×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

"Көршінің ұраншылары неге сотталмайды?": Боранбаев пен Намазбаевты ақтау талап етілді

05.04.2023, 12:07
"Көршінің ұраншылары неге сотталмайды?": Боранбаев пен Намазбаевты ақтау талап етілді
Коллаж: Ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаттары Ермұрат Бәпи мен Абзал Құспан «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен 5 жылға сотталып кеткен Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайта қарауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәжілісмен заңдардан бөлек, халықтық мүдденің қасиетін қорғайтын «ұлттық намыс» деп аталатын тағы бір құдіретті күш барын атап өтті. Ол «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айыппен әрбірі 5 жылға сотталған Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазабев қазақ халқының намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін жазықсыз жазаланды деп есептейді.

“Бұл жігіттерге өрескел қиянат жасалды. Көршілес елдердің елірмелері аузына келгенін айтып және жазып жатқан алауыз пікірлермен салыстырғанда, М.Боранбаев пен Д.Намазбаевтың әлемжелідегі әрекеті баланың ойыны болып қалды. Оларға жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды? Олар неге «орыс патриоттары» болып саналады, ал өз халқының намысын жыртқан Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайды? Көрші елдің «ұраншылары» қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысына араша түскен екі жігіт неге сотты болады?”, – деді Ермұрат Бәпи.

Депутат Бас прокурордан Петропавл қаласындағы жуырда болған оқиғаны ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты сот үкімі қайта қарауды, оларды түрмеден босатуға пәрмен беруді сұрады. 

Еске салайық, өздерін Петропавл тұрғындарымыз деп таныстырған бір топ адам Қазақстаннан «тәуелсізбіз» деп мәлімдеме жасап, Халық Кеңесі құрылғанын жариялады. Олар Қазақстан Республикасын «корпорация» деп атап, оның құқықтық негіздерін жоққа шығарды.

Бұдан бұрын Мәжіліс депуттаттары аталған тұлғаларға қатысты Бас прокурорға хат жолданатынын мәлімдеген.

Көп ұзамай Бас прокуратура СҚО-дағы сепаратизмді насихаттау ісіне қатысты тергеу басталғанын хабарлады.