Екі мыңыншы жылдардың басында Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Нартай Дүтбаев бүгіннен бастап Мәжіліс депутаттығына кандидат Әсет Матаевтың сенімді өкілі болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нартай Дүтбаев Әсет Матаевты белсенді, мақсатты және жігерлі адам деп атады.
«Мен «ескі гвардиядан» өзгеше дүниетанымы бар, кешегі кеңестік санасы жоқ жастар Парламент жұмысына аса қажетті жаңашылдықтарды енгізе алады деп есептеймін. Оның сайлауалды бағдарламасы шынайы, жүзеге асырылуы мүмкін және мемлекетіміздің реформаларды қажет ететін ең ауыр салаларына қатысты», - деп жазды Дүтбаев.
Ал Әсет Матаев Дүтбаевтың сенімді өкіл болуға келісуін үлкен құрмет ретінде қабылдайтынын айтады.
«Нартай Нұртайұлы – баршаға лайықты азаматтың жарқын үлгісі. Еңбек жолының әр кезеңінде кәсібилік ұстанымдарына адал болып, бүкіл қоғамымыздың игілігі жолында жоғары берілгендікпен еңбек етті. Нартай Нұртайұлы да әкем екеуміз сияқты Ескі Қазақстан тұсында саяси себептермен сотталды. Олардың бүкіл отбасын кепілге алу әдістері ол кезде қалыпты жағдай еді», - деді Матаев.
Айта кетейік, Нартай Дүтбаев 2001-2006 жылдар аралығында ҰҚК төрағасы қызметін атқарған. Ол 2006 жылдың ақпан айының соңында ҰҚК арнайы жасағының қызметкерлері Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысы бар деп айыпталған соң отставкаға кеткен.
Ал 6 жыл бұрын 2017 жылы Нартай Дүтбаев мемлекеттік құпияны жария етті және қызметтік өкілеттікті шектеді деп айыпталды. Сол кезде оны 7 жылға соттаған. Бір жылдан кейін үкімін 12 жылға дейін ұзартқан.
Алайда 2020 жылы ол мерзімінен бұрын босап шықты.
Әсет Матаев Алматыдағы №5 бір мандатты сайлау округі бойынша Мәжіліс сайлауына қатысқалы отыр. Былтыр Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Әсет Матаев пен оның әкесі Жоғарғы соттың үкімімен толық ақталған болатын. 2022 жылдың шілдесінде Жоғарғы сот Матаевтарға қатысты 2016 жылғы Астана сотының үкімін бұзып, оларды БАҚ-та мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға бөлінген ақшаны жымқырды және салық төлеуден жалтарды деп айыптаған. Бұл іс Қазақстанда және одан тыс жерлерде саяси астары бар деп танылды.