×
441.58
480
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.58
480
4.86

Жанболат Мамай: Прокурор өтініші қанағаттандырылса, Конституциядағы құқығым тапталғалы тұр

06.04.2023, 12:14
Фото: Скриншот

Тіркелмеген Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай сот сөзжарысында өзіне тағылған айыптармен келіспей, соттан прокурордың талаптарын орындамауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МЕН ҚОҒАМДЫ АДАСТЫРҒАН ЖОҚПЫН

«Егер «азаматтардың бәрінің несиесі кешіріледі» деп жалған ақпарат таратсам, ендеше Терентьев мырза (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі) сол жерде жиналған адамдардың алдында бұл сөздің мүлде өтірік екенін айтар еді. Алайда Терентьев сол жерде сөйлеген сөзінде менің «бәрінің несиесін кешіріп жатыр» деген сөзді айтпағанымды, қоғамдық тәртіпті бұзуға шақырғанмағанымды растайды. Агенттік те, басқа да бұл жерде ешқандай зиян шеккен жоқ», - дейді ол бүгінгі сот отырысында.

Жанболат Мамай халықтың бір бөлігінің несиесін кешіру мәселесін бір кездері президент Тоқаевтың айтқанын, бұл мәселе Парламент мәжілісінде ҚХП өкілдері де көтергенін еске салды. Өзі осы бастаманы көтеріп, 100 мың адамның қолын жинап, Президент әкімшілігіне тапсырғанын да айтты.

«Біз қоғамдық ұйым ретінде бірнеше адам ғана болып, несиелік рақымшылық жөнінде 2021 жылы қол жинап алдық. Бұл бағытта бізде ешқандай қиындық туындаған емес. Не себепті ендеше кадры мол, білімді қызметкерлері бар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде 21 адамның қолын жинауда қиындық туындайды? Айтпақшы, агенттік өкілдерінен «адамдардың осы меморганға хат жүзінде жүгінсе, мұнысы заңсыздық па?» деп сұрағанбыз. Агенттік өкілі оның заңға еш қайшы келмейтінін айтқан», - деді ол.

Жанболат Мамай несие рақымшылығына Қазақстанда 500 мыңнан астам адам ілінгенін, одан бөлек 255 мың адамның жалпы қарызын жабу көзделгенін, ақыры қарыз жүктемесін азайту жұмысы үш саты бойынша өткенін атап өтеді. Мұның бәрі интернет кеңістікте кеңінен жазылып, жарияланған материалдар екенін айтқан ол несие рақымшылығы деген түсінікті пайдалана отырып, қоғамды адастырмағанын айтты.

«Сол себепті мен бұл бағытта өзіме тағылған айыппен келіспеймін. Маған тағылған айып бойынша ешбір дәлел келтірілді деп есептемеймін. Соттан осы бап бойынша (ҚР ҚК 274 бабы 2 тармағы 3 бөлігі) мені ақтауды сұраймын», - деді ол.

ОЛАР – «ҚОРЛАНҒАН» АДАМДАР ЕМЕС

Келесі кезекте Жанболат Мамай Қылмыстық кодекстің 378 бабы (билік өкілін қорлау) бойынша өзіне тағылған айып турасында да сөзін айтты.

«Мен «қорлады» деп санайтын полиция қызметкерлері жәбірленуші ретінде сотқа да қатыспай отыр. Тараптардың сөзжарысына да келмеді, сөйлемеді. Мұның өзі «қорланған адамдар» емес екенін көрсетеді.

Мен 2021 жылдың 18 қыркүйегінде Абай ескерткішінің алдында сөз сөйлеп тұрып, полиция қызметкерлеріне қатысты сөз айттым. Иә, болған оқиға. Сын – менің жеке пікірім. Өйткені олар меніңше, бейбіт жиын өткізуде менің конституциялық құқығымды бұзды. Бірақ мен өз сөзімде маған арыз жазған екі адамның атын атаған емеспін. Сол жерде болған Азаттық радиосының материалын көрсеңіз, ол жерде бірде-бір адам Тоқсанбаевтың немесе Болатбаевтың атын атамайды. Оларды ешкім Отанын сатқандар деп айтпайды. Ондай сөз жоқ», - деді ол.

Жанболат Мамай арызданушы полиция қызметкерлерін танымайтынын, оларды қорлау мақсаты болмағанын мәлім етті. Бұл бап бойынша кінәсі дәлелденгенбегенін, сол себепті ақтауды сұрады.

«Прокурор маған жұмысыммен айналысуды шектеуді сұрайды. Маған шектеу қойғалы отырған жұмыстың тізімін қарап шықтым. Оның ішінде көпшілік алдында сөйлеу, конференцияларға қатысу, оның ішінде қоғамдық жұмыспен айналысу, журналистикамен айналысу да бар. Меніңше, бұл мүлде заңсыз әрі Конституцияға қайшы талап. Егер бұл тыйымды сот қабылдайтын болса, менің Конституцияда қарастырылған құқығым тапталады деген сөз. Соттан прокурордың бұл сұранысын қанағаттандырмауды сұраймын.

Егер азамат саяси партия құрып, оны тіркеуге талпынса, демек ол заңды саяси алаңда жұмыс істеп жүр. Яғни ол мемлекеттік органдарға жүгініп, құрылтай съезін өткізуге, Әділет министрлігіне өтініш жіберуге тырысады. Бұл – заң бұзушылық немесе жаппай тәртіпсіздікке шақыру емес», - деді Жанболат Мамай.

Еске салайық, 27 наурызда өткен сот отырысында сөйлеген сөзінде Жанболат Мамай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Прокурор оны 6,6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша, атап айтқанда полиция қызметкерлерін қорлады, қасақана жалған ақпарат таратты және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыптар тағылып отыр. Соңғы айыптың қайта тағылғаны 2023 жылдың 26 қаңтарында белгілі болды.

Бұдан бұрын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның Мамайға жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды айып тағуын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеген. 10 ақпанда өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың қорғаушысы судьяға сенімсіздік танытқан. Себебі, ол бұрын процесте бақылаушы болған адамдарды куә ретінде сұраудан бас тартты. Ал олардың арасында белгілі саясаткер Төлеген Жүкеев пен Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Дәурен Достияров та бар. Олар өте маңызды мәлімет бере алатын куәгерлер. Себебі, дәл сол «Алматы Арена» маңында болған оқиғаларды бастан аяқ көзімен көрген, құлағымен естіген.

Жуырда халықаралық Freedom Now ұйымының өкілдері Жанболат Мамайдың ісін жіті қадағалап отырғандарын мәлімдеп, қажет болған жағдайда оның мүддесін халықаралық сотта қорғауға дайын екендерін жеткізген.

Серіктес жаңалықтары