×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Қымбатшылық, кедейлік, санкциялар мен бюрократтар жайлы – Серік Жұманғаринмен эксклюзив сұхбат

17.05.2023, 10:29
Қымбатшылық, кедейлік, санкциялар мен бюрократтар жайлы – Серік Жұманғаринмен эксклюзив сұхбат
Коллаж: Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz порталының бүгінгі қонағы – Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. Бұрын антимонополия қызметін басқарып, бертін Сауда және интеграция министрі, вице-премьер қызметіне келген басшымен бір сағаттан артық әңгіме өрбіді.

Серік Мақашұлына әртүрлі сипаттағы сұрақ қойылды. Елдегі қымбатшылық, кедейлік, Ресейге салынған санкциялардың әсері, Қазақстанға салынуы мүмкін санкциялар, бюрократтар жайлы біршама сауалға Серік Жұманғарин барынша жауап беруге тырысты.

БІЗ ТАУАРЛЫҚ АШТЫҚҚА ТАП БОЛДЫҚ

– Серік Мақашұлы, сізбен сұхбатты бюрократтар тілімен емес, өз сөзіңізбен өрбітсек деген ниет бар. Бүгінгі сұхбатқа арқау болатын тақырып сізге де белгілі: кедейлік, азық-түліктің қымбатшылығы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мәселен, несие алатын халықтың саны 25 пайызға өскен. Ұлттық банктің азаматтардың жалпы несие жүктемесі 13,4 трлн теңгеге жеткен. Бір жарым миллионға жуық адамның тойып тамақ ішпейтіні айтылып жатыр. Бұл тақырыптарды біздің де портал тұрақты түрде көтеріп жүр. Бірақ осы ретте үкімет тарапының жұмыстары жөнінде алдымен айтып өтсеңіз. Неліктен қымбатшылық тоқтамай тұр? Қымбатшылықтың шегі бар ма?

– Біз қымбатшылықтың серпінін тоқтаттық. Наурыз айында инфлция деңгейі 0,4 пайыз болса, сәуір айында 0,2 пайыз болды. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда қазір инфляция деңгейі төмен. Оған біраз негіз бар. Қазақстан экономикасына әсер ететін біраз факторлар қазір өз жұмысын тоқтатты.

Біріншіден, ол әрине коронавирус. Осыдан бірнеше күн бұрын Денсаулық сақтау ұйымы ковид эпидемиясы тоқтатылғанын жариялады. Екіншіден, ол әрине, логистика үзілісі. Бүкіл логистикалық тізбектер кезінде үзілді. Ол біріншіден, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыспен байланысты. Себебі Ресей шетелдік бизнес үшін қолайлы, адам саны көп, кең нарық. Кезінде сонда біраз шетелдік тұтынушыларға тауар шығаратын танымал компаниялар зауыттарын ашқан. Былтырдан бастап кете бастады. Біраз компания Ресей нарығынан кетті. Ал бізге тауардың көбі Ресейден келетін. Сол себепті тауарлық аштыққа тап болдық. Ол тек азық-түлік емес, басқа тауарларға да қатысты. Әйелдерге, балаларға арналған, тұрмыстық заттардан бастап бәріне қатысты.

Қазір ақырындап жағдай өзгеріп жатыр. Мәселен, ірі сауда желілерімен сөйлескенде олар «биыл қол қойған келісімшарттарда баға төмендеп жатыр» дейді. Азық-түлік емес тауарларды айтып отырмын. Тұтыну инфляциясының индексі бар. Оның ішінде азық-түлік тауарларының үлесі тек 41 пайыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің үлесі 11,7 пайыз. Инфляцияға қатты әсер етпейді. Қалғанының бәрі азық-түлік емес тауарлар. Сол себепті мысалы сәуір айының қорытындысын алсақ, инфляцияға әсер жасаған солар – «нон фуд» тауарлар. Электротехника, тұрмыстық химия, басқа елдерге жолдамалар бар оның ішінде.

– Қарапайым халық техника мен жолдама дегенді мүлде армандамайды да. Неге тамақ қымбаттай береді?

– Тамақтың қымбаттайтынының жылма-жыл кезеңі бар. Мысалы маусымаралық кезде көкөністер, жемістер өспейді. Қазақстанның табиғаты сондай. Сондықтан, наурыз, сәуір, мамыр, маусымның басын айтсақ, ол айларда көкөністер мен жемістерді шет елдерден әкелеміз. Өмір бойы солай. Шетелде баға қазір қымбаттап жатыр. Маусымаралық кезеңде қайда кетсек те баға өседі. Біздің міндетіміз – оның серпінін төмендету. Сол бағытта қазір біраз іс-әрекеттерімізді аударып жатырмыз.

Былтыр қазан айында, қарашада бүкіл жергілікті органдардан 100 млрд теңге жинап алып, қорларға жинақтап, 140 мың тонна тауар сатып алдық. Ішінде картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз бар. Соны осы жылдың ақпанынан бастап сатуды бастадық. Әлбетте, мұның өзі бірден әсер еткен жоқ. Себебі жаңа инфляцияның өз инерциясы бар. Бірақ наурыз айында тоқтаттық. Ақпанда инфляция 22 пайыз болса, наурызда 18 пайыз, қазір 16,8 пайыз болса, мамыр айында 15,7 пайызға шығуымыз керек. Кестеміз бар. Соны сақтасақ, жыл аяғына дейін 10 пайызға дейін инфляцияны төмендетуге болады.

Қазір инфляция деңгейі 16,8 пайыз. Себебі ол болмаған нәтиже. Былтыр осындай уақытта инфляция 20 пайыздан өсіп кетті. Форвардтық сатып алу арқылы бірден ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қаражатты береміз. Яғни Павлодар, Қарағанды өңірлерінің фермерлерінен тікелей сатып алдық. Олардың өз қоймаларында тауары жатыр. Керек кезде біздің әлеуметтік корпорацияларымыз әкеліп, оны халыққа сатады.

Екіншіден, сату рәсімдері бар. Қазір сауда-саттыққа біздің ірі сауда желілерін шақырдық. Магнум, Смол, Ануар басқаларын... Себебі ол да күрделі сұрақ. Қазір Қазақстанда олардың бүкіл сауда-саттықтағы үлесі 37 пайыз. Өте аз. Ресейде бұл көрсеткіш 70 пайыз. Ірі сауда желілері тәртіпке көнеді.

– Ал бізде көнбейді...

– Жоқ, көнеді, бірақ аз. Бізде халық көбінесе азық-түлікті үйдің жанындағы дүкендерден, базарлардан алады. Ал ол – өткен заман. Қазір әлемдегі тренд – заманаға сай форматтарды дамыту.

«МЕМЛЕКЕТ МАГНУМ, СМОЛДАРДЫ НЕГЕ ҚОЛДАЙДЫ?»

– Алайда әлемде бәсекеге қабілетті сауда желілері ғой. Ешкім олар үшін лобби жасамайды. Жасыратыны жоқ, соңғы 30 жылда Магнум, Смол басшыларының кім екенін білеміз. Смол мәселен, Әнипа Назарбаеваның, Магнум Кимдердің иелігінде екенін жақсы білеміз. Яғни барлық жерде мүдде бар. Мемлекеттен қолдау алатын бақыттылар да осылар. Неге бізге басқа ірі жүйелерді, кәсіпкерлерде қолдамасқа?

– Біз мынау Магнум немесе мынау Смол деп ешкімді қолдамаймыз. Үкіметтік бағдарлама бүкіл сауда желілеріне арналған. Шешімді Сауда және интеграция министрлігі қабылдамайды. Даму қоры қолдайды, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері ықпал етеді. Бизнес өкілдері бар. Ол – алған несиенің пайызын субсидиялау ғой. Инфрақұрылым өткізу, екіншіден, қымбат несиелерді арзандату. Соған біз қаражат бөлдік. Биыл бірінші рет 10 млрд теңге бөлінді. Биыл сондай жаңа әрі заманға сай форматтарды сала бастадық. Мақсатымыз – 2027 жылға дейін солардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізу.

Оларды реттеу де, бақылау да оңай. Барлығында кассалық аппараттар бар. Екіншіден, форматтары өте танымал. Адамдар оны біледі. Үшіншіден, олардың бәрі заңды тұлғалар.

– Былтыр біздің порталымызға шағымданған бір фермерлер «өз тауарларымызды аталған Смол, Магнумдарға қойғымыз келеді, бірақ бізде мүмкіндік жоқ, олардың сөрелеріне кіру үшін пара беру керек, талаптары өздеріне ыңғайлы» дейді. Қарапайым фермерлер сауда желілеріне кіре алмайды екен. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Мұндай әңгімені естідім. Фермерлерді жинадым. Бірақ жалпы айтқанда толығымен бұл ақпарат шынайы емес. Сауда желілерінде ретробонус деген бар. Ол – бизнес форматтарының негізі. Біз біраз ойладық. Әрбір бизнестің өз негізі болады ғой. Сауда желілерін дамыту – ғылым сияқты. Өйткені біраз факторларды есепке алу керек. Көп жерден тауарды әкеліп, логистиканы есептеу керек. Бір тауар өтсе, екіншісі өтпей қалуы мүмкін. Біріне арзан, екіншісіне қымбат баға қоясың. Оның ішінде Үкіметтің саяси тәуекелдерін есепке алу керек. Сол үшін ретробонус деген бар. Оның бәрін реттеу керек, әрине, бірақ толығымен алып тастау – дұрыс емес.

Сауда желілеріне күнделікті, толығымен, ассортименті бар сатушылар керек. Ал ондайлар Қазақстанда жоқ. Өте аз. Мен Мәскеуде жұмыс істеген кезде Ресейдегі сауда желілерін жинап едім. Оларда да Магнит деген ірі сауда желісі бар. Күнделікті ассортименті тұрады. Ал бізде тұрақты түрде келетін тауар түрлері – Сарыағаш пен Тассай сулары. Болды. Қалғандарының қуаттылығы жетпейді.

ШЕШІМ – НАРЫҚТЫ ЖАУЫП ТАСТАУ

– Былтыр бүкіл елде қант тапшылығы пайда болды. Шын мәнінде бұл жылдағы жыр. Халық қантқа таласып қалды. Биыл бұл мәселе қайталанбай ма?

– Қызылша өсіру үшін жер керек. Фермалар мен зауыттардың иелерімен қарым-қатынасты реттеу керек. Сол себепті былтыр кешенді жоспар бекітілді. Былтыр қызылша алқабы 12 мың га болса, биыл 18 мың га жеткіземіз. 350 мың тонна өзіміздің қызылшамызды жинаймыз. Жалпы 2026 жылдың қорытындысында біз 250 мың тонна қантты өз қызылшамыздан жасауды көздеп отырмыз. 43 пайыз.

Қазір біздің зауыттарымыздың қуаттылығы 750 мың тоннаға дейін жетеді. Қазақстанға керегі – 553 мың тонна. Сондай қажеттілікпен біз өз-өзімізді қамтамасыз ете аламыз.

– Ендеше, неліктен осындай проблемаға душар болып отырмыз?

– Біз осындай шешім қабылдадық. Қазір қызылшаның жоқтығынан бөлек, кешенді жоспар өздігімен орындалып жатыр. Біз бүгінгі таңда назарымызды шикі қантты шет елдерден әкеліп, өз зауыттарымызды толығымен жұмыспен қамтамасыз етуге аудардық. 18 млрд теңге үкіметтің қаражатын бөлдік. Зауыттарға айналым ақша болсын деп. Бірақ қазір шикі қант 25 пайызға дейін биржаларды қымбаттап кетті. Міне, сондықтан, Қазақстан өндірушілерінің қанты бүгін де өте қымбат. Ресейдің қанты келісіне 380 теңгеден бастап 440 теңгеден кіреді. Біздің қант одан 50 теңгеге дейін қымбат. 500-510 теңге.

Шешім қандай? Шешім – нарықты жауып тастау, бағаны көтеру, минималды көтерме баға қою.

– Қант бағасын одан сайын көтеру деп ойлайсыз ба?

– Қанттың бағасын өз зауыттарымызды қолдау үшін ішкі нарықта көтерме бағасын көтеру. Ондай мүмкіндік бар. Ондай құралдар бар.

– Не себепті ендеше мемлекет оларды қаржыландырды?

– Оны да ойлап жүрміз. Мамырдың инфляция жағынан қорытындысын қараймыз. 16 пайыздан төмен болса, онда біз өз зауыттарымызды қолдау үшін нарықты жабамыз. Бағаны көтереміз. Керек болса біздің зауыттарға субсидия береміз.

– Одан да қантты мүлде бас тартатын шығармыз? Субсидия алған компания бағаны көтермесін ендеше?

– Бағаны көтереміз бе, субсидия береміз бе – оны есептейміз. Алайда мамырдың аяғында оны жасау керек. Неге? Себебі қант қажет ететін, жұрттың бәрі тосап қайнататын кезең келе жатыр. Баға көтеру деген оңай емес. Қанттың бағасын көтерсек, жалпы инфляцияға әсері 0,3 пайыз болады. Күнделікті сақтап жүрген инфляцияны 0,3 пайызға жіберу оңай емес. Сондықтан, алдымызда сондай сұрақтар туындап жатыр.

– Былтыр қантқа таласып жатқан халықтың видеосы тараған кезде елдің бәрі оларды жабайыға теңеді. Қант деген меніңше, халық үшін символ секілді. Ата-әжелеріміз су мен нанмен өсті. Сол кезде қант болмаған кезде ол азықтың өзі жоқшылық пен баршылықтың арасындағы символға ұқсап кеткен сыңайлы. Былтыр өңірлерді аралап жүріп, қанттан бас тартқан адамдарды көзім көрді.

– Әке-аналарымыз, ата-әжелеріміз жоқшылықты көрген адамдар. Соғыс кезінде, соғыстан кейін біраз қорлық көрген адамдар. Бірдеңе жоқ болса, сол себепті бәрі үйінде сақтап қалуға тырысады. Ол деген психология. Жастарда ондай жоқ, әрине.

«ЖАЛПЫ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАМАН ЕМЕС»

– Соңғы уақытта халық тамақтың өзін несиеге ала бастады. Магнум мен Каспий банктің қожасы бір болғаннан кейін олардың интеграциясы өте үлкен. Тамақты несиеге алатындай жағдайға қалай жеттік? Соған тосқауыл қоя аласыздар ма?

– Болады ондай. Каспий ред пе еді!? Адамның ол еркін шешімі. Біз оған қалай тосқауыл қоямыз? Несиенің түріне шектеуді Ұлттық банк қоюы мүмкін. Бірақ меніңше, несие заңды. Әрбір адам қалай болатынын өзі шешеді.

– Бірақ оның өзі сигнал ғой. Ойлаңызшы, тамақ алуға ақшасы жоқ адамдар оны несиеге алып жатыр. Үкімет үшін үлкен сигнал емес деп ойлайсыз ба?

– Ештеңе айта алмаймын. Әр адамның жағдайы ерекше. Неге тамаққа оның ақшасы жоқ? Оны да түсіну керек қой. Кеше жеке қабылдауымда бір қызық азамат болды. Жиен немересі көлік сатып алу үшін несие алған. Ал бізге келіп, сол көліктің пайызын тоқтатыңыз, несиесін жабыңыз дейді. Ұсыныс түсті. Көмектесуге тырысамыз, әрине, бірақ осындай да жағдай болуы мүмкін.

– Ендеше, несие жағынан халыққа қандай кеңес бересіз? Несие алма дейсіз бе?

– Ешкімге ешқандай кеңес бере алмаймын. Себебі әр адамның өмірі ерекше. Кейбір адамның жағдайы өте қиын. Адамдардың осал топтары тапқан қаражатының көбін тамаққа жұмсаса, ол деген өте бізге жаман сигнал. Не істеу керектігін ойлау керек. Мүмкін, бір әлеуметтік бөлімдерді ашу керек шығар. Бірақ біз қазір әлеуметтік көмекті өзгертіп жатырмыз. Әлеуметтік әмиян ашылды. Керек болса, үкіметтің осал топтарға деген көмегін көбейтерміз. Осал топтарға СМС-хабарлама арқылы көмек беріледі. Бірақ көп адам одан бас тартып жатады. «Иә» десе, комиссия келіп, жағдайын тексеріп, көмек беріледі.

Биылдан бастап бір отбасыға 40 мың теңге берілсе, оның ішінде 12 мың теңгесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алу үшін жұмсалуы керектігін ескертеміз. Себебі оның да психологиялық әсері бар ғой. Адам үкімет осы отбасының жағдайын ойлап жатқанын білуі керек. Кейбіреулер ақша аспаннан түсіп жатыр деп ойлайды. Біреу емес, ол үкіметтің саясаты

– Өңірлерді аралап жүрсіз. Халықтың жағдайына сырт көзбен қарағанда қалай бағалайсыз? Жаныңыз аши ма?

– Жыл басынан бері 7-8 өңірді араладым. Біз өз-өзімізді тауарлармен қамту жағынан үлкен жоба бастадық. Биылдан бастап 100 млрд теңге бөлінді. Жалпы біз тірек елдімекендерге бардық. Адамдардың жұмысы бар. Жағдайы жеткілікті. Қостанай, Солтүстік, Абай, ШҚО, Түркістанда болдым.

– Көңіліңізден шығып жатыр ма?

– Жалпы халықтың жағдайы жаман емес. Көбі тірлік жасап жатыр. Үкіметтің көмегі де жетеді. Субсидиялардың өзіне 432 млрд теңге бөлдік. Ол аз ақша емес. Бірақ әрине тірек елдімекендер, басқа жерлер бар. Мүмкін біз көрмей қалған шығармыз.

– Әр саланы айтқанда ауыл шаруашылығында бізде көп қате кеткені айтылады.

– Президент айтты. Биылдан бастап бес жыл ішінде салаға 1 трлн теңге бөлініп жатыр. Ауыл аманаты деген бағдарлама басталды.

– Ол қаражат кімдерге бөлінеді?

– Ауылда тұратын азаматтарға. СПК арқылы аударылады. Ауылды елдімекендерде коперативтер ашылады. Техникаларын сатып алады. Халыққа әлі де жер беріледі. Мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріледі. Несие бір қолға 2,5 пайызбен 7-8 млн теңгеден беріледі.

– Бағдарлама қашан басталады?

– Биыл басталды.

– Яғни малы жоқ кез келген адам СПК-ға барып, құжаттарын тапсырып ала ала ма?

– Әлбетте, өтінім берген адамның мүмкіндігі бар ма, жоқ па – тексеріледі. Бағдарламаның өз талаптары бар. Ауылда тұратын азаматтарға бизнесті бастауға мүмкіндік беріледі.

– Қалада тұратын пысықтар ауылға пропискасын өзгертіп, бағдарлама қаражатын жымқырып кетпей ме? Ауылда тұрақты тіркеуде кемі 10 жыл бойы тұрған азаматтарға берілуі керек деп есептемейсіз бе? Қаланың пысықтары тағы ауыл азаматтарының игілігін алып кетеді деп ойламайсыз ба? СПК-лардың өзінде ығайлар мен сығайлар отыр ғой?

– Өңірлерде құралдар болуы керек. Бағдарламаны енді қалай іске асырамыз? СПК – өңірлік даму институты. СПК-лардың бәрі туралы олай айтуға болмайды. Бәрі адамдарға байланысты.

– Бізде министрлік әкімдікке сілтейді. Бағдарлама бәлкім тап-тамаша шығар. Бірақ ол ашық түрде жүзеге аса ма? Сұрақ сонда. Сол бағдарламаны орындаушы өздеріңіз болуларыңыз керек емес пе?

– Әрине, ауылда тұратын азаматтарға өте ыңғайлы бағдарлама. Одан бөлек, тағы бір бағдарлама бастадық. Біз қазір біраз тауарға тәуелдіміз. Оның ішінде сүт бар. Статистиканы қарасаңыз, бізде 6 млн тонна сүт бар. Бірақ жалпы заңды және жеке тұлғалар, тауарлық сүт – 1,8 пайыз болған. Зауыттарымыздың қуаттылығы жағынан сүт олардың қажеттілігін 77 пайызға қамтамасыз етеді. Сондықтан, биыл 100 млрд теңге бөліп, өңірлерді аралап, бизнесмендермен кездесіп, әкімдер қолдап, 65 тауарлық сүт-фермасын салуды бастадық.

– Сонда тіпті біз өз-өзімізді сүтпен де қамтамасыз ете алмай отырмыз ба, қазір?

– Бізде тауарлы сүт жетпейді. Бізге жалпы қажеттілікті жабу үшін 120 сүт тауарлы ферма керек. Екіншісі – тауық еті. Ол жағынан өз-өзімізді 60 пайызға қамтамасыз етеміз. Бірақ екі жылдың ішінде осы бағдарлама негізінде өз қажеттілігімізді толығымен жабамыз. Үшіншіден, балық өнімдері. Ассортимент болуы керек, себебі ассортимент деген тауарлардың арасындағы бәсеке. Ол да бағаға әсер етеді. Төртіншісі – суармалы жерлер. Оның маңызы ерекше. Бізде су мәселесі үлкен проблема болып тұр. Солтүстікте Ертістен біз 8 млрд кубометр су ала аламыз. Соны пайдалану керек. БҚО, оңтүстікте де жобаларымыз бар. 20 мыңнан астам шаршы шақырым жерді суаруға мүмкіндік бар. Заманға сай әдістермен.

– Биыл өз-өзімізді сумен қамти алатындай жағдай бар ма бізде?

– Мен атап өткен шаруаларға шамамен 2 жыл керек. Қаражат толығымен бөлінсе әрине. Былтыр 400 млрд теңге сұрап едік. Енді тек 100 млрд теңге бөлінді. Биыл соншама сома бөлінсе, оған да рахмет! 3-4 жыл ішінде шаруа бітеді. Одан кейін өз жағдайымыз азық-түлікпен қамту жағынан толығымен өзгереді.

– Сонда 2 жылда деп отырсыз ғой?

– Сондай жоспарларымыз бар.

– Ал егер 2 жылда өзгермей қалса не болады?

– Ендеше, үш жылда өзгереді. Ол қаражатқа байланысты. Себебі бүкіл жоба дайын. 406 млрд теңгеге жоба дайын. Оны орындайтын бизнесмендер де бар. Тек қаражатқа қарап жүрміз бәріміз. Үкіметтің шаруалары көп қой. Сол себепті бөлінбесе келесі жылы күтеміз. 2025 жылға дейін сол жұмысты бітіреміз.

ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІНЕ «ҚАРА АҚҚУЛАР» КЕЛМЕСІН ДЕП ОТЫРМЫН

– Субсидия немесе мемлекеттен басқа да көмек алып келе жатқан компаниялар – соңғы 10-15 жылда көмек алып келе жатқан компаниялар ма? Әлде сол Родина, басқалар ма?.. Мәселен, үлкен деңгейге жеткен сол баяғы Сауэрге неліктен мемлекет көмектесуі керек? Жалғыз Сауэрге қатысты емес. Сүт немесе ет өндірісі жағынан бізде аты белгілі компаниялар бар. Ал қолдауды бір ғана компаниялар ала бере ме?

– Жоқ, қолдау да өзгеріп жатыр. Біз жаңа инфрақұрылым жүйесін енгіздік. Кім бірінші кезекке тұрды – сол бірінші алады. Қазір Сауэр, Зенченколар, басқалар болсын – сен танымалсың, сен ірісің, саған береміз, анаған бермейміз деген әңгіме жоқ. Бәрін инфрақұрылым шешеді. Сондықтан, оны дұрыс деп есептеймін.

Субсидия жүйесін өзгерту жағынан идеялар болған. Бірақ шаруалар наразылығын білдірді. Өйткені көбі жұмысын жоспарлайды. Алған несиелерінің ішінде субсидиялары да бар. Қазіп алып тастасақ, әрине, шаруаларға қиын болады. Сондықтан, біз келесі үш жылда ештеңе өзгертпейміз деген шешім қабылдадық.

– Тәуекелге бел бууға қорқақтап отырсыздар ғой иә?

– Иә. Оны есептеу қиын. Біраз фактор бар. Әлемде «қара аққулар» деген термин бар ғой. Тағы да Қазақстан жеріне «қара аққу» келмесін деп отырмын. Қазір субсидияларды алып тастап, басымыз бәлеге қалуы мүмкін.

ААА

– Былтыр мемлекетке қаншама мың гектар жер қайтарылды. Сол жер қазір қайда? Кімнің балансында? 5,4 млн га жердің қайтарылғаны туралы ақпарат бар...

– Халыққа беріледі. Ауыл аманаты бағдарламасы арқылы ауылды елдімекендерге, мал шаруашылығына беріледі. Суармалы жерлерге бөлінеді. Фермерлерге бөлінеді. Жер жұмыс істеуі керек. Биыл осы екі айдың ішінде 0,9 млн га жерді қайтардық. Биылдың жоспары – 5 млн га. Мен айына бір рет жиналыс өткізем. Былтыр 9 желтоқсанынан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі менің жауапкершілігіме кірді. Сондықтан, сұрақ өте көп.

– Осының бәрінің қадағаланса дейміз. Қазір тағы бір ширақ бизнесмендер келіп, жерді қайтадан алып алмаса...

– Қазір бір адамның қолына берілетін жер шектеулі. Бір қожалыққа 35 мың га-дан астам жер берілмейді. Одан өттік. Миллион гектарлар беріп, олар несие алып, банкрот болған кездер өтті. Ондай жоқ. Енді олай болмайды. Өте қиын мәселе, бірақ жоба керек. Ауыл шаруашылығын индустрияландыру керек.

Өзім де бизнестен келген адаммын. Ауыл шаруашылығы саласында жеке азаматтарды қолдау керек. Ауыл аманаты деген жақсы бағдарлама. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бар. Оны орындаймыз, бірақ халықтың жағдайын дұрыс ойлау үшін ірі жобалар керек. Өз-өзімізді толығымен 80 пайыздан астам ең маңызды тауарлармен қамтуымыз керек. Нарыққа басқа елдің бизнесмендері қызықса, олар үшін біздің нарық қосымша болып қалады. Баға бірден көтеріледі. Былтыр көрдіңіз. Қант жағдайы болғанда біздің елде бірден келісі 1 мың теңгеден көтеріліп кетті. Тапшылықтар адамдар ызаланып кетті. Сол себепті субсидияны беруге де, бағаны да көтеруге болады. Бірақ тапшылыққа жол беруге болмайды.

– Қазір жанар-жағармайдың бағасы көтеріліп жатыр. Мұндайда инфляцияны қалай ұстап тұрасыздар? Мүмкін бе?

– Біраз жылдың саясатының қорытындысы бойынша қысқа мерзім ішінде біраз проблеманы реттеп жатырмыз. Амал жоқ, шешу керек. Инфрақұрылым тозып кетті. Жалпы айтқанда, өндірісіміз жетеді. Ал көршілеріміз алып кетіп жатыр.

– Көршілерге бермей қойсақ қалай?

– Ал оны қалай жабасың? Біз Еуразия экономикалық одағындамыз. Нарықты жаба алмаймыз.

– Неге сол одақтан шыға алмаймыз?

– Ол күрделі саясаттың сұрағы. Бүгін ол туралы айтпай-ақ қояйық. Оның пайдасы көп. Нарық 160 млн адам. Оны дұрыстап пайдалана алсақ, әрине. Қазақстанда жалпы 20 млн адам тұрса, оның жартысы ғана экономикалық белсенді азаматтар.

– 20 млн адамды толық қамти алмай отырып, бізге 160 млн адамның не қажеті бар?

– Ол өмір бойы болатын мәселе емес қой. Ол шешіледі. Әрине, ол уақытша. Біздің қиындықтарымыз өте көп. Алайда келешекте Қазақстанның жағдайы жақсаруы керек. Өз-өзімізді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен де, басқамен де қамтамасыз ете аламыз. 100 пайыз шешілетін мәселе.

Жанар-жағармайды айттыңыз. Дизель отынының қымбаттауының жалпы әсері азық-түлікке көп болмайды. Себебі шаруаларға біз дизель отынын бұрынғы бағамен 419 мың тонна бөлдік. Өнім өсіруге, тасымалдауға оларға жетеді. Содан кейін мүмкін әсер ететін шығар. Деректерді кезінде бердім: қантқа 2,5 пайызға, күнбағыс майына бар жоғы 2 пайызға дейін өседі. Өндірушілердің көбі ешбірінің зауыты дизель отынымен жұмыс істемейді. Жанар-жағармай бағасы тасымалдау жағынан басқа бизнес түрлеріне әсер ететін фактор. Оның мультиликативті әсерін есептеу қиын. Көтергенімізге жарты ай өтсе де, біраз әсер әлі сезіп тұрған жоқпыз. Келесі айда қалай болатынын көреміз.

Коммуналдық тарифтер өседі. Былтыр Екібастұзды, Теміртауды, Риддерді көрдік. Үкімет қаражаты есебінен бәрін жабуға мүмкіншілік жоқ. Сондықтан, тарифтерді беру керек. Әрине, осал топтарға қиын болады. Дегенмен оларға әлеуметтік әмиян арқылы көмектесу керек. Олардың бәрі шешілетін мәселелер.

Бізде жанар-жағармай өндіру үшін тағы бір зауыт керек деген әңгімелер айтылып жатыр. Жаңа зауыт керек пе, әлде жоқ па? Мәселе шешіліп жатыр. Шымкенттің зауыты кеңейтуге ең қолайлы.

– Ал оған тағы мемлекеттің қаражаты кете ме? Әлде инвестор тартыла ма?

– Инвесторлар бар арасында. Ол жердегі үлес қытайлық инвестордың иелігінде.

САНКЦИЯҒА ТҮСПЕУ КЕРЕК

– Сіздің сөзіңізден байқасам, бізде барлық жерде мемлекеттік реттеу бар. Әлеуметтік көмек, субсидия, қолдау... Бәрін үкімет қолмен реттеп отырған сыңайлы. Біз айтып жүргеніміздей бірқатар саланы бәсекелі ортаға беру керек деп есептемейсіз бе?

– Мемлекеттің өзінің міндеті сондай. Азаматтарды қорғау, әлеуметтік көмек жасау, қызмет көрсету, мемлекеттік қолдау көрсету. Қалғанының бәрі қосымша шаруалар.

– Еуразия экономикалық одағы туралы айтып қалдыңыз. Бізде оған қарсылық көп. Ресеймен ғана емес, кез келген одақта ұлттық мүддені үкімет мүшелері қаншалықты ойлайды?

– Халық проблемалардың негізін іздейді, бірақ ЕАЭО-ға кіргенімізге бес жыл болды.

– Бес жылда қандай пайда әкелді бізге одақ?

– Өте қысқа мерзім. Ертең пайда бола ма, болмай ма – ол өзімізге байланысты. Осы үлкен нарықты пайдалана аламыз ба, жоқ па? Біріншіден, өзімізден сұрау керек. Бизнесімізді дамыту керек. Экспорттық әлеуетті арттырып, басқа нарықтарға шыққан абзал. Меніңше, болашақ бар. Әрбір экономикалық одақтың болашағы бар. Басқа мәселелерді реттеуге болады. Келісіп, дауласу керек. Барғанда біз біраз жұмысты жасап жатырмыз. Оны адамдар көрмейді, алайда көміріміз қазір Еуропаға өтіп жатыр. Биыл Ресей арқылы 1 млн тоннаға жуық бидай өтті. Мұнайымыз да өтіп жатыр. Одақ болмаса қалай болар еді? Қайда жіберетік едік? Оны адамдар ойлай ма, жоқ па? Біздің бизнесмендер Ресейге тауарын апарып жатыр. Пайда көреді. Ресейден шикізат алады. Оның бәрі сауда-саттық. Тек бизнесмендер ғана не болып жатқанын біледі.

Қазір одақ туралы бөлек әңгіме болсын. Біраз мәселені онда айтуға болады. Оның жақсылығы, бізге әсер ететін мәселелері де бар. Оған дайындалу керек.

– Ресейге қарсы санкциялар бізге қалай әсер етіп жатыр?

– Әрине. Бірақ оның да бізге пайдасы тиіп жатыр. Ресейден кеткен компаниялардың біразы біздің елге көшті. Бізге инвестиция салып жатыр.

– Не себепті соғысып жатқан әрі санкциялардан тұншығып жатқан Ресейде Қазақстаннан қарағанда азық-түлік бағасы арзан?

– Ресей санкция басталған 2014 жылдан бастар біраз жұмыс атқарды. Ауыл шаруашылығы саласында. Қаражатты шаруаларға құйды. Арзан несие берді. Аграрлық индустрияландырудан өтті. Толығымен өз-өзін қантпен қамтыды. Сүтпен, қызылшамен, жеміс-жидекпен. Сол себепті қазіргі нәтижесі бұл – 2010 жылы басталған жұмысының қорытындысы. Біз де биыл бастадық. Нақты жүйелі Ресей сияқты құрылым жасап жатырмыз. Өз-өзімізді қамту үшін бәрі.

– Санкцияларға ілініп кетпейміз бе?

– Министрлік бұл мәселені күнде бақылап отыр. Трейд радар деген сайт аштық. Кәсіпкерлерге не жасауға болатынын, нені жасауға болмайтынын түсіндіріп жатырмыз. Шетелдік өкілдермен кездестік. Жақында олар келді. Сөйлестік. Жалпы сұрақтар бар, бірақ бақылауда.

Санкцияларға түсіп қалу мүмкіндігі болады. Өйткені әрбір бизнесменнің не істеп жатқанын білмейсің. Олар өз ұсыныстарын бізге берді. Өз талаптарын көрсетті. Сол себепті тиісті жұмысты атқарып жатырмыз. Санкцияға түспеу керек.

– Бір сұхбатыңызда өз жұмысыма көңілім толмайды деп айтып қалдыңыз.

– Жоқ, жұмысым туралы емес, инфляция мәселесін айттым.

– Бізде министрлер келіп, кетіп жатыр. Ал сіз өз алдыңызға осы қызметте қойған нақты мақсатыңыз бар ма?

– Әрбір адамның жұмысы шектеулі. Себебі бүкіл бағаны мен тоқтата алмаймын. Біріншіден, бүкіл бағаны біз реттемейміз. Бірақ қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тоқтатуға қолымызды жеткіздік. Енді сол жұмысты жалғастыру керек. Жыл аяғына дейін президент тиісті тапсырма берді. Инфляция 9 пайыздан төмен болсын деген. Жанар-жағармайдың бағасын көтеруде, тарифтердің көтерілуіне қарамай, биыл тапсырманы орындауға тырысамыз. Қолымыздан келсе, онда өзімнің және әріптестерімнің жұмысына әрине риза болар едім.

– Бір жылдары Бақыт Сұлтановтың кезінде бөлшектік тарату орталықтарын ашу жөнінде бастама көтерілген еді. Қазір сол бастаманы жалғастырып жатырсыз ба?

– Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы соларды салу деген ой болды. Бірақ заман өзгеріп кетті. Біраз проблема туындады. «Қара аққулар» келді. Инфляция өсіп кетті. Содан кейін банктердің несиесінің көлемі өзгерді. 22 пайызға дейін қымбаттады. Яғни МЖӘ арқылы құрылатын ғимараттар. Сол себепті оны тоқтаттық. Қазіргі есеп бұрынғы есеппен салыстырғанда екі есе қымбат. Енді ол орталықтарды салмаймыз.

«МЕН ДЕ БЮРОКРАТПЫН»

– Жұмысқа қатысты сынды қалай қабылдайсыз? Кулуарда журналистер әртүрлі сұрақ қойған кезде ренжисіз бе?

– Ренжімеймін, жалпы көп назар аудармаймын. Бұл менің жұмысым. Президенттің тапсырмасы ғой. Ол халық үніне құлақ асатын мемлекет болсын деді. Халық алдына шығу керек. Журналистермен ғана емес, халықпен кездесемін. Журналистер де әртүрлі. Кейбірі хайп іздейді, кейбірі шынында өзінің ресми қызметтерін жасап жүр. Ренжитін адамдар жоқ арасында. Ақпараттық жариялау – ол менің жұмысымның бір бағыты.

– Кейбір министрліктер шешім қабылдауда батылдық танытпайтын секілді. Жауапкершілікті алғысы келмейтіндей көрінеді...

– Шешім қабылдауда министрліктердің жұмысы бір-бірімен өте байланысты. Сондықтан, арасында бюрократия арасында көп болады. Бірақ бюрократияның да көп болмаса өз пайдасы бар. Жалпы мемлекеттің құрылымына кіреді дұрыс шешім қабылдаудың өзі. Бюрократтар жалпы керек, бірақ көп болмауы тиіс. Президент аппараттың бәрін бюрократиядан арылту керектігін айтты ғой.

– Өзіңізді бюрократтар қатарына жатқызасыз ба?

– Әрине, үкімет құрамында жұмыс істеп жатқан адаммын. Бір жағынан бюрократия ішіндегі адаммын.

Мен мемлекеттің өкілімін. Мемлекеттің өзінің ішкі бюрократиясы бар. Сондықтан, мен де көнем. Тәртіп, регламент бар.

– Президент Тоқаевпен байланысыңыз қандай?

– Кейбір ресми сапарында қасында болам. Менің сұрағым бар кезде кездесулерде болам. Керек кезде сұрақ қояды. Бір тоқсанда барып есеп берем.

– Кезінде Назарбаевтың да қабылдауында болдыңыз. Антимонополия қызметін басқардыңыз. Жұмыстың бұрынғы және бүгінгі форматында өзгеріс бар ма?

– Бұрынғы президентке кірген емеспін. Ештеңе айта алмаймын.

– Солай ма?

– Солай. Бір рет Совбездің қабылдауында болдым. Салыстыра алмаймын. Қазір бәрі ашық. Заман былтырдан бастап мықты өзгерді. Мемлекет өкілдерінен, министрлерден халықтың, БАҚ-тың сұранысы, талабы өте көп. Осынау ашықтықта жұмыс істеу өте ерекше. Біреулерге мүмкін қиын шығар.

Сұхбатты Самал Ибраева жазып алды. Вице-министр Серік Жұманғаринмен әңгіменің толық нұсқасын порталымыздың Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан тамашалауға болады.