Сотталған белсенді Жанболат Мамайдың жұбайы Инга Иманбай БҰҰ Жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобының тіркелмеген Демпартия жетекшісінің ісіне қатысты есебін жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Белгілі құқық қорғаушы Анар Ибраеваның арызына орай, БҰҰ Жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Демпартия жетекшісі Жанболат Мамай ісі бойынша пікірін жариялады. Бұл құжатта Жанболат Мамайды қорғау тарабының және Қазақстан үкіметінің жауабы көрсетілген. Келтірілген деректерге сүйене отырып, БҰҰ Жұмыс тобы былай деді: «Жұмыс тобы Мамай мырзаны бас бостандығынан айыру жөнсіз деп санайды, себебі ол Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 19 және 20-баптарына сәйкес кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру аясында әрекет етті», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ, БҰҰ Жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне үндеу жасаған.
«Жұмыс тобы Қазақстан үкіметінен Мамай мырзаның жағдайын дереу түзетуді және оны тиісті халықаралық нормаларға, оның ішінде Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде баяндалған нормаларға сәйкес келтіру үшін қажетті шаралар қабылдауды сұрайды», – делінген жазбада.
Сонымен бірге, БҰҰ өкілдері Қазақстан үкіметіне Жанболат Мамайдың өтемақы талап етуіне құқығы болуы керегін де еске салады. Бұл есеп бойынша ҚР Үкіметі БҰҰ-ға алты айдың ішінде жауап беруі қажеттігін айта отырып, олай болмаған жағдайда өз тарапынан әрекеттер жасалатынын да көрсетті.
“Бір сөзбен айтқанда, БҰҰ Жанболат Мамайға араша түсті деген сөз! Оны қудалаудың жөнсіз әрі халықаралық нормаларға қайшы екенін баса айтты. Бұл сөзсіз, үлкен жеңіс! Билік БҰҰ Жұмыс тобының, басқа да беделді халықаралық ұйымдардың талап тілегін ескерусіз қалдырмауы тиіс деп санаймыз. Жанболат Мамай дереу ақталып, бостандыққа шығуы керек!”, – деді Инга Иманбай.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, сот Жанболат Мамайды 6 жылға шартты түрде соттады. Оған қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынды.
Жанболат Мамайға «Қасақана жалған ақпарат тарату» (274-бап), «Билік өкілін қорлау» (378-бап) және «Жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру» (272-бап) бойынша айыптар тағылған еді. Алғашқы екі айыптау 2021 жылғы оқиғаларға, ал үшіншісі 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға қатысты.
«Билік өкілін қорлады» деген айып тағылған белсенді сотта нақты есімдерді атамағанын, құқық қорғау жүйесін сынға алғанын айтқан. Әдейі жалған ақпарат таратқан мәлімет бойынша, Мамай оның қатысы бар екендігі туралы нақты дәлелдер жоқ екенін айтты.
27 наурызда өткен сот отырысында сөйлеген сөзінде Жанболат Мамай өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген. Прокурор оны 6,6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Бұдан бұрын Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы прокуратураның Мамайға жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды айып тағуын негізсіз деп есептейтінін мәлімдеген. 10 ақпанда өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың қорғаушысы судьяға сенімсіздік танытқан. Себебі, ол бұрын процесте бақылаушы болған адамдарды куә ретінде сұраудан бас тартты. Ал олардың арасында белгілі саясаткер Төлеген Жүкеев пен Демпартия бастамашыл тобының мүшесі Дәурен Достияров та бар. Олар өте маңызды мәлімет бере алатын куәгерлер. Себебі, дәл сол «Алматы Арена» маңында болған оқиғаларды бастан аяқ көзімен көрген, құлағымен естіген.
Жуырда халықаралық Freedom Now ұйымының өкілдері Жанболат Мамайдың ісін жіті қадағалап отырғандарын мәлімдеп, қажет болған жағдайда оның мүддесін халықаралық сотта қорғауға дайын екендерін жеткізген.