×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Үмітсіз шайтан» немесе Мәсімовке рақымшылық жасалуы мүмкін бе – депутаттар пікірі

12.06.2024, 15:13
«Үмітсіз шайтан» немесе Мәсімовке рақымшылық жасалуы мүмкін бе – депутаттар пікірі
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан рақымшылық сұрап отырғаны хабарланған. Қаңтар оқиғасынан кейін сотталған Мәсімов жайлы осы ақпарат шыққалы қызу талқыланып жатыр. Оған рақымшылық жасалуы мүмкін бе деген сұрақ Мәжіліс депутаттарына да қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мархабат» дейтін едім...

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Кәрім Мәсімовтың рақымшылық сұрау мәселесіне екі түрлі көзқараспен қарайтынын айтады.

– Біріншіден, егер ол осы Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар болса, оған рақымшылық жасау мәселесі трагедиядан қаза тапқан кемі 238 адамның аруағына жасалған қиянат болар еді. Ол қоғам алдындағы үлкен қиянат. Бірақ екінші тұрғыдан келгенде егер Мәсімов мырза осы Қаңтар оқиғасына байланысты жағдаятты толық айтса, осы трагедияның нақты бенефециарын атаймын дейтін болса, әрине, ол билікпен бұл тұрғыда келісім жасауына болады, - дейді Ермұрат Бапи.

Депутаттың айтуынша, Кәрім Мәсімов кейінгі 20 жылда сыртқа шығарылған активтердің көпшілігінің транзакциясын біледі.

– Екі рет премьер-министр болған, сыртқа шығарылған активтердің, әсіресе Ескі Қазақстанның активтерін Назарбаевтың активтерін сыртқа шығарған бірден-бір адам Мәсімов болатын. Егер ол сол активтерді ізімен қуып, Қазақстанға қайтаруға көмектесем десе, оған берілетін рақымшылықты мен өзім қабылдай аламын. 18 жыл түрмеде отырғаннан гөрі миллиардтардың бір бөлігін қайтаруға ықпал етіп, халықтың, елдің, мемлекеттік биліктің алдындағы кінәмді жуам десе, оған мен мархабат дейтін едім, - дейді ол.

Қазақстанға қарсы жұмыс істемесіне кім кепіл?

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров ресми ой емес, депутат ретінде пікірін білдірді.

– Отанға опасыздық деген бап бойынша меніңше, ешқандай рақымшылық жасауға болмайды. Екінші бір үлкен мәселе – қазір геосаяси жағдай өте күрделі ғой. Мысалы, олар бүгін рақымшылық алып, ертең шетелге кететін болса, олар Қазақстан мемлекетіне қарсы жұмыс істемесіне кім кепіл? – дейді Ерлан Сайыров.

Депутат Сайыров Мәсімовты қаржысы қайтарылмағанын, миллиардтаған ақшасы шетелдік банктерде жатқанын, олар өте бай адамдар екенін айтады.

– Бұл жерде өте жіті қарау керек те, мемлекеттің мүддесі тұрғысынан шешім қабылдау керек, – дейді ол.

“Үмітсіз шайтан”

Мәжіліс кулуарында журналистер депутат Айгүл Құспаннан “Мәсімовтың рақымшылық сұрауға моральдық құқығы бар ма?” деп сұраған. 

– Үмітсіз шайтан дейді ғой. Ол кісі мүмкін күдер үзбейтін шығар. Сұрау немесе сұрамау – оның жеке басының құқығы. Менің жеке ойым – уақыт өтуі керек, – дейді ол.

Тоқаев келгелі ешкімге рақымшылық жасалған жоқ

Абзал Құспан “Ескі Қазақстан” кезінде президент жанында ақтау комиссиясы болғанын, ол өте жақсы жұмыс істегенін айтады. 

– Көп адамдар біле бермейді. Атышулы Бишімбаев алдыңғы ісінде сол президенттің комиссиясы арқылы шыққан болатын. Сот оған 10 жыл жаза берді. Ал президент кешірім беріп, бір жылдан кейін шығарып жіберді. Бұл осы жолмен жасалған дүние. Бірақ бұл қолданыстағы бірде-бір қылмыстық-процестік кодекспен, басқа да заңдармен бұл реттелмеген. Бұл тек президент жанындағы комиссияға берілнен ерекше өкілет. Бірақ дұрысын, әділін айту керек. Тоқаев президент болып келгелі бірде-бір шенеунікке рақымшылық жасалған жоқ. Сондықтан бұл жолы да Кәрім Мәсімовке ондай жеңілдік қарастырылады деп мен өз басым ойламаймын, – дейді ол.

Мәсімовтың рақымшылық сұрауы

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған Кәрім Мәсімовтің кешірім жасау туралы өтініш бергенін хабарлады, деп жазды бірер күн бұрын Informburo.kz. ҰҚК Мәсімов қазір ҰҚК Астанадағы тергеу изоляторында екенін түсіндірді.

– Расында, ол 2024 жылдың наурыз айында осы мекемеден Қазақстан Республикасы президентінің атына рақымшылық алу жөнінде өтініш жолдаған, - делінген хабарламада.

Ол неге түрмеде

Мәсімовке қатысты 218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)») және 366-баптың 4-бөлігі («Аса ірі көлемде пара алу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Кәрім Мәсімов

2023 жылдың сәуірінде сот Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты үкім шығарды.

Кәрім Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады, билікті басып алуды насихаттады және билікті асыра пайдаланды деп айыпты деп танылды.

Сот тағайындаған түпкілікті жаза мүлкі тәркіленіп, 18 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыру болды.

Оның орынбасарлары Садықұлов 16, Ерғожин, Осипов 15 және 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Төртеуі де арнайы атақтары мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Мемлекетке 10 миллиард теңге және 24 миллион доллар өндірілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 6 қаңтарында Мәсімов мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған болатын.

Қаңтар айының соңында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі құпия болып, сот оларды қамауға алуға санкция бергенін хабарлады. 10 наурызда Мәсімовтен тәркіленген миллиондар, зәулім үйлер мен қымбат көліктер туралы айтты.