×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Маған тағылған айыптар тергеушілердің қиялынан туған: Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасы жөнінде өз нұсқасын айтты

16.02.2023, 09:26
Маған тағылған айыптар тергеушілердің қиялынан туған: Қайрат Құдайберген қаңтар оқиғасы жөнінде өз нұсқасын айтты
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қаңтар оқиғасына қатысты сауалдар толастар емес. Нақты, дәлелденген ақпарат жоқтың-қасы, тек БАҚ-тағы аз ғана ресми мәліметтер мен әлеуметтік желілерде зардап шеккендердің шағымдары тараған. Ақпарат құралдары оқиғаға негіз болатын көп дүниені анықтауға тырысып бағуда. Ulysmedia.kz журналистері шерушілерді ұстау, камералардағы азаптау, жоғары лауазымды шенеуніктердің қамалуы туралы ондаған мақала жариялады. Алайда «құпия» мөрі бар деректер сол күй ашылған жоқ. Қандай да бір оқиға немесе құбылыс туралы неғұрлым аз айтылса, ол туралы соғұрлым көбірек білгіңіз келетіні бар емес пе? Бұл бұрыннан бар нәрсе.

Қаңтардағы қанды қырғынды кім және қандай мақсаттарды көздеп ұйымдастырды? Біз бұл тақырыптағы ақпаратты там-тұмдап болса да жинай беруді тоқтатпаймыз. Алайда, соның салдарынан, бұрын беймәлім болып келген мәліметтерді табуға тырысқанымыз сайтымызға ауыр шабуылдардың жасалуына себеп болғанын айтуға тиіспіз. Десе де ондай қоқан-лоқылар, қорқыту әрекеттері тілшілеріміздің жігерін мұқата алмайды, тіпті өршелендіре түсуі мүмкін.

Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергеннің қамауға алынуы көптеген сұрақтар туғызды. Иә, оған қаңтардағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген айып тағылып жатыр. Тергеушілер істі 2022 жылдың 23 желтоқсанында аяқтады, бірақ қамауда ұстау мерзімі қаңтарда тағы да ұзарды, жетінші мәрте!

Қайрат Құдайберген билік құрылымдарына, жұмсақтап айтқанда, сенімсіздеу көрінген, ол тым ашық әрі әңгімешіл еді. Сондықтан да болар, жақтастары оны сотқа дейін-ақ, тек қылмыстық істің ашылуының негізінде партиядан шығарып, депутаттық мандатынан айырып тастады.

Қ.Құдайберген сәуір айында тергеу изоляторына қамалды. Содан кейін Алматы прокуратурасы алдын ала болжамға сүйеніп, оны қылмыстық ұйымның «Дикий Арман» лақап атымен танылған жетекшісі Жұмагелдиевпен бірге «қаңтар оқиғасы кезінде наразылық білдірушілердің басын қосып, топ ұйымдастырды» деп айыптады.

Содан бері Қайрат қалалық мәслихат депутаты бола тұра, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін қамауда отыр, ал Қылмыстық кодексте мұндай әрекетке 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Күдіктінің өзі Ulysmedia.kz тілшісіне тергеушілердің бұл істі неге сонша ұзақ уақыт бойы бітіре алмай жүргенін баяндап берді. Сұрақтарымызды сотталушыға оның қорғаушысы әрі анасы Бибігүл Қабдолдина арқылы жолдадық.

Айта кетерлігі, біз тергеу камерасынан әр сұрағымызға жауап жазылған қолжазбаны дер кезінде алып отырдық. Ондағы біздің сұхбатымыз былай өрбіген:

– Сәуір айынан бері сізді қамауда ұстау мерзімі жеті рет ұзартылғанына қарағанда іс тоқтап қалған сияқты?..

– Менің ойымша, мұның себебі – айыптау материалдарында іліп алар дәнеңе жоқ. Қамауда ұстау мерзімін бір ұзартқанда олар сараптама жүргізу қажеттігін алға тартты, бірақ ол сол кездің өзінде дайын болатын. Тағы бір жолы – менің қатысуыммен бейнематериалдармен танысуға және оларды сараптамаға дайындауға уақыт керек болды. Нәтижесінде, ұсынылған 55 материалдың ішінде төртеуінде ғана бар болып шықтым, яғни тергеушілер уақыт созып жүргені белгілі болды. Былтырғы 15 желтоқсандағы ұзарту туралы қаулыда олар енді «Қазақстан» қонақүйінің бейнебақылау камераларынан алынған жазбаларға сараптама жүргізуге уақыт қажет екендігін ескертті. Ол 2022 жылдың 5-7 қаңтары аралығындағы бейнежазбаларды цифрлық өңдеуге және тексеруге арналған. Бұл сараптама, неге екені белгісіз, Шымкентте жүргізілді. Олардың айтуынша, екі күнде қонақүйдегі жазба көлемі 10 терабайтты құраған!

Әрине, мен бейнебақылау маманы емеспін, бірақ мұндай үлкен көлемдегі ақпарат қайдан келеді? Неліктен сараптама бірнеше рет жүргізіледі және неге Шымкентте? Тергеу маған қысым көрсету үшін әдейі созылып жатқанына сенімдімін.

Айтпақшы, менің ісім бойынша тергеу 2022 жылдың 23 желтоқсанында аяқталған екен, бірақ мен бұл туралы хабарламаны 2023 жылдың 23 қаңтарында, яғни тура бір айдан кейін алдым.

Тергеушілер қаңтар оқиғасы бойынша басқа да күдіктілерді митингке қатысушыларға 400 доллардан таратқаным туралы куәлік беруге көндіргені туралы деректер бар. Бірақ көпшілігі бас тартқан, мүмкін олар намыстан аттай алмаған шығар. Қанша адам қысымға шыдамай немесе үйқамаққа босатуға уәде алып, мұны айтуға келіскенін білмеймін.

Біз президент әкімшілігіне арыз жаздық, президент әкімшілігі оны Бас прокуратураға жіберді. Бас прокуратура оны ведомствоаралық жедел тергеу тобының басшысы Тимур Қырылдақовқа беруі мүмкін, ол өз кезегінде менің тергеушілеріме жіберді деп ойлаймын.

Мені қорқытып, қысым көрсеткен сол кездегі жедел тергеу тобының маманы Алмас Түкеновке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол күдіктілер отырған тергеу изоляторына заңмен тыйым салынғанына қарамастан, емін-еркін кіріп, мені камерадан шығарып, кеңсесіне алып барды. Содан соң адвокаттарымсыз, дөрекілікпен жауап алуға кірісті. Өзіне қарсы куәлік беруімді талап етті, әйтпесе 15 жылға жаба салатындығын айтты. Көп ұзамай Антикор іс қозғап, кейін ол тоқтатылды. Ал Түкенов жедел тергеу тобынан шығарылып, іле-шала Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары болып тағайындалды. Шамасы, Отаны алдында «ерекше» қызмет еткен болар.

– Сізбен бірге тергеу камерасында кім бар? Ол адамдарға қандай айып тағылып жатыр?

– Қазір камерада жалғызбын, қауіпсіздік мақсатында өзім сұрандым. Оған дейін менімен бір бап бойынша күдікке ілінгендермен қатар отырдым. Олардың біріне кейіннен ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысы бар және қарақшылық ұйымдастырды деген баптар қосылды. Екіншісіне жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген айып тағылды. Мені басқа камераға ауыстырған соң, бірнеше күннен кейін бұзақылық жасады деген күдікке ілінген жігітті орналастырды қасыма. Екі күннен кейін өздерін «Антикордың қызметкерлеріміз” деп таныстырған адамдар оны тергеуге шақырып, өздерімен «жұмыс істеуді» ұсынған. Ол өзінің мен туралы материалдар жинау үшін жұмысқа алғылары келетінін бірден түсініпті, бұл «ВКР» (палаталық өңдеу) деп аталады. Ол жігіт азамат екен, бас тартты, келесі күні оны менің камерамнан шығарып алды. Содан кейін қаңтар оқиғасы кезінде тонау бабымен ұсталған тағы біреуін отырғызды, біз сол кезде де оның кінәсіздігі үшін күресіп бақтық.

Мені қолдауға келген азаматтар – кәсіпкерлер, блогерлер, қоғам белсенділері оның ісінде қылмыс құрамы жоқ екенін дәлелдеуге күш салды. Бір аптаның ішінде соты болып, бостандыққа шықты.

– Сіз Қайрат Сатыбалдыны танисыз ба? Танысаңыз, онымен қандай қарым-қатынаста болдыңыз? Достық па, іскерлік пе?

– Мен онымен таныс емеспін, ешқашан көрмегенмін де.

– Ал Жұмагелдиевпен қалай таныстыңыз?

– Мен Жұмагелдиевті былтыр 5 қаңтар күні алаңда кездестірдім. Маған тағылған айыптың негізі де осы. Тергеушілердің пайымынша, мен Жұмагелдиевтің азаматтық белсенділігін қолдап, көпшіліктің оған деген оң көзқарасын қалыптастыруға қызмет етіппін. Сондықтан мені қаңтар оқиғасының ұйымдастырушысы қылмақшы.

видеодан кадр

видеодан кадр

Ал мен сол күні алаңда халықты тыныштандыруға тырысып, полицейлерді қорғадым. Оның дәлелі болатын бейнежазбалар бар, бірақ тергеушілер оларды көрсетпеуі мүмкін. Өйткені, құзырлы органдардың бар мақсаты – мені террорист етіп шығару. Мен сарбаздарды оқшаулап, қорғауға тырыстым, сол үшін басымнан жарақат та алдым, мұрныма сойыл да тиді. Мұның бәрі видеода жазылған. Мен өзімнен қаһарманның бейнесін жасауға тырыспаймын, десе де шындыққа жетуге күш саламын.

...Алаңда Жұмагелдиев сөз бастағанда, қасымдағылар: «Сен де халықтың алдында сөйлейсің», – деді. Жұмагелдиев сол кезде халықты бірлікке шақырғандықтан ғана қасына жақындадым. Ол кезде билікті басып алу жайында мүлде айтылған жоқ, ешкім сарбаздар мен полицейлерді ұрып-соғуға шақырмады. Мен Жұмагелдиевтің мәлімдемелерінің орындылығын, сондай-ақ оның соңынан алаңға шыққан көптеген адамдар сөзін тыңдайтындығын сездім. Ал алаңдағы бейберекетсіздікті тоқтатуы тиіс тәртіп сақшылары бұған шамалары келмейтініне көзім жетті. Сондықтан Жұмагелдиевпен қалай болғанда да күш біріктіруді ойладым.

– Алаңға барғанда, онда не болып жатқанын және Жұмагелдиевті сол жерде кездестіретініңізді білдіңіз бе?

– Әрине, жоқ, Жұмагелдиевті алаңға шығады деп мүлде ойламадым.

– Неліктен наразылық білдірушілерді тарап кетуге шақырмадыңыз, өйткені сіз билік өкілі – мәслихат депутаты ретінде істің соңы жақсылықпен аяқталмауы мүмкін екенін түсінуіңіз керек еді?

– Мен жаңа ғана айтқанымдай, халықты үйлеріне қайтуға шақырдым! Оның үстіне, көбісін көндірдім де. Тіпті, көпшілікті оқ өтпейтін күртешелерін шешіп, қалқандары мен шоқпарларын тастады. Мұның бәрі видеода бар.

– Оқиғаның куәгерлері алаңда, әуежайда қара киімді, қазақша сөйлемейтін адамдар болғанын алға тартады. Мұндай жандарды кездестірдіңіз бе? Егер солай болса, олар кімдер және кейін қайда жоғалып кетті?

– Мен оларды көрген жоқпын. Шағын топтар болғанымен, араларында арандатушылар да жүрді. Бірақ қара киген адамдарды, өзге тілде сөйлейтіндерін кездестірмедім. Олар қайда кетті? Бәлкім, “20 000 лаңкеспен” бір жерде шығар? Кім білсін?..

– Алаңға жиналғандарға қалалық мәслихаттың депутаты екеніңізді айттыңыз ба, әлде жасырдыңыз ба?

– Мен алаңға ел қамын ойлайтын қарапайым адам ретінде шықтым.

– Мәжіліс сізбен байланыста болды ма – хатшысы бар, төрағасы бар, әріптестеріңіз бар? Біреуі бірдеңе хабарлады ма, хат-хабар алмастыңыз ба?

– Мен де полиция департаменті басшысына, әкімнің орынбасарына телефон соқтым, партиямен де байланысуға тырыстым, басқа да жауапты азаматтарды шақырдым, ешкім жауап бермеді. Барлық қоңыраулар қазір тергеушілерге түскен телефондарымда сақтаулы.

– Әкімдер мен депутаттарды алаңға шықпады, халықпен тілдеспеді деп айыптайды көпшілік. Ал сіз оқиғаның ошағында болғандардың бірісіз, өзіңізді кінәлі сезінбейсіз бе?

– Қала әкімі халықпен сөйлесуге шықса, бәрі басқаша болар еді деп ойлаймын. Десе де ешкімге ренжіген жоқпын, өйткені билікке еш қатысым жоқ. Мәслихат депутаты – биліктің емес, халықтың мүддесін қорғайтын адам.

– Тергеу неге кешіктіріліп жатыр? Оны өзіңіз қалай түсіндіресіз?

– Мені неге темір торда ұстайтындарын түсінбеймін. Барлық айыптаулар істі саяси тапсырыспен «созып жатқан» тергеушілердің қиялынан туған. Оның үстіне, тергеушілер мені танымайтын Болат Назарбаевқа қарсы куәлік беруімді бірнеше рет өтінді. Мәслихат депутаты ретінде ғана хабарласқан Бауыржан Байбекке және елімізге белгілі бірқатар кәсіпкерлерге қарсы куәлік етуге үгіттеді. Бірақ мен кімге болса да жала жабудан бас тарттым, өйткені ертең бәріміз Құдай алдында жауап беруіміз керек. Сондықтан мен мұндай айғақтар бере алмаймын.

Болат Назарбаев

– Сізді айыптауға не негіз болды – фото, видео ма, әлде біреудің айғағы ма?

– Айыптаулар Жұмагелдиевпен алаңда және «Қазақстан» қонақүйінде болған бірнеше бейнематериалдарға және Инстаграм желісіндегі Жұмагелдиев туралы жазбама негізделген. Дәл осы жазбам мені «жағымды имидж жасады» деп айыптауға себеп болған сияқты. Бір пост және осындай керемет нәтижелер!.. Мен бостандыққа шыққан соң, мені кем дегенде Google маркетинг жөніндегі вице-президенті болуға шақыру керек. Тіпті, тергеу изоляторының дәліздерінде кейде жолығып қалатын Жұмагелдиевтің қасындағылар таң қалады. Әрі ешқандай әзіл-қалжыңсыз, «Мұнда не істеп жүрсің?» деп сұрайды. Өйткені, біз бір-бірімізді бұрын-соңды мүлде көрмегенбіз.

– Жауап алулар қалай өтіп жатыр? Сізді азаптай ма? Қандай сұрақтар қойылады? Жұмагелдиевпен бетпе-бет кездестіңіз бе?

– Бастапқыда тергеудің қысымы, тіпті психологиялық айла-амалдары болды, жоқ кураторларыма қарсы куәлік берсем, үйқамаққа шығаратындарын айтты. Сұрақтардың ойластырылып қойылғаны сонша, кез келген жауап сізді темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығаратындай еді. Тергеуге шындық емес, бап бойынша жауапқа тартылатын адам керек. Осы уақыт ішінде Арман Жұмагелдиевпен бірде-бір рет бетпе-бет кездескен емеспін, бірақ тергеушілер бізді сыбайлас деп отыр. 

– Мәсімов мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген болжам бар. Оны қалай дайындады, нәтижесінде не алғысы келді? Біз оны біле алмайтын шығармыз, өйткені, сот «өте құпия» мөрі бар құжат аясында өтіп жатыр. Тым болмаса, билік шоғырланған Астана да тып-тыныш. Қалай ойлайсыз, Алматыда алаңда болғандар мемлекеттік төңкеріс жасау үшін митингке шықты ма?

– Бірде-бір алаңға шыққан азаматтың аузынан «Билікті төңкереміз!» деген бір ауыз сөз естіген жоқпын. Олар мемлекеттік төңкерісті емес, әлеуметтік теңдік реформасын, лайықты жалақы мен азық-түлік бағасын, қалыпты медициналық қызмет алу мүмкіндігін және халықтың қарыз жүктемесін шешуді сұрады.

– «Қазақстан» қонақүйінде не болды, неге ол кенеттен бас кеңсеге айналып кетті?

– «Сақиналар әміршісінен» «Мордорға» айналған «Қазақстан» қонақ үйіне қатысты бұл оқиғаның барлығы ізгі ниеттен басталды. Алдымен тергеушілер жауызға айналдырмақ болған Азамат Оспанов пен оның інісі бар, «Колибри» сауда үйінің жанында кездесіп қалдық, сосын бізге қаланың тыныштығына, тонауды тоқтатуға мүдделі басқа да адамдар қосыла бастады.

Алдымен Фурмановтағы «Мон Ами», «Бочонок» және тағы бірнеше кафедегі ахуалды тыныштандырдық. Содан соң Абай көшесінің бойымен Достыққа қарай жүрдік. Жолда дүкендерді тонап үлгерген ұрыларды көрдік, бірақ оларды ұстап үлгермедік, қашып кетті. Содан соң Республика сарайына жетіп, бірнеше минут тұрдық. Сосын біз өзімізді тонаушы деп қателесетін шығар деген оймен, «Қазақстан» қонақүйінің артындағы автотұраққа барып тоқтадық, сол жерде бұл сұмдықты қалай тоқтату керектігін талқыладық. Біреу Қырғызстандағы революция кезінде еріктілердің қалай әрекет еткенін айтып, сәйкестендіру белгілерін қоюды ұсынды. Алдымен олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері киетін көкірекшелер туралы айтты, бірақ бұл ақылға қона қоймады, содан кейін білекті ақ бинтпен байлап алуды ойладық. Мен «Қазақстан» қонақүйінің қожайыны Мұрат Қасановті танитын болғандықтан, оған телефон соғып, бинт жасау үшін жайма сұрадым. Мұрат бірден көмектесетінін айтты да, қонақүйге қоңырау шалып, Ballroom залын ашып, бізге жаймаларды бере бастады.

Күзетшілерді күтіп тұрғанымызда маған таныс емес бір жігіт келіп, ұялы телефонын берді. «Братан сенімен сөйлескісі келеді» деді. Мен одан: «Ол қандай братан?» деп сұрадым. «Дикий Арман» деп жауап берді. Телефонды көтердім. Ол мені қарсы алған жігіттермен Ritz-Carlton қонақ үйіне келуімді ұсынды. Мен ешқайда бармайтынымды айттым, «Егер қаласаңыз, өзіңіз келіңіз» дедім. Ол көп ұзамай қонақүйге жетті. Мұрат Қасанов та бізбен бірге еді, ол адамдарына шәй мен қажеттінің бәрін әзірлеуді тапсырды. Содан кейін біз не істеуіміз керектігін және қалаға қалай көмектесу керектігін талқылай бастадық.

Тергеу қазір мені қылмыстық топты жинады деп айыптап отыр. Бұл жай ғана күлкілі, өйткені блогерлер, кәсіпкерлер, қоғам белсенділерінің қылмыстық элементтері болса, жарайды. Жұмагелдиевке біреулер келді, маған біреулер келді. Прокуратурадан, Ішкі істер министрлігінен, ҰҚК-ден адамдар болды дейді, мен оларды танымадым, сондықтан нақты айта алмаймын, бірақ басқалары болды дейді. Сонымен, «Қазақстан» қонақ үйі, дәлірек айтсақ, Ballroom, яғни мейрамхана, тергеушілердің пікірінше, бас кеңсеге айналды.

– Алаңда қызыл күртеше кигендер кімдер, қолдарына ақ таңғыштарды қандай принциппен тағып алған? Сіз осы қайғылы оқиғаларға дейін олардың біреуін білдіңіз бе?

– Ақ таңғышты Арман Жұмагелдиев емес, халықтың өзі таратты. Ал, «қызыл күртешелер» негізінен бос сөз және тергеушілердің бос қиялынан туған. Өйткені, президенттің орденімен марапатталған Дамир Аманжолов та, дәл осындай әрекеті үшін қамаққа алынған мен де қызыл күртеше кигенбіз.

– Сіз өз кінәңізді мойындадыңыз ба? Егер сіз өзіңізді кінәсізбін деп есептесеңіз, сізге қатысты қылмыстық іс қозғалғанына кім мүдделі деп санайсыз?

– Мен мойындамадым және мойындамаймын, өйткені бәрі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бұл менің сыбайлас жемқорлықпен, синтетикалық есірткіге қарсы, әсіресе, букмекерлік кеңселермен, онлайн казинолармен, лото клубтармен күресімнің нәтижесі екеніне сенімдімін. Желдің бәрі сол жақтан есіп тұр. Ал тергеу деп аталатын бұл цирктің бәрі – саяси тапсырыс. Мен, тіпті нақты есімдерін атайын: Болат Назарбаевтың серіктесі Қанат Арбиев және Olympbet негізін қалаушылардың бірі әрі серіктесі Михаил мені түрмеге отырғызар алдында ортақ досым арқылы маған миллион доллар ұсынды. Есесіне мен есірткі мен ойын бизнестеріне тосқауыл болмауым керек.

Алайда, мен Instagram-дағы парақшамда 34 000-нан астам адам қол қойған онлайн петицияны бастап кеттім. Қазір ол құжатқа белгісіз техникалық себептермен қол қою мүмкін емес. Бірақ бұл букмекерлік кеңселерден, онлайн казинолардан, лото клубтардан адамдардың жапа шеккені шындық! Қанат Арбиев көптеген құқық қорғау органдарының өкілдерімен, әсіресе, прокуратура органдарымен тығыз қарым-қатынаста. Бұл туралы көптеген адамдар, тіпті Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері де біледі.

– Сізді күніне неше рет жауап алуға шақырады?

– Бұрын аптасына 2-3 рет шақыратын, қазір мүлдем тоқтап қалды. Қыркүйек, қазан, желтоқсан айларында – қаңтар оқиғасының бір жылдығы қарсаңында белсенділік байқалған.

– Сот алдында партиядан шығарылып, депутаттық мандатыңыздан айырылғаныңызды қалай түсіндіресіз? Бұл сізге соққы болып тимеді ме?

– Керісінше, соққы емес, бірақ көңілсіздік болды. Осының бәрі партиялық бірлік пен бірегейлік идеологиясының жоқтығынан, тіпті, ұят нәрсе. Мені депутаттық мандатымнан не үшін айырғанын білесіз бе? Қамауда болған кезімде депутаттық қызметімнің нәтижесі төмендегені үшін. Мұндай бос сөз естимін деп мүлде ойламадым. Темір тордың арғы жағындағы адам нәтижені қалай көрсетуі керек?! Бұған дейін халықтың шешілген мәселелері рейтингінде бірінші орында тұратынмын!

– Қаңтар айында билік көтерілісті басып тастады,  биліктің жеңіске жету жолындағы әдістерін ақтайсыз ба?

– Бұл сұраққа жауап берсем, олар мені міндетті түрде түрмеге отырғызады.

– Қазір көптеген сарапшылар барлық тәртіпсіздіктердің артында кейбір ұйымдастырушылар тұрғанын айтады. Сіздің ойыңызша, қаңтарда халықты көшеге кімдер алып шықты?

– «Аса құпия» санаттағы материалдарға қандай да бір жолмен қол жеткізген «диван» сарапшылар мен жазармандардың адалдығы үшін гонорар алған актерлерден басқа ешкім емес. Ақиқатты білу үшін халық соттың ашық өтуін талап етуі керек! Халық шындықты білуі тиіс!

Қ.Құдайбергеннің адвокаты Бауыржан Бейбатыровтың сөзінше, прокуратура істің сотқа өткізілмей жатқанын жәбірленушілердің материалдармен танысуына уақыт керектігімен түсіндірген. Жәбірленушілер  – аты-жөндері құпия 44 адам. Олар қылмыстық істің 250 томын қашан оқып бітетіні белгісіз.

Қайрат Құдайберген 2022 жылдың сәуірінен бері қамауда отыр. Осы уақыт ішінде ол мемлекеттің қанша ақшасын шығындады және оның ісін осылайша жайбарақат жүргізіп жатқан полиция мен тергеушілерге бюджеттен қанша төленді? Біздің білгіміз келген бір сауал – осы.

Ulysmedia.kz редакциясы Қайрат Құдайбергеннің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Бибігүл Қабдолдинаға уақытша ұстау изоляторы камерасынан сұхбат ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс білдіреді.