×
$
444.88
513.26
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.88
513.26
5.28

Елдің қай өңірлерінде бес жасқа дейінгі балалар жиі қайтыс болады және оның себебі неде

Бүгін, 13:42
Елдің қай өңірлерінде бес жасқа дейінгі балалар жиі қайтыс болады және оның себебі неде
Pixabay.com

Қазақстанда 2025 жылы бес жасқа толмаған 2,7 мың бала қайтыс болған. Олардың 2 мыңға жуығы тіпті бір жасқа да толмаған. Көбіне өлімге жүктілік пен босану кезіндегі асқынулар себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алаңдатарлық статистика

2021 жылы Қазақстанда бес жасқа дейінгі 4,4 мың бала қайтыс болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,7 мыңға дейін төмендеген, яғни өлім-жітім 38,5% азайған. Былтыр қайтыс болған балалардың шамамен 1,5 мыңы – ұл бала, деп хабарлады Energyprom.

Өңірлердегі жағдай айтарлықтай ерекшеленеді. 2025 жылы бес жасқа дейінгі балалар өлімінің ең жоғары көрсеткіші Қызылорда және Ұлытау облыстарында тіркелген – тиісінше мың тірі туған балаға шаққанда 10,5 және 10,4 жағдайдан.

Ең төмен көрсеткіш Ақмола облысында – 5,1. Астанада бұл көрсеткіш 6,4, Алматыда 6,6 болған.

Егер коэффициентпен емес, қайтыс болған балалардың нақты санымен есептесек, ең көп жағдай Түркістан облысында тіркелген – 455 бала.

Балалар неге бір жасқа толмай қайтыс болады?

2025 жылы бір жасқа толмаған 2 мыңға жуық сәби қайтыс болған.

Негізгі себептердің бірі – перинаталдық кезеңде, яғни босануға дейінгі уақытта, босану кезінде немесе өмірінің алғашқы күндерінде пайда болған аурулар мен асқынулар. Былтыр осы себептен 921 сәби көз жұмған.

Екінші орында – туа біткен ақаулар.

Алайда өлім-жітімнің барлығы ауруға тікелей байланысты емес. 2025 жылы бір жасқа толмаған 87 бала жазатайым оқиғалар, улану және жарақат салдарынан қайтыс болған. Бұл қатарға жол-көлік оқиғалары, терезеден құлау, күйік және басқа да қайғылы жағдайлар кіреді.