Словения төрінде сенсация орын алған жоқ. Өкінішке қарай, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Словениядан 2:1 есебімен ұтылып, келесі жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына берілетін жолдамадан қағылды. Біріншілікке бір ғана қадам қалған еді...
Кездесудің алғашқы минуттарында екі құрама да сақ ойнады. Алаң иелеріне тең есеп те жеткілікті еді. Содан болар, әр адымын аңдап басып, қорғаныста да, шабуылда да жинақы ойнады. Отандастарымыз да қарап қалған жоқ. Жеңісті қолдан бермейтінін аңғартып, жасыл алаңда еркін қимылдады. Десе де, алғашқы тайм аяқталар тұста Ян Вороговский айып алаңында тәртіп бұзып, қақпамызға пенальти белгіленді. Бенджамин Сеско мүмкіндікті мүлт жібермей, есеп ашты.
Екінші тайм бастала бере қазақстандықтар есепті теңестіріп кетті. Рамазан Оразов қақпашыны қапы қалдырып, үміт отын жаққандай болды. Бұдан кейін Словения құрамасының ойыншылары шабуылдан гөрі қорғанысқа көп көңіл бөліп, реті келгенде ғана қарымта шабуылға шықты. Ол түсінікті де. Тең есептің өзі Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндік беретінін жоғарыда жаздық. Отандастарымыз болса, қанша шабуылдаса да жеңіс добын соға алмай, кездесудің соңғы минутында қақпасына екінші допты өткізіп алды. Гол авторы – Бенджамин Вербич. Осылайша, кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешіліп, Словения құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алды.
Қазақстандық футболшыларға өкпе жоқ. Бұған дейінгі іріктеу кезеңдерінде аз ұпай жинап, топта соңғы орындарға жайғасатын. Бұл жолы 18 ұпайды қоржынға салып, өзіндік рекорд орнатты. Топта бірінші орын алған Дания құрамасын іріктеуде жеңген жалғыз құрама атанып, әлем назарын аудартты. Не десек те, соңғы жылдары қазақ футболының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен жөн. Ендігі үміт – Ұлттар лигасында. Ол турнирде отандастарымыз жеңіске жетсе, Германияда жалауын желбірететін Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндік бар.
Оралхан Қожанов