда. Олардың қызметі үнемі тексеріліп тұрады. Тұтастай алғанда, біз қысқа мерзімді несиелер сегментіндегі жағдайды біршама реттедік, қазір несиесін төлей алмай жүргендердің үлес салмағы 17 пайыз болып тұр. Біз үшін бұл әлі де көңіл көншітетін жағдай емес, алайда келесі жылы бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізу жоспарымыз бар. Бұл сегменттегі күрмеуі көп мәселе ақырындап шешіліп келе жатыр, осыдан екі жыл бұрынғы қауіп-қатерлер мен тәуекелдер қазір біршама азайғанын байқап отырмыз.

– Онлайн несиелендіру мәселесіне жалпы пікіріңіз қандай? Бұл халықтың кедейленгенінің көрсеткіші деп ойламайсыз ба?

– Бұл жерде несиелердің не үшін алынғанына байланысты...

– Сіз бен біз көріп отырғанымыздай, адамдар жалақыға дейін жан бағу үшін онлайн несиеге жүгінеді.

– Нақты сандарға жүгіну керек. Әрине, тұрғындардың тұтыну және күнделікті қажеттіліктер үшін несие алуында мәселе бар. Бұл шешуді қажет ететін өте күрделі мәселе. Үкіметтің азаматтардың табысын арттыру жөнінде нақты жоспары болуы керек, бұған бүгінде үкімет өте мән беріп отыр. Естіген болсаңыз, біз «Аманат» партиясының бастамасымен арнайы бағдарламаны бірлесіп қолға алған едік. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз жолдауында да айтты. Оның стандартты процедуралардан қандай айырмашылығы бар? Азаматтардың өтініштерін қарау нәтижелері бойынша қиын өмірлік жағдайға тап болған адамға көмектесу үшін нақты жоспар жасалады: несиені қалай есептен шығару, оған жаңа жұмыс беру, мүмкіндігі болса, оқуға көмектесу, кәсіпкерлік қызметпен айналысу, оған шағын несие беру, адамға табысын арттыруға, қиын өмірлік жағдайдан шығуға және несиесін өзі өтей алуына көмектесу.

Несиені тұрғын үй сатып алу үшін де алады. Ипотекалық несие де бар. Адамдардың өз көліктерін жаңартуға деген сұранысының артуына байланысты несиелеудің қарқынды өсуін көріп отырмыз. Үшіншісі – тауарды бөліп төлеу. Ұзақ пайдаланатын тауарларды бөліп төлеу арқылы сатып алу - бұл қалыпты тәжірибе. Біз реттеуді жоспарлап отырған тағы бір мәселе - бұл тауарлар мен қызметтерді ұсынатын қаржы институттары мен бөлшек сауда желілері арасында өзара жымысқы келісімнің жасалуына жол бермеу. Бұл дегеніміз не? Аталған тараптар өз тауарын немесе қызметін сатарда тұтынушыға бағаны тым жоғары мәнде ұсынбауы тиіс, яғни несиелер бойынша заңды пайыздық мөлшерлемелерден асып түспеуі керек. Біз мұны үнемі қадағалап отырамыз және бұл жұмысты жалғастырамыз. Әрине, тауарды бөліп төлеу жолымен сатып алатындарға оның бағасын тым “аспандатып” жіберетін сатушылардың барын жасыра алмаймыз.  Бірақ өнімнің бағасына кейбір жоғары комиссиялық төлемдердің, пайыздардың қымбаттауы да қосылады, бұл мәселені де ескеру қажет.

Тұтынушылық несиелеудің барлық жағдайын алатын болсақ, тұтынушылық несиелер бойынша мерзімі өткен несиелердің үлесін тұтынушылық несиелердің жалпы көлеміне қатысты шамамен 4% деңгейінде қалдыруды қарастыру керек. Несие алушылардың, проблемалық қарыз алушылардың саны айтарлықтай көп, мұны жоққа шығаруға болмайды. Біз мұнымен жұмыс істеуіміз керек, Үкіметпен бірге осы жұмыстарды бастадық, қазір парламент депутаттары да бұл мәселені көтеріп жатыр. Осы мақсатта «Банкроттық туралы» Заң да қабылданды, ол барлық мәселені шешіп тастайды деп айтудан аулақпыз. Бірақ несиесін уақытылы өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін бұл заң олардың қарыз ауыртпалығынан құтылуына мүмкіндік береді. Сондықтан белгілі бір санаттағы азаматтар үшін бұл заң мәселені шешіп отыр.

– Тағы бір мәселе – банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі. Мысалы, Отбасы банкінің пайыздық мөлшерлемесі басқаларына қарағанда аздау, ал өзге банктерде ол өте жоғары. Банктер барлық тәуекелдерді ескереді, әртүрлі кепілдіктерге ие, бірақ сол ипотеканы алуға мәжбүр болған адам ештеңеден сақтандырылмаған. Мен, әрине, жауапсыздықпен несие алып жатқандарды ақтап отырғаным жоқ. Бірақ біздің елдегі жағдай, ең алдымен, банктерге жасалып отыр...

– Бұл мәселені бірнеше қырынан қарастырып көрейік: ставкалардың деңгейі қаншалықты жоғары, ол қаншалықты адекватты, банктер қандай тәуекелдерге дайын және тарифтер неге сонша жоғары, ол банктердің кепілдіктерін өтей ме? Соңғы 3 жылда мөлшерлеме айтарлықтай өсті, оның басты себебі – Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі. Халықтың депозиттері бойынша төлемақы мөлшерлемелері базалық мөлшерлемеге тікелей тәуелді, халықтың депозиттері барлық қаржыландыру базасының 78% құрайды; Депозиттер бойынша мұндай мөлшерлемені белгілей отырып, банктер жеке және заңды тұлғаларға осы депозиттер бойынша кіріс беруге міндетті. Несие мөлшерлемелерін белгілеуге әсер ететін екінші маңызды фактор – инфляциялық жайттар. Инфляция деңгейі банктің несиелік мөлшерлемесіне тікелей әсер етеді. Тиісінше, инфляциялық жайттар неғұрлым жоғары болса, қарқын соғұрлым жоғары , әсіресе бір жылға дейінгі қысқа мерзімдер үшін жоғары болады. Өткен жылдың тамыз айынан бастап базалық мөлшерлеме 16,75 пайыз болса, қазір 14,25 пайыз болды. Өткен жылы инфляцияның максималды мәні 21% дерлік жетті, қазір ол 8,3%. Базалық мөлшерлеменің төмендеуін және инфляцияны ескере отырып, несие мөлшерлемесі төмендейді. Біз қазірдің өзінде бұл үрдісті көріп отырмыз, несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі қазір бір жерде 19,5%-дан 17,9%-ға дейін. Бұл әлі де жоғары, бизнестің мұндай жоғары мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несие алуы өте қиын және бұл экономикада несиелердің өсуіне әсер етеді. Соңғы 2-3 жылда жоғары инфляция, базалық мөлшерлеме, жоғары несие ставкалары – осындай өзара байланысты үш жағдай орын алды. Біздің банктер де мөлшерлемені белгілеген кезде әрбір қарыз алушының тәуекелін, кепілі бар ма, жоқ па, бизнестің айналымы қандай, салық және әлеуметтік аударымдары қандай екеніне мән береді. Жұмыс істеп тұрған бизнес үшін мөлшерлеме әдетте төмен, ал жаңа бизнес, яғни стартаптар үшін мөлшерлеме жоғары болады; Ынталандыру шараларының бір бөлігі ретінде біз қазір стартаптарды несие алуға ынталандыру үшін ережемізді қайта қарауды ойластырып жатырмыз.

Банктердің өздері қарыз алушыларды бағалауды жетілдірді, біз сондай-ақ қарыз алушының тәуекелін бағалау мақсатында банктерді әртүрлі мемлекеттік қызметтерге қосу бойынша жұмыс жүргіздік. Сізде толық ақпарат болуы керек, банктер пайдаланатын 37 қызмет бар, біз оларды қостық, енді несиелік скоринг жылдамырақ. Нәтижесінде банктер қазір бизнесті кепілсіз несиелеу сияқты жаңа бағытты іске қоса алды.

– Бұған қандай банктер қатысады?

– Ірі банктер ШОБ субъектілеріне, негізінен жеке кәсіпкерлерге немесе шағын бизнеске кепілсіз несие бере бастады, портфель өсуде. Жыл басынан бері бізде 20 пайызға жуық өсім бар. Олар қарыз алушының қаржылық жағдайын бағалайды, бизнестің барлық айналымын көреді және осы айналымдар негізінде кепілсіз несие беру туралы шешім қабылдайды. Бұл маңызды бағыт, ол бизнестің ашықтығы жағдайында несиені төмен мөлшерлемемен және міндетті кепілдемесіз алуға болатынын көрсетеді.

– Қазақстандық банктердің тәбетіне қандай баға берер едіңіз?

– Біз банктерге кепілсіз несие беру немесе активтерін тәуекелсіз қаржы құралдарына, өтімділігі жоғары активтерге қайта бағыттау шынымен де тиімді болғанын байқап отырмыз. Әсіресе, базалық мөлшерлеме жоғары болғанда және сәйкесінше олар мемлекеттік бағалы қағаздарға, Ұлттық банктің облигацияларына инвестициялады. Бұл тәуекелсіз қаржылық құрал, банкке ештеңе істеудің қажеті жоқ еді, мысалы, қарыз алушының несиелік қабілетін, оның кепілге қойған мүлкін бағалаңыз, содан кейін ол қарызға батар болса, бұл кепілді сот арқылы өндіріп алыңыз. Ал мұнда өтімділігі жоғары активтерге инвестиция салып, одан табыс табасыз. Осыдан кейін біз банктердің несиелік портфеліндегі өтімділігі жоғары активтерге салынған инвестицияның үлесі артқанын байқадық.

Екіншісі – тұтыну несиелері, халықтың үлкен сұранысы, жоғары мөлшерлеме, бұл үрдіс, несие қоржынында бұрмалану орын алды. Сондықтан бизнеспен жұмыс істеу - жоғары тәуекелді қажет етеді. Бизнеске берілген кез келген несие әрқашанда көп тәуекелді қажет етеді, сондықтан тәуекелге деген банктер тәбетінің төмендегенін көрдік.

2022 жылы нарықта орын алған тағы бір фактор корпоративтік несиелеу нарығында өте белсенді болған Сбербанкке қатысты.  Қаржы нарығының осындай маңызды қатысушысын сақтап қалу туралы шешім қабылданды. «Бәйтерек» ұлттық холдингі Сбербанкті сатып алды, ол «Береке» банкіне айналды, оны жақында шетелдік инвестор сатып алды.

Маңызды мәселе – банк секторындағы бәсекелестік. Ол банктердің дамуы үшін қажет. Бәсекелестік – дамудың драйвері.Тәуекелге деген тәбеттің өсуі үшін банктерге көбірек бәсекелестік қажет, сондықтан қазір жаңа ойыншыларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, бізде жақсы оң үрдістер бар, қазақстандық нарыққа шыққысы келетін халықаралық қаржы топтары тарапынан қызығушылық бар.

Сондай-ақ микроқаржы секторы. Бізде үлкен классикалық МҚҰ бар. Олардың кейбіреулері өз капиталын шағын банктермен ғана емес, орта банктермен де бәсекелесе алатын деңгейге дейін ұлғайтты. Қаржы секторындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында түзетулер қабылданып, МҚҰ-ның банкке айналуына рұқсат етілді. Қазіргі таңда бізде банкке айналуға ниет білдірген 3 МҚҰ бар, ал 2 МҚҰ мәселесі қарастырылуда. Егер барлық талаптар орындалса, алдағы бірнеше айда Қазақстанда тағы 2 банк пайда болады деп күтіп отырмыз.

– Соңғы күндері кейбір банктердің бірігуі, сатылуы туралы мәселе талқыланып жатыр... Банктерді сату немесе біріктіру бойынша қандай да бір үлкен мәмілелердің жасалуы мүмкін бе?

– Егер банктер жеке болса, банкті сату немесе қосылу туралы шешімді акционерлер қабылдайды. Реттеушінің көзқарасы бойынша, біз заңнамаға сәйкес барлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеміз: капиталдың жеткіліктілігі, банкті сатып алатын тұлғаның мінсіз іскерлік беделі. Мемлекеттік көмек мәселесі де өте маңызды. Егер бұл банктердің балансында мемлекеттік қолдау болса, онда мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын өтеу туралы міндетті талап қойылады. 

– Айтпақшы, мемлекеттік көмек туралы. Бүкіл экономикамыз тек олигархтар меншігіндегі банктерді қолдауға бағытталғандай әсер қалдырады, біз бұл банктерді үнемі асырап отыруымыз керек сияқты...

– Осы банктерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауға байланысты қоғамда көптеген сұрақтар, пікірталастар, резонанс болды. Бұл әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі кезеңге қатысты. Дағдарыс алдында жылжымайтын мүліктің бағасы өте жоғары болды, олар кепілге алды, оны өте жоғары бағалады, нәтижесінде банктер тұрақты деген түсінік қалыптасты, өйткені олар кепілді нақты құнынан әлдеқайда жоғары бағалады. Ипотекалық дағдарыс аяқталған кезде жылжымайтын мүліктің құны төмендеп, инвесторлар алдындағы міндеттемелерді өтеу үшін ешқандай кепілдік болған жоқ. Мемлекет 2 көмек пакетін қабылдады. (...) Банк жүйесінің барлық дефолттарының алдын алу үшін мемлекет қабылдаған шешім өте дұрыс болды. Тағы бір мәселе – бұл мемлекеттік қолдау қалай көрсетілді? Қазір көптеген реттеушілер өз көзқарастарын қайта қарады, бұл жерде бізге банк акционерлерінің толық жауапкершілігі қажет, жаңа механизм қарастырылған, біз оны әзірленіп жатқан жаңа заңға енгізуді жоспарлап отырмыз, бұл – банк тарапынан, акционер және банктің ірі кредиторлары тарапынан шығындарды көтеріп алу. Банк акционеріне облигация түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетілмеуі керек, себебі ол осы арқылы басқа банктермен салыстырғанда артықшылықтарға ие болады; Реттеуші органдар бастапқыда барлық акционерлік капиталды, оның міндеттемелерін есептен шығарады, содан кейін бұл банкті сақтау туралы шешім қабылданады, егер ол үлкен болса немесе аз болса, тарату процедурасынан өтеді. Егер банк ірі болса, мемлекет оның акцияларын сатып ала алады және банк аяғынан тұрып, қайтадан төлем қабілеттілігі болған кезде бұл акциялар сатылып, мемлекет жұмсалған ақшаның толық сомасын өтейді. Бұл механизм бұрын банктерге мемлекеттік қолдау көрсетілген барлық жағдайларда қолданылмаған. Енді жаңа заңда біз міндетті түрде озық халықаралық тәжірибені енгізіп, жаңа тәсілдерді қолданамыз. Бұрынғы жылдары көрсетілетін мемлекеттік көмекті, біз осыдан 2 жыл бұрын қайта қарағанбыз. Жаңа механизмді енгіздік: егер мемлекеттік қолдау көрсетілген болса, банктер өздеріне дивиденд төлей алмайды. Осы қаражатты пайдалана отырып, банктерді мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтаруға ынталандыру тетігі жасалды. Қазіргі кезде 6 банктің балансында кезінде мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында берілген триллион теңгеге жуық мемлекет ақшасы жатыр. Қазір Халық банкі оны толық өтеді, РБК, Жусан жартылай төледі. Тұрақты позициясы бар банктер тезірек өтеуі мүмкін, басқа банктер капиталды қолдауды қажет етеді және мемлекеттік қолдауды қайтару үшін ұзағырақ уақыт қажет болуы мүмкін. Енді «Банктер туралы» жаңа заң аясында біз мемлекет көмегін қайтаруды одан әрі ынталандыратын тетік қарастыруды жоспарлап отырмыз. Егер банк мемлекет көмегі көрсетілген барлық шығынды өтеп үлгерсе, банктің тұрақтылығы мен оның капиталы мемлекет бөлген қаражатты қайтаруға мүмкіндік берсе, онда бұл міндетті норма болады. Бұл басқа банктерге және олардың акционерлеріне болашақта қаражатты теріс пайдалануына және қандай да бір жолмен артықшылықтарға ие болуына жол бермейтін өте маңызды өзгерістер.

– «Астана банкі» төңірегінде түрлі ақпараттар тарап жатыр, бұрынғы акционерді жауапқа шақырып жатыр деген және т.б. Банкті тарату комиссиясы жарияланды. Қазір бұл банкте қандай жұмыстар атқарылуда?

– Тарату процесі қалай жүреді? Банктегі барлық мүлік, егер ол кепілге қойылған болса, қандай да бір ғимарат, пәтер аукцион арқылы, конкурс арқылы ашық саудада сатылады. Олар кепілге қойылғанның бәрін тәркілеп алады. Өндіріп ала алмаса, сотқа жүгінеді, несие берілген қарыз алушымен жұмыс істейді, ал қарыз алушы не несиесін қайтарады, не одан кепілзат алынады, оның бәрі міндетті түрде сот арқылы жүргізіледі. Мүлік тәркіленгеннен кейін ол қайтадан аукционға шығарылады. Тәркіленген мүлікті сатудан түскен барлық ақша банк салымшыларының қаржысын өтеуге жұмсалады.

– Санкциялық режим жағдайында банктер қалай жұмыс істейді?

– Екінші реттік санкцияларға түсіп қалмау үшін банктер комплаенс процедураларын күшейтті, барлық клиенттер тексерілуде. Клиенттер санкциялар тізімінде болса, келісімшарттар қаралады. Айта кету керек, біздің Ресей Федерациясымен үлкен тауар айналымымыз бар, ол біздің стратегиялық серіктесіміз, біз тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасаймыз. Санкциялық шекараның бар екеніне қарамастан, банктер сәйкестік процедуралары мен стандартты, қалыпты сауда, тауарлар мен қызметтерге, соның ішінде қаржылық қызметтерге төлемдер арқылы тәуекелдерді барынша азайтады және мұнда ешқандай проблемалар жоқ. Біз банктермен бірлесіп ресейлік банктерде санкцияланбаған шоттарды ашуға күш салдық және осы банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Ресей Федерациясынан барлық тауар айналымы, төлемдер мен аударымдар көлемі қалыпты жағдайда жүріп жатыр. Менің ойымша, біз өзара тиімді байланысты одан әрі де жалғастырамыз.

– Мемлекет басшысы шетелдік банктердің филиалдарын ашу туралы айтты. Бұл туралы қандай жаңалық бар?

– Иә, әрине, Ұлттық банкпен бірлескен жұмыс жүргізілді, біз әртүрлі елдердің қаржы реттеушілерімен, қаржы топтарымен консультациялар жүргіздік, Қазақстан сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатқан елдер мен банк қызметі басты назарда болды. Қытайды, Оңтүстік Кореяны, Еуропаны, Таяу Шығысты, Түркияны, Шығыс Еуропаны қарастырдық, олардың барлығымен келіссөздер өтті. Бұған дейін Қазақстан нарығына Оңтүстік Кореяның қаржылық-өнеркәсіптік тобы келген болатын, олар микроқаржы ұйымдарын ашып, біздің нарықта 3 жылдан астам жұмыс істеуде және микро несиелеудің потенциалы жоғары екенін көріп отыр. Қазір олар толыққанды банк ашу үшін қажет банктік лицензия алуға қажетті құжаттарын жинастырып  жатыр. Бұл процедура 2 кезеңнен тұрады: банк ашуға рұқсат (маусым айында берілген – Автордың ескертпесі), содан кейін олар банктік лицензияға өтініш береді.

– Олар лицензияны шамамен қашан алады?

– Біз алты ай күтеміз.

– Халыққа түсетін салық жүктемесі артып келеді. Осыған ұқсас шаралар банктерге де қолданылады ма?

– Жаңа Салық кодексі аясында салық түсімін арттыру, оның ішінде банк секторына да салықты көбейту мәселелері айтылуда. (...) Сондай-ақ банктерді корпоративтік секторды көбірек несиелеуге ынталандыратын салық механизмдерін құру қарастырылып жатыр. Бұл ұсыныс әлі талқылануда, нақты қандай формада жүзеге асады, әзірге айту ерте, мұнымен арнайы жұмыс тобы айналысуда.

– «Банктер туралы» жаңа заңда тағы қандай жаңашылдықтар қарастырылған?

– Жаңа заңда біз осыдан 30 жыл бұрын заңда болған норманы қайта қарауды жоспарлап отырмыз. Нарық бір орында тұрмайды, дәстүрлі банктер финтехнологиялық компанияларға айналды және оларға тиісті реттеу қажет. (...) Банк лицензиясын алу мәселесіне қайта оралсақ, біз барлық ережелер мен талаптарды қарап шықтық және кейбіреулері ескірген деп есептейміз. Кейбір құжаттарға, банктің ішкі нормативтік құжаттарына қойылатын талаптар бар, оларға қазір қажеттілік жоқ, өйткені біз цифрландыру жүргіздік, бұл ақпаратты біз Ұлттық банктің дерекқорынан тікелей аламыз, яғни бұл ақпаратты берудің қажеті жоқ. Банктер 2 жыл бұрын финтехнологиялық компанияларды тікелей банк балансына сатып алуға рұқсат беруді сұрады. Біз барлық халықаралық тәжірибені зерттедік, Базель стандарттарын қарастырдық және банктер құнының 10% шегінде финтех-компанияларын сатып алуға рұқсат бердік. Жаңа заң аясында бұл негізгі бағыт болады, осындай ынталандыратын жағдайлар жасау үшін және тағы не істеуге болатынын, нені өзгертуге болатынын қарастырамыз.

Осы жұмыстың аясында банктермен, микроқаржы ұйымдарымен ашық және шынайы диалог жүргізілуде, біз олармен үнемі кездесулер өткіземіз, әрбір қабылдаған шешіміміз, қабылдаған заңымыз арнайы талқылаудан өтеді. Әрине, әр кез келісімге келу мүмкін бола бермейді, мемлекет мүддесі бар, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырудағы міндеттер бар, тағысын тағы… Азаматтарды қорғау – бұл заңда болатын маңызды жаңалық, бұл мінез-құлықты қадағалау, біз тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты тәуекелге бағытталған қадағалауға көшкіміз келеді. Бұл банк өзінің қаржылық өнімдерін қалай қалыптастыратынын, осы қаржылық өнімдерді ұсыну кезінде қаржылық өнімдерді таңу болмайтындай қарыз алушының мүдделерін қалай ескеретінін бағалауға мүмкіндік беретін жүйе. Егер ол осы өнімді ұсынса, ал қарыз алушы проблемаға тап болса немесе табысынан айырылса, онда қаржы институтында осы қарыз алушымен қалай жұмыс істейтіні туралы алдын ала стратегия болуы тиіс. Кез келген қаржылық өнімді ұсынған кезде ол толық жауапкершілікті өз мойнына алып, қарыз алушылардың мүддесін ескеруі керек. Заңның басқа да маңызды бағыты - бұл рұқсат етілген операциялардың периметріне байланысты талаптарды ырықтандыруды қамтамасыз ету қажеттілігі. Ауылдық жерлерде немесе аймақтарда банк қызметтеріне қолжетімділік аз. Біз универсалды және базалық лицензияны енгізудің орындылығын қарастырып жатырмыз. 30 жылда алғаш рет банктерде лицензияның 2 түрі болады деген шешім қабылданады. Әмбебап лицензия трансшекаралық операцияларды жүзеге асыра алатын үлкен капитал резерві бар ірі банктер үшін болады, бұл біздің классикалық банктер және одан бөлек базалық лицензиясы бар банктер болады. Базалық лицензиясы бар банктерге транзакциялардың барлық дерлік түрін жүзеге асыруға рұқсат етіледі, бірақ трансшекаралық транзакцияларға, басқа елдерде еншілес ұйымдар ашуға, резидент еместермен жұмыс істеуге, басқа да тәуекелі жоғары операцияларға тыйым салынады және қойылатын талаптар азаяды, бұл әсіресе, тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптар. Біз осы базалық лицензия арқылы көптеген МҚҰ артықшылықтарды пайдаланып, банктерге айнала алады деп жоспарлап отырмыз. Бұл еліміздің аймақтарында банктік қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады және бәсекелестік күшейеді.

– Еліміз үшін тағы бір өзекті мәселе – киберқауіпсіздік. Алаяқтардың әрекетінен көптеген қазақстандық зардап шекті және мұндай алаяқтық әрекеттер азаяр емес. Жеке мәліметтердің алаяқтардың қолына түсуіне банктердің де қатысы бар ғой. Неліктен тұтынушылардың деректерін қорғау мәселесі әлі күнге шешілген жоқ?

–  Алаяқтық, деректердің бөтеннің қолына өтуі, қаржы секторындағы операцияларымыздың қауіпсіздігі - қазіргі уақытта біз басқа органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатқан ең өзекті мәселе. Біз жалған транзакциялардың басты себебін – цифрландырудың кең таралуынан көреміз. Барлығында банктік қосымшалар бар, барлық қаржылық қызмет осы қосымшаларда орындалатындықтан, алаяқтар өздерінің алдау схемаларын ойлап таба бастады. Дұрыс айтасыз, алаяқтықпен күресуде бірінші орын – киберқауіпсіздік, банктердің ақпараттық қауіпсіздігі. Мәселе алғашқы жылдары кең етек жая бастағанда, біз негізгі проблеманы деректердің қолды болуынан деп ойладық. Ақпараттың алаяқтардың қолына көшуі тек қаржы ұйымдары ғана емес, көптеген арналар арқылы да таралуы мүмкін еді. Агенттік тарапынан біз банктерге ақпараттық киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты өте қатаң талаптар қойдық. Агенттік  ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне жауап беретін «Қайнар» жүйесін  іске қосты. Нақты уақыт режимінде біз банктерге жасалған кибершабуылдарды бақылай аламыз. Екінші бөлігі – банк жүйелерінің қауіпсіздігі. Өткен жылы біз барлық банктерден мобильді қосымшалардағы бастапқы кодтарды тексеруді, сондай-ақ осы компьютерлер мен құрылғыларда қашықтан қол жеткізу бағдарламаларының бар-жоғын тексеруді талап еттік. Ақпараттық қауіпсіздік талаптары орындалмаса, қаржы институтының клиентіне зиян келтірілсе, банктер мен қаржы институттары үшін жауапкершілік енгіздік. Егер операция жасалған болса, онда біз қаржылық ұйымдардың мұндай клиенттерге келтірілген залалды өтеу жауапкершілігін заң деңгейінде қарастырдық. Нәтижесінде алаяқтықтың бұл түрі күрт азайды. Біздің азаматтардың қаржылық мәдениеті мен қашықтан қол жеткізу бағдарламалары туралы цифрлық хабардарлығының жеткіліксіздігіне байланысты жекелеген жағдайлар әлі де болып тұрады. Тағы бір мәселе - биометрия. Клиентті сәйкестендіру процедурасын қатаңдату және оны күрделендіру үшін үлкен жұмыстар жасалды.

Бұл қатаңдату бірнеше кезеңде жүзеге асырылды. Тамыз айында біз биометрияны жүргізген кезде верификация болуын, яғни шынында бұл клиенттің өзі ме, әлде оның фотосы мен видеосы ма екенін анықтау жүйесін жетілдірдік. Алаяқтар да өз схемаларын дамытып жатыр. Олар үнемі жаңа схемалар ойлап табады.

Қазір алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды, ол телефон қоңыраулары мен мессенджерлер арқылы жасалады. Біз ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен жұмыс істей бастадық, колл-орталығын құру жоспарлануда, бұл азаматтарға арналған Үкімет корпорациясы жанынан құрылады. Оған барлық азамат бейтаныс нөмірлерден түскен қоңыраулар туралы хабарлай алады. Баршаңызды осы істе белсендірек болуға шақырамын, белгісіз күдікті нөмірлер хабарласса, оны бізге жіберіңіздер, операторлар ол нөмірлерді бұғаттайды, иелері туралы ақпарат Ұлттық банкте біз құрған бөлек орталыққа жіберіледі, есепшоттар бұғатталады.

Әрбір банк ақпараттық қауіпсіздікті өз деңгейінде қамтамасыз етеді, бірақ нақты уақыт режимінде осы алаяқтық транзакцияларға жауап беру үшін барлық ақпарат ағыны келіп түсетін ортақ деректер базасы болмады. Ағымдағы жылдың шілдесінен бастап алаяқтыққа қарсы орталық жұмыс істеп тұр, онда қаржы ұйымдары мен төлем ұйымдарының барлық ақпараты келіп түседі, егер азамат өзіне хабарласқан адам алаяқ деп күдіктенсе, ол азамат біздің осы орталықпен хабарласа алады. Біз үш айдан аз уақыт ішінде күн сайын статистиканы қадағалап отырдық. 3500 жеке шот бұғатталды, 150-ге жуық заңды тұлғалардың есепшоты бұғатталды. Бұл алаяқтық әрекеттің кесірінен зардап шеккендерден ақша аударылған қаржы ұйымдарының шоттары мен клиенттері.

Мұндай жағдайлардың санын азайту мақсатында біз қазір банктермен жұмыс істеп жатырмыз. Егер банкке несие алу туралы өтінім түссе, банк несиені бірден бере салмайды, клиент сұраған сомасына байланысты белгілі бір уақыт күтуі тиіс. Ол тексеруден өтеді. Тексеріс бірнеше сағаттан бір күнге дейін созылуы мүмкін. Осы уақыт ішінде банк несиеге өтінімді қарыз алушының өзі берген-бермегенін тексере алады және қарыз алушымен байланыс жасай алады.

– Жалпы, сіздің ақшаға деген қарым-қатынасыңыз қалай, картаңызда қанша тиын бар екенін білесіз бе? Ақшаңызды қолма-қол ақшада ма, әлде картада сақтайсыз ба? Сізде депозиттер бар ма?

– Мен өзімнің шығындарым мен кірістерімді, ай сайынғы шығындарымды, балаларды оқытуға жұмсалған шығындардың есебін жүргіземін. Қазір теңгеге депозиттік мөлшерлеме пайызы жоғары болғандықтан, басы артық ақшаны депозитте сақтаймын. Қолма-қол ақша ұстамаймын десе де болады. Барлық төлемді QR арқылы жасаймын.

– Таныстарыңызға қарыз бересіз бе? Бізде негізінен қарызға ақша бермейтін адамдар бар.

– Мен жиі беремін, кейде қайтарымсыз беремін.

– Отбасындағы қаржылық сауаттылықты қалай арттырасыз? Менің отбасыма және балаларыма қатысты ұстанымым мынадай: несие ала бермеңдер. Сіз қандай ақыл-кеңес айтасыз?

– Мен сіздің ұстанымыңызбен толықтай келісемін.  Балалар өз күшіне сүйену керек деген көзқарасыңыз дұрыс деп ойлаймын. Себебі несиеге өмір сүру әрқашан жақсы бола бермейді. Ұзақ пайдаланатын тауарлар, несиеге алуға болатын көліктер, жақсы бағамен баспана бар. Егер сіздің табысыңыз несиені ай сайын төлеп тұруға мүмкіндік берсе, онда бұл қалыпты процесс. Бірақ сіздің шамаңыз жетпейтін үлкен сомадағы тауарларды, қызметтерді сатып алу үшін несиеге байлану қате әрекет. Бұл бала кезінен қалыптасу керек. Қаржылық сауаттылыққа үйрету мектептен басталуы керек, қазір қаржылық қызметтің енуі бала кезінен басталады, біздің банктер балалар картасын шығара бастады, 6 жастан бастап балалар банктерден карта ала алады. Баласына қаржылық тәртіп орнату, картаға түскен ақшаның еңбекпен тапқан ақша екенін үйрету - ата-ананың міндеті. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін қосымша білім беру бағдарламаларын әзірлейміз. Бұл жеке пән емес, тек қосымша бағдарлама. Балаларда біз күнделікті тұтынатын қаржылық өнімдер туралы негізгі түсінік болуы керек.

Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube арнасынан көріңіз.