×
$
473.59
544.68
5.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
473.59
544.68
5.94

Бір түйір тұқымнан ну орманға дейін: «Семей орманы» тәлімбағынан репортаж

Бүгін, 11:20
Бір түйір тұқымнан ну орманға дейін: «Семей орманы» тәлімбағынан репортаж
Ulysmedia.kz коллажы

Жаңа орман қалай өсіп шығады? Осы сұрақтың жауабын іздеген Ulysmedia түсірілім тобы 2023 жылғы алапат өрттен кейін күлге айналған «Семей орманына» барды. Сол қасіретті күндері тілсіз жау 14 орманшының өмірін жалмап, мыңдаған гектар қарағайлы алқапты жойған еді. Бүгінде сол жерде жаңа орман өсіріліп жатыр. Тәлімбақтағы жұмыстарды бізге Halyk қоғамдық қорының жетекшісі Сағынбек Шүнкеев таныстырды.

Орман неден басталады?

Морозов филиалының тәлімбағында бүгінде болашақта орманға айналатын миллиондаған қарағай көшеті өсіріліп жатыр. Жақын арада олар кезінде сыңсыған қалың қарағай өскен алқаптарға отырғызылады. Ал бүгін ғана қылтиып шыққан әлсіз өскіндер жеті жылдан кейін жас қарағайлы орманға айналады.

Сағынбек Шүнкеевтің айтуынша, орманды қалпына келтіру бастамасы өткен жылдың көктемінде көтерілген.

– Экология министрлігімен меморандумға қол қойдық. Соған сәйкес Тимур мен Динара Құлыбаевтар Halyk қоры арқылы еліміздің үш өңірінде екі мың гектардан астам аумаққа орман отырғызуға бір миллиард теңге бөлді. Бұл жұмыстар «Семей орманы» резерватында, Іле-Алатауы ұлттық паркінде және Астана маңындағы «Жасыл аймақ» аумағында жүзеге асырылады.

Жоба аясында екі мың гектардан астам жерге тоғыз миллион түп ағаш егіледі.

– Бағдарлама бес жылға есептелген. Соның аясында «Семей орманында» жоспарланған екі мың гектардың төрт жүз гектарына көшет егілді. Экология министрлігі және «Семей орманы» мамандарымен бірлесіп әзірлеген технология бойынша мұнда кәдімгі қарағайдың екі жылдық көшеттері ғана отырғызылады. Себебі дәл осы ағаш түрі осы өңірдің табиғатына бейім әрі жерсіну көрсеткіші жоғары. Біз мамандардың барлық ұсынысын ескердік. Топырақ құрамын, жауын-шашынның мөлшері мен ерекшелігін мұқият зерттедік. Соның нәтижесінде бұл өңірге ең қолайлы ағаш – кәдімгі қарағай деген қорытындыға келдік.

Бұл тәлімбақ кәдімгі орман шаруашылығынан гөрі заманауи өндіріс орнын көбірек еске салады. Мұнда бәрі тұқым дайындаудан басталады. Алдымен бүрлер жиналып, 52 градус температурада, арнайы ылғалдылық режимімен кептіріледі. Сонда ғана олар ашылып, ішіндегі тұқымдар алынып, тазартылып, сұрыпталады.

Осы жұмыстардың бәрін өздеріңіз атқарасыздар ма?

– Иә, тұтас цикл өз қолымызда. Бүрден бастап дайын көшетке дейінгі барлық жұмыс осы жерде жүргізіледі. Барлығы кішкентай ғана тұқымнан басталады. Содан кейін ол біртіндеп өсіп, өміршең әрі сапалы көшетке айналады.

Көшеттердің жерсініп кететініне қандай кепілдік бар?

–  «Семей орманының» технологиялық талаптарына сәйкес көшеттердің жерсіну деңгейі 70 пен 90 пайыз аралығында болуы керек. Мәселен, көктемде отырғызылған көшеттер күзде міндетті түрде түгендеуден өтеді. Мамандар қай көшет тамыр жайғанын, қайсысы жерсінбегенін тексереді. Егер қандай да бір көшет өспей қалса, оның орнына жаңасы отырғызылады. Осылайша орманның барынша толық қалыптасуына жағдай жасалады.

Өрт болған аумақта жаңа орман қашан бой көтереді?

– Өкінішке қарай, өрттен кейін бірден ағаш отырғызуға болмайды. Өйткені топырақ әлсірейді, ал өртенген ағаштардың қалдықтары жұмысқа кедергі келтіреді. Сондықтан алдымен аумақ толық тазартылуы керек. Қазірдің өзінде тоқсаныншы жылдардағы өрттен қалған ағаштардың қалдықтарын көруге болады. Олар жерді отырғызуға дайындау үшін арнайы шығарылған. Көшеттер арнайы техникамен отырғызылады. Көріп тұрғандарыңыздай, дайындалған жыралардың бойына әр 70 сантиметр сайын бір көшеттен орналастырылады.

Жылыжай кешені толық автоматтандырылған. Мұндағы технология Швеция, Финляндия және Ресейдегі жүйемен бірдей.

Тәлімбақ қызметкерлерінің айтуынша, «Семей орманы» – Орталық Азияда кәдімгі қарағайды әрі жабық, әрі ашық тамыр жүйесімен өсіретін жалғыз тәлімбақ.

Барлық көшет жерсініп кетеді деп сенімді айтуға бола ма?

– «Семей орманы» резерватының технологиялық талаптарына сәйкес көшеттердің жерсіну көрсеткіші 70–90 пайыз аралығында болуы тиіс. Мәселен, көктемде егілген көшеттер күзде түгел түгенделеді. Мамандар қайсысы тамыр жайғанын, қайсысы жерсінбей қалғанын анықтайды. Егер қандай да бір көшет өспей қалса, оның орнына жаңасы отырғызылады. Осылайша болашақ орманның толық қалыптасуына мүмкіндік жасалады.

Көшет табиғи ортаға қалай бейімделеді

Алғашқы өскіндер үш аптадан кейін ғана қылтияды. Бірақ бұл – ұзақ жолдың басы ғана.

Одан кейін көшеттерді біртіндеп табиғи ортаға бейімдеу басталады. Жылыжайлардың қақпасы күн сайын ашық тұрады, суару тәртібі өзгереді, тыңайтқыш мөлшері біртіндеп азайтылады. Осылайша болашақ қарағайлар желге, күннің қызуына, температураның құбылуына үйренеді.

Алда оларды мүлде басқа өмір күтіп тұр. Ол жерде жылыжай да жоқ, тұрақты суару да жоқ, күнделікті күтім де болмайды. Сондықтан мамандардың айтуынша, көшеттерді табиғи жағдайға ертерек бейімдеу – олардың кейін өміршең болуына әсер ететін ең маңызды кезеңдердің бірі.

Қазір адам көзіне әзер шалынатын осы нәзік өскіндерге ерекше күтім қажет. Ал небәрі жеті жылдан кейін олар толыққанды қарағайға айналады.

Тәлімбақты аралау барысында ағаш отырғызу жұмыстары туралы көп айтылды. Сонда бір нәрсеге көзіміз жетті: ағашты жерге отырғызу – бүкіл істің ең оңай әрі ең қысқа кезеңі ғана.

Оған дейін жер дайындалады, көшет өсіріледі, оның жерсінуі қадағаланады. Егер қандай да бір ағаш қурап қалса, міндетті түрде жаңасымен алмастырылады.

Көшет отырғызу ісі іс жүзінде қалай жүзеге асады?

– Әр таң сайын тәлімбақтан көшеттер салынған жәшіктер жеткізіледі. Оларды қор қызметкерлері де, «Семей орманының» мамандары да емес, тәуелсіз аудиторлық компания қабылдайды. Сарапшы алдымен нақты қанша көшет әкелінгенін тексеріп, арнайы акт жасайды. Осыдан кейін ғана көшеттер тракторшыға беріледі. Ол арнайы техникамен көшеттерді отырғызады. Күн соңында тағы бір тексеріс жүргізіліп, сол күні нақты қанша көшет егілгені есепке алынады. Бұл жұмыс әдетте екі аптаға созылады. Неге дәл екі апта? Себебі ағаш отырғызудың өзіне қолайлы мерзімі шектеулі. Жер жеткілікті қызуы керек, бірақ топырақ әлі кеуіп үлгермеуі тиіс. Егер осы уақытты өткізіп алсақ, көшеттің жерсіну мүмкіндігі төмендейді.

Бұл ауқымды жұмыс Halyk қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр. Қор тәлімбақтардың аумағын кеңейтуге, суару жүйесін жаңартуға, су қоймаларын салуға және жаңа жабдық сатып алуға қаржы бөліп келеді. Орманшылардың айтуынша, жуырда ғана орнатылған жаңа құбырлар мен сорғылар бүгінде миллиондаған көшетті сапалы өсіруге мүмкіндік беріп отыр.

Орманды қалпына келтіру бастамасын алғаш кім көтерді?

– Бұл – Тимур Құлыбаевтың бастамасы. Біз әртүрлі жобаларды талқыладық. Ақырында келер ұрпаққа қалатын ең құнды мұра – орман деген тоқтамға келдік. Қазақстан аумағының небәрі үш пайызын ғана орман алып жатыр. Ал «Семей орманындағы» қасіреттен кейін табиғатты қалпына келтірудің қаншалықты маңызды екеніне бәріміз анық көз жеткіздік. Осылайша Halyk Ormany жобасы дүниеге келді.

Демек, Тимур Құлыбаев жобаны қаржыландырып қана қоймай, оның жүзеге асырылуын да бақылап отыр ғой?

– Әрине. Қордың барлық жобасы Қамқоршылық кеңестің қарауынан өтеді, соңғы шешімді қордың құрылтайшысы қабылдайды. Ол бағдарламаның қалай іске асып жатқанын, көшеттердің құнын, бөлінген қаржының қайда жұмсалып жатқанын толық біледі. Бұдан бөлек, әр жарты жыл сайын жобаны Экология министрлігі мен тәуелсіз аудиторлар тексеріп отырады.

Бірақ сіздер тек ағаш отырғызумен ғана айналыспайсыздар ғой?

– Иә. Жобаны қолға алғаннан кейін бір нәрсені анық түсіндік: сапалы орман өсіру үшін көшет сатып алу жеткіліксіз. Ең алдымен сол көшетті өсіретін жүйені дамыту қажет. Сондықтан тәлімбақтарды жаңғырту жұмысына кірістік.

Қандай өзгерістер жасалды?

– Тәлімбақтың аумағын шамамен бес гектарға кеңейттік. Су жинайтын резервуарлар салдық, жаңа магистральдық құбыр тарттық, заманауи суару жүйесін орнаттық. Бір ғана осы тәлімбақты жаңғыртуға 146 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Неліктен инфрақұрылымға басымдық бердіңіздер?

–  «Семей орманының» мамандарынан ең алдымен не қажет екенін сұрадық. Олардың жауабы біз күткендей болған жоқ. Көшет жеткілікті екен. Негізгі мәселе – ескірген суару жүйесінде болып шықты. Құбырлардан су ағып кететіндіктен сапалы отырғызу материалын өсіру қиын болған. Сондықтан біз алдымен сау әрі өміршең орман өсіруге мүмкіндік беретін жағдай жасауды жөн көрдік.

Бағдарлама қанша жылға арналған?

– Жоба бес жылға жоспарланған. Оны өткен жылдың күзінен бері жүзеге асырып келеміз. Қазірдің өзінде жоспарланған екі мың гектардың төрт жүз гектарына көшет отырғызылды. Бүгінде олар кішкентай ғана өскін болып көрінеді. Бірақ Экология министрлігі және «Семей орманы» мамандарымен бірге әзірлеген технология бойынша дәл осы екі жылдық кәдімгі қарағай көшеттері таңдалды. Өйткені бұл ағаш түрі жергілікті табиғатқа ең жақсы бейімделеді. Біз топырақ құрамын, жауын-шашын мөлшерін және өңірдің климаттық ерекшеліктерін зерттей келе, бұл жерге ең қолайлы ағаш – кәдімгі қарағай деген қорытындыға келдік.

Орманды қалпына келтіру – ортақ міндет

Сағынбек Шүнкеевтің айтуынша, орманды қалпына келтіру бір ғана ұйымның емес, бүкіл қоғамның ортақ ісіне айналуы керек.

– Алғашқы көшеттеріміз егілген аумаққа естелік белгі орнатуды жөн көрдік. Оның мақсаты – Halyk қорының еліміздің орман қорын толықтыруға қосып жатқан үлесін көрсету ғана емес. Ең бастысы – өзге компанияларды да осы бастамаға үндеу. Қуантарлығы, бұл үндеу қолдау тапты. Биыл көктемде жобаға FlyArystan әуе компаниясы мен EuroBak қауымдастығы қосылды. Олар да «Семей орманында» ағаш отырғызуға атсалысып, өздеріне бекітілген учаскелерге ие болды. Ол жерлерде көшеттердің осы ұйымдардың қолдауымен отырғызылғаны арнайы белгіленеді. Еліміздегі орманды қалпына келтіруге кәсіпорындар да, табиғатқа бейжай қарамайтын азаматтар да көбірек атсалысса, бұдан бүкіл Қазақстан ұтады.

Бірақ мұнда еріктілердің көмегі аса қажет емес сияқты. Көшеттердің бәрі арнайы техникамен отырғызылады ғой...

– Технология тұрғысынан қарасақ, расында солай. Арнайы техника бұл жұмысты әлдеқайда жылдам әрі сапалы атқарады. Соған қарамастан адамдарды шақыруды жалғастырамыз. Өйткені өз қолымен ағаш еккен адам оны сындырудың немесе жоюдың алдында он ойланады.  Біз үшін мұндай шаралардың негізгі мақсаты – отбасыларды, балаларды осында алып келіп, орманның қалай өсетінін көрсету. Кейін олар: «Мына жерде мен еккен ағаш өсіп тұр», – деп мақтанышпен айта алса, одан асқан нәтиже жоқ.

Қазақстанда қайырымдылық көбіне мұқтаж жандарға тікелей көмек көрсетумен байланыстырылып келді. Halyk қорының бүгінгі басты миссиясы қандай?

– Біздің ұстаным бұдан әлдеқайда кең. «Балық бергенше, қармақ бер» деген қағиданы басшылыққа аламыз. Сондықтан адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Мына тәлімбақ қызметкерлерінің жұмысына қараңызшы. Олар өз ісіне шын берілген. Қарағайды жай ғана өсіріп жүрген жоқ, жүрек қалауымен еңбек етіп жүр. Еуропадағы тәжірибені де зерттейді, бірақ біздің табиғи жағдайдың мүлде өзгеше екенін жақсы түсінеді. Сондықтан тұрақты даму дегеніміз – тек жаңа технология енгізу емес. Ең алдымен, оны іске асыратын мамандарды қолдау, олардың кәсіби әлеуетін арттыру.

Демек, Halyk Ormany жобасы жергілікті халықтың да қолдауына ие болды ғой?

–  Әрине. Біз тек ағаш отырғызуға қаржы бөлумен шектелген жоқпыз. Тәлімбақтарды жаңғыртып жатырмыз, жаңа технология енгізіп жатырмыз, көшет өсірудің сапасын жақсартып, мамандарға қолдау көрсетіп келеміз. Бірақ ең маңыздысы – адамдарды осы іске жұмылдыру. Өйткені орман тек бір түйір тұқымнан ғана басталмайды. Ол адамның табиғатты аялауға деген ниетінен басталады.

Жобаға небәрі екі жыл болды. Алдағы жоспар қандай?

– Ең қызығы енді басталады. Бүгін сіздер кішкентай тұқымның көшетке дейінгі бүкіл жолын көрдіңіздер. Алда жаңа тәлімбақтар салу, жабдықтарды жаңарту, мамандарды оқыту, отырғызылатын аумақтарды кеңейту сияқты жұмыстар тұр. Бағдарлама ресми түрде бес жылға есептелгенімен, бұл істің мұнымен аяқталмайтынына сенімдімін.

Кетер сәтте жылыжайларды тағы бір шолып өттім. Ұсақ қана өскіндерге, тұқымды дәлдікпен сеуіп жатқан автоматтандырылған құрылғыға, әр көшеттің күтімін жіті қадағалап жүрген мамандарға көз салдым. Сол сәтте мұнда күн сайын көзге көріне бермейтін үлкен еңбек атқарылатынын ұқтым. Бүгін егілген кішкентай тұқым ертең өскінге айналады. Екі жылдан кейін орман алқабына көшіріледі. Ал жеті жылдан соң аспанмен таласқан сұлу қарағай болып жайқалады. Демек, орман бір күнде пайда болмайды. Ол табиғатты сақтауға деген ниеттен, табанды еңбектен және болашаққа деген сенімнен басталады.