Ulysmedia подкастының кейіпкері Асет Абдуалиев 2017 жылы бір-ақ сәтте болашағы зор мансап жолын тастап, Америкаға оқуға аттанды. Ол сол кезде Қазақстан Президенті Әкімшілігінде жұмыс істейтін. «33 жаста қандай білім?» – деп таңғалған әріптестері, «Осы жолмен жүре бергенде министр болар едің» – деп сан соққан достары оны райынан қайтаруға тырысып-ақ бағады. Бүгінде Асет – Central Asian Innovation Hubs компаниясының тең құрылтайшысы және бас директоры, Кеннеди атындағы Гарвард мектебінің мемлекеттік басқару магистрі, Стэнфорд бизнес мектебінің іскерлік әкімшілік магистрі. Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева отандастарымыздың Кремний алқабындағы жетістіктеріне көз жүгіртті.
АМЕРИКА СЫЙЛАҒАН МҮМКІНДІКТЕР
Сіз біржола көшіп кеттіңіз бе?
– Жоға, мен Қазақстаннан біржола кеткен жоқпын. Елмен тығыз байланыстамын. Мен тек Америкаға жаңа мүмкіндіктер іздеп келдім. Қазіргі таңда мен Silkroad Innovation Hub атты бірегей хабты дамытудамын. Бұл хаб Орталық Азия, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия және Грузиядан шыққан жас әрі дарынды стартаперлерді қолдайды, яғни, америкалық нарыққа шыққысы келетіндерге қолдау көрсетеді. Бұл – түркітілдес елдер, біздің ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз бар, сондықтан Кремний алқабында жеке-жеке мемлекет ретінде емес, аймақ ретінде алға жылжуды қалаймыз.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның әлеуеті қандай?
– Стартаптардың so-found көрсеткіші бойынша Қазақстан көш бастап тұр, тіпті статистикаға сүйенсек, өңірдегі венчурлық инвестициялардың басым бөлігі Қазақстанға бағытталады. Бірақ адам капиталының сапасы жағынан басқа елдер де еш қалыспайды – Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Түркия – бәрінде ірі жобалар жасай алатын мықты жігіттер бар. Әлемдік венчурлық нарықтың жылдық көлемі 600 миллиард АҚШ долларын құрайды, ал біздің үлесіміз әзірге 0,01% ғана.
Бұл немен байланысты?
– Бір жағынан, біз бұл бәйгеге кеш қосылдық. Соңғы 20-30 жылда ішкі экономиканы құруға басымдық бердік, сол себепті талантты жастарды Қазақстанға қайтаруға тырыстық. Бірақ түсіну керек: егер халықаралық компания құрғыңыз келсе, ірі нарықтарға – АҚШ, Қытай, Латын Америкасына бару қажет. Үлкен жобалар дәл сол жақта дүниеге келеді. Біз осыны кеш түсіндік. Қазір Назарбаев университетінің, "Болашақ" бағдарламасының түлектері көбейіп жатыр, олар ағылшын тілін жетік біледі, әлемді шарлап жүр, олардан болашақта қызықты жобалар шығады.
СТАРТАПТАРДЫҢ ТӘУЕКЕЛІ МЕН БОЛАШАҒЫ
Қазақстанда венчурлық инвесторлар бар ма? Олар стартаптарға қаржы салуға дайын ба?
– Венчурлық инвестиция – бұл жоғары тәуекелді актив, ол технологиялар мен ауқымды дамыту элементтерімен байланысты. Мысалы, егер сіз донер сататын орын ашсаңыз, қанша жерден стартап болса да, сіз венчурлық инвесторға айнала алмайсыз. Бұл басқа бизнес-модель, себебі оның ауқымын кеңейту мүмкіндігі жоқ.
IT-бизнесте тұтынушыларды көбейту үшін ауқымды кеңейту керек. Мысалы, біреу «адамдар бір-бірінің суреттеріне қарап, оған пікір білдіреді» деген идеямен келді – осылай Instagram пайда болды. Немесе «адамдар қысқа видеолар көреді және оны өзі де қайталайды» деген ойдан TikTok шықты. Алғашында бұл бизнес-модель емес еді, бірақ сіз бір ғана қосымша жасасаңыз, оны миллиардтаған адам қолдана алады. Ал шаштараз ашсаңыз, күніне 10-20 адамнан артық қабылдай алмайсыз. Әр салада өз шектеулері, артықшылықтары мен кемшіліктері бар, сонымен қатар тәуекел де бар. Мысалы, Астанада бизнес-орталық салсаңыз, тәуекел аз – дұрыс орын, заңды құжаттар болса, оны жалға беру қиын болмайды. Ал стартапта бәрі басқаша: ешкім сіздің қосымшаңызды қолданғысы келетінін немесе оған ақша төлейтінін нақты білмейді.
Қазір жасанды интеллект дамып жатқан кезде бәсекеге қабілетті болып қалу үшін не істеу керек?
– Бұл өте күрделі мәселе. Тек Қазақстан ғана емес, жалпы Еуропа да жасанды интеллекттің дамуы жағынан айтарлықтай артта қалып отыр. Сондықтан біздің жігіттер үлкен нарықтарда бәсекеге түсе алуы үшін стартаптар мен венчурлық инвестициялар экожүйесіне белсенді түрде енуіміз қажет. Қазір әлемде екі ірі нарық бар – Қытай мен Кремний алқабы. Даму дәл осы жерде жүреді, ал бізге ақпарат делдалдар арқылы жетеді. Біз сол жерде болып, жаңа үлгілерге бейімделіп, байланыс орнатып, халықаралық ірі бизнес құруымыз керек.
Қазақстан қанша жылға кеш қалды?
– Мұны нақты өлшеу қиын. Қазақстандық стартапшылардың немесе біздің өңірден шыққан co-founder-лердің инновациялары бар, бірақ бәрі бір сәтте өзгеруі мүмкін. Мысалы, бір ай бұрын барлығы Американың Қытайдан алда екеніне сенді. Бірақ кейін DeepSek атты жаңа жасанды интеллект платформасы, тілдік модель шықты – Қытай тек қуып жетіп қана қоймай, тіпті Америкадан озып кетті. Бұл қанша уақытқа созылары белгісіз, бірақ қазір бірнеше айдың ішінде сізді алға шығаратын технология жасауға болады.
АДАМ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
Жасанды интеллект арқылы, мысалы, мемлекеттік аппаратты қысқарту сияқты мәселелерді шешуге бола ма?
– Кейбіреулер ЖИ адамның орнын басады деп санайды, бірақ менің ойымша, ол адамды алмастырмайды, оның жұмысын тиімдірек етеді. Өзіңізден байқауға болады – бұрын талдау жасауға бір апта кетсе, қазір ЖИ-ді пайдаланып, бір күнде жасауға болады. Мемлекеттік қызметте де солай. Мен бұрынғы мемлекеттік қызметкер ретінде бір нәрсені анық білемін – көптеген есептер мен құжаттарды ешкім оқымайды. Егер жасанды интеллектті пайдалансақ, шенеуніктердің уақытын әлдеқайда өнімді жұмыстарға бағыттауға болады. Бұл жерде үлкен әлеует бар деп ойлаймын.
Қазір Дональд Трамптың жаңа әкімшілігі қызықты эксперимент жасап жатыр. Илон Маск үкіметте министр дәрежесінде қызметке кірісіп, тиімділік департаментін басқаруда. Олар өздеріне 1,5 жыл мерзім белгілеп, содан кейін тарайтынын мәлімдеді, бірақ барынша шығындарды азайтуға уәде берді. Қазір олар барлық саланы қайта қарастырып, қажетсіз нәрселерді жабуда.
Бұл басқа үкіметтер үшін өте жақсы үлгі болуы мүмкін. Илон Маск мұны Twitter-де жүзеге асырды – ол компания қызметкерлерінің 90%-ын жұмыстан шығарды, бірақ соған қарамастан, Twitter бұрынғыдан кем жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл үлгіні кейін Facebook, Microsoft, Apple да қайталады – барлығы жаппай қысқартуға көшті, себебі мұның мүмкін екенін түсінді.
Бұрынғы мемлекеттік қызметкер ретінде айтыңызшы, біздің мемлекеттік аппаратқа не жетіспейді? Оның мықты жақтары бар ма?
– Мемлекеттік қызметкерлердің барлығын жаман деу – айтуға оңай. Мен цифрландыру саласындағы мамандармен жұмыс істедім және олардың кәсібилігін көрдім. Олар расында да алаңдайды, өзгеріс енгізгісі келеді, ұмтылыстары бар. Маған БАӘ мен Сингапурдың мемлекеттік басқару үлгісі ұнайды. Ол жақта шенеуніктер өте жоғары жалақы алады – мысалы, департамент директоры айына 30-50 мың АҚШ долларын алады.
Бізде 1500 доллар көп саналады…
– Егер адамдар жақсы жұмыс істесін десек, жалақысы да лайықты болуы керек. Бұл негізгі қағида деп ойлаймын. Бірақ одан да маңыздысы – тиімділікті арттыру. Егер мемлекеттік қызметте жоғары жалақы болса, онда білікті кадрларды тарту мүмкіндігі көбейеді. Бізде барлық жұмысты үкімет істеуі керек деген түсінік қалыптасқан. Яғни, шенеуніктер бәрін жасап, халық тек дайын игілікті қабылдап отыруы тиіс деген пікір бар. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Шенеуніктердің міндеті – негізгі инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Ол: қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, заңдар мен ортақ мүмкіндіктер. Ал қалғанын халық өздері істеуі тиіс. АҚШ-та ешкім Білім министрінің атын да білмейді, әр адам өз өмірін өзі жақсартуға тырысады. Бізге осы парадигманы өзгерту керек, барлық жауапкершілікті үкіметке артуды тоқтатып, өзімізге алуымыз қажет. Мен елімнің табысты болғанын қалаймын, сондықтан бәрін, алдымен, өзімнен бастауым керек – бұл ең маңызды нәрсе.
ӘЛЕУМЕТТІК ЛИФТ
Қазір кейбіреулер сізге «Айтуға оңай» деуі мүмкін.
– Бірақ олай емес. Мен өте қарапайым отбасынан шықтым. 1995 жылы Семейде Қазақ-Түрік лицейінде (КТЛ) оқыдым. Бұл мен үшін керемет әлеуметтік лифт болды. Біз ағылшын тілінде, жекеменшік мектепте тегін білім алдық. Қазір қарап отырсам, бұл оңай болмаған екен. Бірақ бүгінгі таңда талантты бала Назарбаев Зияткерлік мектебіне (НЗМ) түсе алады, Қазақстанда көптеген университеттер бар, «Болашақ» бағдарламасы бар – әлеуметтік лифттер бар, оларды пайдалану керек. Үкіметтің рөлі үлкен, бірақ ол сіздің өміріңізді өзіңізден артық жақсарта алмайды. Мемлекеттің міндеті – базалық жағдай жасау, ал қалғанын әр адам өзі істеуі тиіс.
Қазір Назарбаев Университеті (НУ) мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін (НЗМ) қаржыландыруды қысқарту туралы сөз қозғалып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?
– Бір нәрсені нақты айта аламын: Кремний алқабындағы қазақстандықтардың көпшілігі – НУ мен НЗМ түлектері. Бұл білім сапасының өте жақсы көрсеткіші. Менің есебім бойынша, қазір Кремний алқабында 2-3 мыңдай қазақстандық жұмыс істейді. Хьюстон, Техас, Нью-Йорк сияқты қалаларда Қазақстан қоғамының барлық тобы бар: жастар, зейнеткерлер, кәсіби мамандар, жаңадан келгендер, заңды және заңсыз жүргендер, ағылшын тілін білетіндер мен білмейтіндер – әртүрлі топтар кездеседі. Ал Кремний алқабында негізінен 25-45 жас аралығындағы азаматтар көп. Олар Батыс білімін алған, ағылшын тілін жетік меңгерген, техникалық дағдылары мықты мамандар. Айтпақшы, Кремний алқабы – әлемдегі ең қымбат жерлердің бірі. Онда тұру өте қымбат, бірақ соған қарамастан, біздің жастар осы нарықта өз орындарын тауып жатыр.
ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҚЫМБАТ МЕКЕН
Айына қанша ақша керек?
– Бұл адамның өзіне байланысты. Бірақ Кремний алқабында отбасымен тұру үшін айына кемінде 5-10 мың доллар қажет деп ойлаймын. Егер отбасының жылдық табысы 20 мың доллардан аз болса, бұл кедейлік шегінен төмен болып саналады. Кремний алқабында бензин Техасқа қарағанда екі есе қымбат, сонымен қатар бұл – АҚШ-тағы ең жоғары жалақы төленетін аймақ. Онда адамдар өте білімді, сондықтан бұл жерде біздің аймақтан шыққан мамандардың үлкен қауымдастығы шоғырланған.
Венчурлық инвестицияларды АҚШ-та еврейлер өз қолына алғаны рас па? Олар ұйымшыл дейді.
– Олар дұрыс істеп отыр. Өкінішке қарай, адамдардың көпшілігі Кремний алқабында қауымдастықтың (community) үлкен рөл ойнайтынын түсінбейді. Сондықтан біз де өз аймағымыздан шыққан мамандардың қауымдастығын құруды қалаймыз. Біз 1-2 адам ғана емес, тұтас қоғам ретінде бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Мысалы, Үндістаннан келген адам өз қауымдастығына қосылады. Олар университет түлектері мен қалалық қауымдастықтар арқылы бір-біріне қаржы береді, инженерлерді табуға көмектеседі, клиент іздейді, жалпы қолдау көрсетеді. Қазір біздің қауымдастықта мыңнан астам мүше бар. Олар стартаперлерге: алғашқы клиенттерін табуға көмектеседі, тәжірибесімен бөліседі, қысқа жолдарды (shortcuts) көрсетеді, білім береді, себебі уақытты үнемдеу өте маңызды.
ҚАТЕЛІК ЖАСАМАУ КЕРЕК
Біздің стартаперлерді не ерекшелейді? Олар қандай қателіктер жібереді?
– Біздің аймақтың әлеуеті өте жоғары, сапалы стартаперлер көп. Сондықтан біз осы салаға үлкен үміт артамыз. Ескеру керек басты қағидалар: біріншіден, АҚШ-тан тыс жерде отырып, американдық нарыққа өнім ұсыну қиын. Үлкен корпорация құрып, америкалық клиенттерді тарту үшін сіздің АҚШ-та болуыңыз қажет. Егер стартап құрып, америкалық нарыққа сатқыңыз келсе, америкалық венчурлық инвесторлардан қаржы алғыңыз келсе, АҚШ-та тұрып, бизнесті сонда дамытқаныңыз жөн. Екіншіден, жұмыс визасыз АҚШ-та заңды түрде жұмыс істеу мүмкін емес. Кейбіреулер бұл ережені білмей, заң бұзады, бірақ визалық мәселені бірінші ретте шешу керек. Бұл процесс 1-2 жылға дейін созылуы мүмкін, бірақ оны тездетудің заңды жолдары бар. Алдымен, америкалық компания ашу, банк шотын рәсімдеу қажет, бұның өзі кемінде жарты жыл не бір жыл уақыт алады. Сондықтан барлығын қатарынан жоспарлау керек.
Трамптың келуі бұл процесті қиындатпай ма?
– Жоқ, керісінше. Трамп заңсыз иммиграцияға қарсы, яғни шекараны заңсыз кесіп өтетіндерге қарсы. Бірақ білікті мамандарды қолдайды, өйткені фаундерлер – білікті мамандар. Үшінші қағида: Қазақстандағы дайын бизнес-модельді АҚШ-та еш өзгеріссіз көшіру мүмкін емес. Қазақстанда Kaspi сияқты платформа сәтті жұмыс істейді – адамдар бір-біріне ақша аудара алады. Бірақ АҚШ-та Kaspi-дің аналогын құру мүмкін емес. Неге? АҚШ-та бір ғана банк бүкіл елге қызмет көрсетпейді. Әр штатта жеке аймақтық банктер бар, бұл – қаржылық мәдениет. Сондықтан бизнес-модельді түбегейлі өзгерту немесе толықтай бейімдеу қажет. Айтпақшы, ресейлік технологиялық компаниялардың бірде-біреуі АҚШ-та табысты бола алмады. Олар: Яндекс, Рамблер, Mail.ru – бұлар АҚШ нарығында сәтсіздікке ұшырады. Америка – әлемдегі ең үлкен және ең бәсекеге қабілетті нарық. Бұл нарыққа кіру үшін бизнес-модель арнайы АҚШ-қа бейімделуі керек.
ӨЗ НАРЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?
Неге бізде бәрі шетелдік? Мысалы, такси қызметтері – Яндекс, InDriver қазақстандық емес.
– Бұл – жаһандық халықаралық платформалар. Сондықтан «біз ақымақпыз, өзіміз ештеңе жасай алмаймыз» деген көзқарас дұрыс емес. Әлемде такси платформалары өте аз: Uber (АҚШ), Lyft (АҚШ), DiDi (Қытай), Яндекс (Ресей), Еуропада бәрі Uber қолданады – бұл америкалық компания. Оңтүстік-Шығыс Азияда DiDi үстемдік етеді. Түркияда да өз такси сервисі жоқ, олар Uber пайдаланады. Бұл платформалардың ерекшелігі: Жүргізушілер мен жолаушыларды біріктіретін үлкен экожүйе. Көбінесе бұл платформалар шығынға жұмыс істейді. Олар нарыққа кірген кезде бағаны төмендетіп, нарықты жаулап алады. Мұндай стратегияны ұзақ уақыт бойы шығынға жұмыс істеуге мүмкіндігі бар ірі корпорациялар ғана қолдана алады. Сондықтан әлемдік деңгейде қызмет ететін платформалар жергілікті стартаптардан басым түседі. Бұл – бәсекелестік шарттары.
ЖЕТІСТІКТЕР
Соңғы үш жылда Қазақстанды ресейлік стартаптар басып алғандай сезілмей ме? Біздің стартаптар қайда?
– Шын мәнінде, ондай ештеңе жоқ. Егер платформалық шешімдер туралы айтатын болсақ, – Яндекс Доставка, Яндекс Еда сияқты қызметтердің болуы қалыпты жағдай. Бұл – халықаралық корпорация, ол бүкіл әлемде бәсекеге түседі. АҚШ-та да, Еуропада да бір-екі ірі платформа нарықты ұстап тұрады. Сонымен қатар бізде де мықты қазақстандық стартаптар бар: Rebra – бұл қазақстандық компания, Сергек – құжат айналымы саласындағы қазақстандық технологиялық шешім, Astana Hub – инновациялық жобаларды қолдайтын платформа. Бұлар жай ғана жеткілікті деңгейде жарнамаланбаған болуы мүмкін, бірақ бұл компаниялар сапалы шешімдер шығарып, халықаралық деңгейде бәсекелесуде. Көпшілік байқамаса да, Қазақстан цифрландыру деңгейі бойынша әлемнің ТОП-10 елінің қатарына кіреді. Біз бұл нәрсені үйреншікті жағдай ретінде қабылдаймыз. Мысалы, құжаттарды ешқайда бармай-ақ, мобильді қосымша арқылы рәсімдеу – біз үшін қалыпты дүние, ал басқа елдерде мұндай жоқ.
АҚШ-та бұлай емес пе?
– Жоқ, басқа елдерде мұндай жоқ. Бұл біздің үкімет пен цифрландыру министрлігінің үлкен жетістігі. Бізде шенеуніктерді мақтасаң, сенен жаман адам жоқ, бірақ Astana Hub – өте сәтті жоба. Онда 1000-нан астам резидент бар, олардың жалпы айналымы 1,5 миллиард долларды құрайды.
Astana Hub салық төлемейді деп жатыр ғой…
– Бұл – қалыпты жағдай. Көптеген стартап-компаниялар бастапқыда шығынға жұмыс істейді. Amazon таза табысқа 20-25 жыл өткен соң шықты, Uber тек өткен жылы ғана табысқа шықты. Технологиялық компаниялар дивидендтерден пайда көрмейді, олар акция құнының өсуінен табыс табады. Astana Hub – болашақта жұмыс орындарын ашатын және салық төлейтін үлкен компанияларды қалыптастыратын база. Бұл әлемдік тәжірибеде қолданылатын дұрыс модель.
БІЛІМДІЛЕРДІҢ БӘРІ КЕТІП ЖАТҚАН ЖОҚ
Стартаптарды дамыту жолында «білімділердің елден кету» (утечка мозгов) мәселесі туындап жатқан жоқ па
– Өте маңызды және дұрыс сұрақ. Қазақстандық бір жігіт немесе қыз Google вице-президенті, миллиардтаған доллар айналдыратын венчурлық инвестор немесе 100 миллиард долларлық стартаптың негізін қалаушы атанса, бұл жаман ба? Керісінше, мұндай адамдар біздің елге кванттық серпіліс жасауға көмектеседі. Үндістанның технологиялық дамуы неге жоғары деңгейде? Себебі Кремний алқабында 2 миллионнан астам ең білімді әрі талантты үндістандық тұрады. Олар Үндістанға инвестиция салады, елдеріне жаңа технологиялар әкеледі. Израильде де дәл солай. Еврейлердің көбі шетелде тұрады, бірақ олар өз елін қолдайды. Латын Америкасы да осындай модельді қолданады. Кремний алқабындағы үндістер АҚШ-та емес, Үндістанда технологиялық өнімдер жасап жатыр, себебі ол жақта өндіріс арзан, ал экожүйе таныс. Демек, амбициясы бар ең талантты жастар шетелге шығудан қорықпауы тиіс. Үлкен жетістікке жетіп, Қазақстанның атын таныту керек. 2022 жылы Нью-Йоркте «цифрлық номадтар» кездесуінде Қазақстан президенті «Шетелде жұмыс істеуден ұялмау керек» деді. Ол талантты жастарды қолдап, «шетелде табысты болыңдар, еліміздің атын шығарыңдар» деді. Бұл – Қазақстанның жаһандық деңгейдегі амбассадорлары!
Президент оның оралуын сұрады ма?
– Иә, Арайды шақырды. Ол Google компаниясында жұмыс істейді. Мен сол кезде Арайдың жанында отырдым, бұл әңгімені жақсы есімде сақтадым. Президент оған: «Қазақстанға қайтуды ойламайсыз ба?» – деп сұрады. Арай: «Әр адам өз орнында пайда әкелуі керек. Қазіргі таңда менің орным – Google-да, мен үлкен жобалармен айналысып жатырмын», – деп жауап берді. Ол қазір Қазақстанның дамуына белсенді түрде көмектесуде. Президент жанындағы цифрландыру комиссиясының мүшесі. Кремний алқабы туралы қазақ тілінде подкаст жүргізеді. Қазақстандағы технологияларды барынша танымал етуге, ақпарат таратуға тырысады. Яғни, біздің дарынды жастарымыздың шетелге шығуы – қалыпты нәрсе. Кейбіреулер: «Бәрі шетелге кетті, біз қалдық» – дейді. Бұл – дұрыс емес! Үздік мамандар кеткенімен, олар инновациялар мен инвестицияларды Қазақстанға әкеледі. Бұрын біз технологиялар мен инвестицияларды Америкадан, Еуропадан, Ресейден күткен болсақ, енді бұл көзқарастан бас тартатын кез келді. Кремний алқабындағы біздің фаундерлер ақшаны АҚШ-та тартады, бірақ әзірлемелерін өз аймағына бағыттайды. Осылайша Қазақстанда жаңа жұмыс орындары ашылады. Silkroad Innovation Hub арқылы 200 стартап іске қосылды. Оның тек 5-еуі ғана АҚШ-та қалды, қалған 195 стартап Қазақстанға оралды.
ЕГЕР ҚАЙТУДЫ ҰСЫНСА…
Азаматтығыңызды өзгертуді ойлап көрдіңіз бе?
– Ешқашан! Мен үшін қазақтың көк төлқұжаты өте қымбат.
Егер мемлекеттік қызметке шақырса, елге оралуға дайынсыз ба?
– Жоқ. Менің басты миссиям – біздің өңірді Кремний алқабында дамыту. Бұл – әлемдегі ең бәсекеге қабілетті нарық, мен сол бағытта жұмыс істеп келемін. Қазір басқа нәрсеге алаңдағым келмейді. Бірақ мен Қазақстанның дамуына белсенді түрде атсалысып жүрмін. Басқарма мүшесі ретінде 5 университет пен ұйымның жұмысын жақсартуға көмектесудемін. Корпоративтік басқару стандарттарын жетілдіруге үлес қосып жатырмын.
Сіздің ойыңызша, елде не өзгерді?
- Мемлекеттің халық өміріндегі рөлі азайып келеді. Бұрын әлеуметтік жәрдемақы орталықтары мен салық органдарына тәуелді болсақ, қазір бәрі цифрландырылған. Азаматтар мемлекеттің қатысуынсыз-ақ мәселелерін онлайн шеше алады. Мысалы, еGov қосымшасы арқылы: Жеке куәлікті жаңарту, төлқұжат рәсімдеу, басқа да құжаттарды алу – бәрі онлайн жасалады.
НЕГЕ ОҚУ КЕРЕК?
Неліктен сіз орнықты мансап пен жылы орныңызды тастап, АҚШ-қа оқуға кеттіңіз?
- Бай мен кедейді теңестіретін жалғыз нәрсе – білім. Байлар білімін үнемі жетілдіріп отырады. Ресурстары жоқ адамдар бір деңгейде қалып қояды, колледж немесе қарапайым университеттен әрі аспайды. Сондықтан білім алу өте маңызды. Жаңа мүмкіндіктерді іздеу керек, дамуға ұмтылу қажет.
Білім сіздің өміріңізді қалай өзгертті?
- Білім дүниетанымымды кеңейтті, жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұрын мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордан басқа салада жұмыс істей аламын деп ойламадым.
Қазір жекеменшік секторда да үлкен мүмкіндіктер бар екенін түсіндім. Баланың әлемдік деңгейдегі университетке түсуі үшін оны ерте жастан дайындау қажет. Қазіргі талаптар өте жоғары. Егер бала екі-үш тіл білсе, тесттен жақсы нәтиже көрсетсе, спортпен немесе қоғамдық қызметпен айналысса – бұл жеткіліксіз. Репетитор ЖОО-на түсудің кепілі ретінде насихатталып жүр ғой…
- Баланың бірегейлігі болуы керек. Ол өзінің ерекше тарихын қалыптастыруы қажет. Мысалы, бір сыныптасының қатерлі ісікке шалдыққанын көріп, бұл мәселені шешу үшін онкология саласында зерттеу жасауды мақсат еткен бала – ерекше бала. Қазір жоғары білімге, магистратураға сұраныс өте жоғары.
Білім деңгейін көтерудің басқа қандай жолдары бар?
- Кейбір адамдар: «Гарвард пен Стэнфордтың онлайн курстарын оқуға болады, неге міндетті түрде шетелге бару керек?» – деп ойлайды. Бірақ магистратура тек білім алу үшін емес. Магистратура – көбіне нетворкинг үшін қажет. Сен өз деңгейіндегі адамдармен танысасың. Жаңа трендтерді үйренесің. Соңғы ғылыми мақалалармен жұмыс істейсің – олар ескі кітаптар емес, дәл қазіргі сәтте жазылған зерттеулер.
ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕР
Сіз өзіңіздің қандай қасиетіңіз жетістікке жетуге көмектесті деп ойлайсыз?
- Қазақтардың ең үлкен қабілеттерінің бірі – бейімделе білуі. Біздің жігіттер Американың кез келген ортасына тез сіңісіп кетеді. Біз ауылда дәстүрлі қазақ болып, қалада прогрессивті бола аламыз, Лондонға барсақ, британдықтар сияқты өмір сүреміз, Американың Кремний алқабында табысты стартаперлерге айналамыз. Біз өзімізді өзгертуден қорықпаймыз. Болашақтың қандай болатынын ешкім білмейді. Жасанды интеллект дәуірі келе жатыр, ол қоғамды түбегейлі өзгертеді. Бірақ қазақтардың басты артықшылығы – кез келген өзгеріске бейімделе алу қабілеті. Бұл бізге жаңа дәуірге именбей енуге көмектеседі.
Сұқбаттың толық нұсқасын Ulysmedia-тің YouTube-арнасынан көре аласыз.