×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

"Оператор РОП" ісі: кінәсін мойындамаған Құмарғалиев Назарбаевамен байланысқанына неге өкінеді

24.08.2023, 11:33
Коллаж: Ulysmedia.kz

"Оператор РОП" ісі бойынша соттан кейін сұрақтар азайған жоқ - көпшілігіміз тұңғыш президенттің қызы Әлия Назарбаеваның "экологиялық" қалауын орындаушылардың неге жазалағанын әлі түсінбейміз. Ulysmedia.kz осы атышулы іс бойынша сот отырыстарының хронологиясын жүргізді және сотталғандардың дәйекті уәжіне қарамастан "ханшайымның" сотқа шақырылмағанына таңғалды.

"Оператор РОП" ісі қалай аяқталды

Естеріңізге сала кетейік, 3 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Оператор РОП" ЖШС басшылары мен  бұрынғы экология вице-министрін соттады. Ахметжан Пірімқұлов мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Компания директоры Светлана Коротенко 7 жылға сотталды.

2019 жылдың соңынан 2022 жылға дейін компанияны басқарған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. "Оператор РОП"  қаржы директоры Рустам Темірбек те кінәлі деп танылды, алайда ол рақымшылыққа ұшырап, түрмеде бір жыл ғана отыратын болды. 

Сот материалдары бойынша сотталғандардың барлығы 2016 жылдан бастап бірнеше рет аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлаған. Ақша пайдалануға жарамсыз көлік құралдарын артық құны бойынша кәдеге жарату жөніндегі үлестес науқан қызметтеріне негізсіз ақы төлеу жолымен жымқырылды. Осы эпизод бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 26,8 млрд теңгені құрады.

Үкім заңды күшіне енгенге дейін сотталғандар әлі де өздерінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысып жатыр. Оқиғаның анық-қанығын түсіну үшін Ulysmedia.kz "Оператор РОП" компаниясының бұрынғы директоры Медет Құмарғалиевпен байланысты.  Ол біздің сұрақтарымызға жауап беруге келісті.

- Мен 1,5 жылдан астам уақыт бойы жақ ашпадым, өйткені сот бәрін анықтап, мені ақтайтынына сенімді болдым, бірақ осы уақыт ішінде басыма түскен бұл қорлық түсіме деген кірмес еді. Енді жалғыз үміт қалды – басымдағы жағдайды көптің құлағына жеткізу, – деп жазды бізге Медет Құмарғалиев.

Медет Құмарғалиев

Біз онымен сұхбатты бейнекамераға жазуды ұсындық, бірақ оның Ulysmedia.kz журналистерімен кездесу туралы өтінішін құқық қорғау органдары қанағаттандырған жоқ. Сондықтан сотталған адамға сұрақтарымызды түрмеге жазбаша түрде жолдауға мәжбүр болдық.

Құмарғалиев кезінде "Оператор РОП" директоры лауазымына үміткер болып, алайда бұл қызметке қол жеткізе алмағандардың жолы болды деп есептейді.

Сіз Назарбаеваға 2019 жылы келдіңіз – осы уақытқа дейін экология министрлігінде жұмыс істедіңіз және бұл компания туралы білмеуіңіз мүмкін емес. Бұл жұмысқа мансаптық өсу, жоғары жалақы үшін келістіңіз бе, әлде басқа себептер бар ма?

- Иә, әрине, мен бұл компания туралы білетінмін. Назарбаеваның өзі менімен сұхбаттасты және бұл шақыру, әрине, мансаптық өсу, жоғары жалақы және өзіңді көрсету мүмкіндігі болды. Айтыңызшы, сол кезде менің орнымда мұндай мүмкіндіктен кім бас тартар еді?

Сіз құрылтай құжаттарын көргеніңіз анық – неге компанияны бөгде адам басқарады және неге Әлия Назарбаеваның есімі заңды құжаттарда аталмады неге сұрақ сізді мазаламады ма?

- Мен құжаттарды көрдім – бұл туралы тек мен ғана емес, "Оператор РОП" компаниясын кәдеге жарату үшін ақы алуға құқығы бар заңды тұлға ретінде бекіткен бүкіл үкімет білді. Компанияның алғашқы акционері Әлия Назарбаева болғанын атап өткім келеді. Неліктен ол құжаттарда аты аталмауын қалағанын білмеймін, бұл шешім маған дейін қабылданды, сәйкесінше маған ешкім ештеңе түсіндірген жоқ, мен де сұрай қоймадым.

Әлия Назарбаева

Сіз "ӨКМ Операторының" құрылтайшысы Шынар Мұхтарованы көрдіңіз бе, онымен сөйлестіңіз бе? Ол кеңсеге келетін бе еді?

- Шынар Мұхтарованы мен компанияны мемлекет балансына беретін кезде, яғни 2022 жылдың 25 қаңтарында бір-ақ рет көрдім. Таңертең ол кеңсеге келді, мен оны тіпті танымадым. Сыға тарту келісімі бойынша "Оператор РОП" компаниясын мемлекет балансына өткізді де, кетіп қалды, ал кешке олар мені тұтқындады және жұртқа елден қашып кетпек болды деп жариялады, нағыз абсурд.

Сізге онымен бірге дивидендтер алу түріндегі коммерциялық ұйымдағы басқару функцияларын пайдаланып, 920 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын ұрлады деген айып тағылды. Сот бұл эпизодты дәлелденген деп тапты, бірақ біз миллиард теңгеге жуық ақшаның қайда кеткенін түсінген жоқпыз?

- Өкінішке қарай, бүкіл қоғам сияқты сізді де жаңылыстырған – менің бұл эпизодқа еш қатысым жоқ. Мен жұмыс істеген кезеңде (2020-2021) Әлия Назарбаева немесе Шынар Мұхтарова дивиденд ретінде бірде-бір теңге алған жоқ.

Президенттің 2022 жылғы қаңтардағы "Оператор РОП"-ты жабу туралы бұйрығынан кейін компанияда шұғыл жиналыстар болды – Әлия қалай әрекет етті?

- Шұғыл жиналыстар болған жоқ, бәрі есімде. Біз экс-министр Брекешовпен 2022 жылғы 12 қаңтарда үкіметке мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде "Операторды" беру мәселесі бойынша вице-премьер Склярға бардық. Ол жиналыс өткізіп, акционермен жұмыс істе деді. Осыдан кейін мен Назарбаеваға қоңырау шалдым, ол оқиғалардан хабардар болды және маған барлық активтер мен мүліктерді ың-шыңсыз беруді тапсырды. Бұл Алматы мен Астанада 110-ға жуық электр жанармай құю бекеті, Медеудегі қызмет көрсету учаскесі, 10-ға жуық электромобиль және екі немесе төрт электроавтобус болды. Ең бастысы – "Жасыл Даму" АҚ балансына шамамен 250 млрд теңге берілді, оның 34 млрд теңгесі – екінші деңгейдегі банктерге ақша салғаны үшін сыйақы.

Әлия Назарбаева кімге сенетін еді? Сіз фамилияларды атай аласыз ба?

- Мен нақты білмеймін. Бәрін егжей-тегжейлі білетіндей оған қатты жақын болған жоқпын.

Сіз сол кезде жеке тарихыңыз, мансап жолыңыз сот үкімімен шорт кесілуі мүмкін екенін болжадыңыз ба?

- Ешқашан ойлап көрген емеспін. Менің ойымша, өзімнің кінәсіздігімнің дәлелі ретінде өмірдің осы кезеңінен өту маңдайыма жазылған, сот процесінің екінші кезеңінде бұл қорқыныш аяқталады деп үміттенемін. Менің бар қателігім – Әлия Назарбаеваның компаниясына жұмысқа келуім.

Сот процесінде "Оператор РОП" басшылығының алты қоқыс жағу зауытын салуға бөлінген ЖШС шотындағы 180 миллиард теңгені ұрлау ниеті туралы ақпарат бар. Ал бұл ақша қайда?

- Бұл нағыз өтірік және абсурд. 2020 жылы мемлекет басшысы кәдеге жарату төлемдері есебінен өнеркәсіпті дамыту қорын құруды тапсырды. Нормативтік актілер қабылданғаннан кейін компанияға сол кездегі вице-министр М.Қарабаевтың атынан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен тапсырмалар түсе бастады. "Оператор РОП"-тың қорды қаржыландыруға 180 млрд теңге резервке қою туралы Инвестициялық саясаты жоспарланған. Ал 6 қоқыс өртейтін зауыттың құрылысын қаржыландыру бұл инвестициялық саясатта қарастырылмаған.

Сонымен қатар, "Жасыл даму" АҚ осы инвестициялық саясатты қайта бекітті және бұл қаражатты КДҚ-ға автокредит беруді қаржыландыруға бағыттады. Сондықтан бұл қаражатты ешкім ұрлаған жоқ, ақшаны өнеркәсіпті дамыту қоры алды.

Бұл жерде менің кінәм қандай? Тергеу органдары тартқан аудитор сотта 6 қоқыс өртейтін зауытты қаржыландыруға бұл қаражат көзделмегенін растады.

Бәрі бұл ақшаның қайда екенін сұрайды. Ақша – 18 секундта жеңілдікті автонесиелерді рәсімдей алған бақытты адамдарда.

Сотта сіз заң алдында адал екеніңізді айттыңыз және әділеттілікті қалпына келтіруді сұрадыңыз. Мұнымен не айтқыңыз келді? Сот не нәрсеге назар аудармады немесе нені тыңдағысы келмеді?

- Маған екі айып тағылды: 180 млрд теңге жымқыруға оқталғанмын және пайдаланудан шыққан 1 автокөлік құралын кәдеге жарату құны 123 000 теңге мөлшерінде асыра бағаланғанын біле тұра, Қарағанды зауытына оларды кәдеге жаратқаны үшін ақы төлегенмін-міс.

123 000 теңге көлеміндегі кәдеге жарату алымы "Оператор РОП" ЖШС және RecyclingCompany шартында 10 жыл мерзімге жазылғанына назар аударыңыз, ол 2016 жылы келісілген.

Мен компанияға келген кезде, қайта өңдеу үшін төленетін қалдықтардың барлық түрлерін, соның ішінде ВЭТС-ті қайта өңдеу құнын анықтау үшін зерттеуді бастадым. Нәтижелер құнның артық екенін көрсетпеді. Айта кету керек, сол кезде жоғары деңгейлі мамандар алты ай жұмыс істеді.

Ал тергеу барысында тартылған электрик Якунин –  "Қазвторчерметтің" бұрынғы қызметкері бір көлікті кәдеге жарату құны 955 теңгені құрайды деп есептеді. Егжей-тегжейін айтпай-ақ қояййын, бірақ нәтижесінде келісімшарт бойынша Recycling компаниясында көрсетілген барлық сома бізге залал ретінде есептелді.

Егер тергеу нұсқасы бойынша бір автокөлікті кәдеге жарату құны 955 теңгені құраса, көлікті кәдеге жарату алымының құны қалайша 500 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін құрауы мүмкін?

Басқа да мәселелер ашық күйінде қалып отыр, мысалы, бір маман бір айда автокөліктерді кәдеге жаратудың қаржылық моделін қалай есептей алды немесе бізден екі рет бір залалды қалай өндіріп алуға болады, яғни зауыттарды тәркілеп, бізге қалайша тағы 28,2 млрд теңге іле алады?

Егер апелляциялық сот бірінші сатыдағы шешімді өзгеріссіз қалдырса, онда логикалық тұрғыдан мемлекет төлеушіге айырмашылықты қайтаруы керек емес пе?

Келтірілген және сотта дәлелденген залал – 28,2 миллиард теңге – оны қалай өтейсіз?

- Бұл абсурд, мен кінәсізбін және өзімнің кінәсіздігімді дәлелдеймін. Мен мұндай соманы ешқашан төлей алмаймын, менде мұндай ақша болған емес.

Мені тергеу изоляторында жапқан сәттен бастап маған алдымен ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі бойынша, Ахметжан Пірімқұлов екеуміз кәдеге жарату алымына жоғары ставкалар қойдық деген айып тағылды. Бұл да ақылға қонымсыз – ставкалар 2016 жылы қабылданған, менің оларға қатысым жоқпын. Осы эпизод бойынша айыптау тек тоғыз айдан кейін алынып тасталды, яғни жаңа айыптауды ойлап табу үшін уақыт қажет болғаны ма?  Содан кейін "сарапшы" Якунин пайда болды, ол кәдеге жарату құны 955 теңге деп есептеді, сонымен бірге кәдеге жарату орнына тасымалдау шығындары 12 889 теңге екенін көрсетті.

Сізден не тәркіленді – қандай мүлкіңізді сот заңсыз иемделген деп таныды?

- Менде заңсыз иемделген мүлік жоқ, сондықтан ештеңе тәркіленген жоқ.

Әлия Назарбаеваның басшылық рөліне қатысты сіздің және басқа сотталушылардың дәлелдеріне соттың құлақ аспағанын қалай түсіндіресіз?

- Соттың неліктен бұлай істегенін білмеймін. Бұл оның шешімі.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ – сіз апелляциялық шағым түсіресіз бе? Өзіңіздің кінәсіз екеніңізді дәлелдей аламын деп үміттенесіз бе?

- Ия, әрине, Мен өзімнің заңды құқықтарымды барлық заңды тәсілдермен жүзеге асырамын, екіншіден, осы сұхбат көмектеседі деп үміттенемін. Менің кінәсіздігімді дәлелдеу үшін кез-келген форматта және кез-келген платформада, кез-келген сұрақтарға жауап беруге дайынмын.

Серіктес жаңалықтары