×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

«Шаңыраққа» кім қарайды: Көшербаев Риддердегі жалғыз қазақ мектебіне жаңа ғимаратты қия ма

09.08.2023, 09:58
Коллаж: ulysmedia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қазақ мектебінің оқушылары 1937 жылы және 1958 жылы салынған ескі екі ғимаратта оқып жатыр. Қаладағы қаусап, құлағалы тұрған жалғыз қазақ мектебі – «Шаңырақтың» жайы айта айта жауыр болған мәселе. Мәжіліс депутаттары каникулға тарап кетпей тұрып, Оқу-ағартау министрлігіне аталған мәселе бойынша сауал жолдаған. Ғани Бейсембаев басқаратын ведомство «ағынан жарылып», соңғы шешімді өңір әкімдігі қабылдайтынын хабарлайды.

Қазақ мектебі аралас мектепке айналып кеткен

Жалпы Риддер халқының 16,3% қазақ (9 011 адам), 80,2% (44 211 адам) орыс ұлтынан болса, қалған 3,4% (1890 адам) басқа ұлт өкілдері. Қалада 16 мектеп бар. Оның 1-еуі ғана қазақша болса, 12-сі орысша, 3-еуі аралас мектеп. 550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі «Шаңырақ» оқушылары 1937 және 1958 жылы салынған, тозығы жеткен, құлайын деп тұрған екі ғимаратта оқиды. Жалпы ата-аналар мен ұстаздар қанша сұраса да, қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимаратқа жарымай келеді. Ескі ғимараттардың терезелерінің жақтауы қопарылып, астыңғы жағы дым тартып кеткен.

2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебіне жаңа ғимарат салуға жер де бөлінген. Бірақ кейін жергілікті әкімдік пен білім бөлімінің араласуымен құжаттар бұрмаланып, №6 шағынаудандағы жаңа мектеп ғимараты аралас мектепке беріліп кеткен. Ал 2022-2023 оқу жылының 6 қыркүйектегі мәліметі бойынша, 600 орындық ол мектепке бала толмай, 218 оқушы оқыған.

«Қазақ мектебіне салынған жаңа ғимаратты «аралас» мектепке айналдырып жібергендер заң алдында жауап беруі тиіс!» - дейді депутаттар.

2008 жылы «Шаңырақ» мектебін салуға жер телімін бөлу жөнінде қаулы шыққанда нысанның апаттық мектеп екені туралы сараптама да, типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болған. Алайда депутат Қазыбек Исаның айтуынша, 2019 жылы бұл сараптаманы да, басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылған. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарғанда 6 ықшамауданда салынатын мектеп құжаты қазақ мектебі емес, аралас мектеп болып бұрмаланып кеткен. Осылайша, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ мектебі» деп ашылады деп күтіп отырған ата-аналар мен ұстаздардың үміті желге ұшқан.

Риддер қаласындағы «Шаңырақ» қазақ мектебінің 600 баласына арналған, бірақ әкімдіктің бұрмалауымен аралас мектепке айналып кеткен жаңа ғимарат – заңды иесі «Шаңырақ» мектебіне берілуі тиіс деп есептейді депутаттар.

Оқу-ағарту министрлігі не дейді?

Министрлік оқушылар контингетінің жалпы санынан (7 251 оқушы) 16%-ы қазақ тілінде (1 155 оқушы), 84%-ы орыс тілінде (6 096 оқушы) оқитынын хабарлайды. Қазақ тілінде оқытатын оқушы орындарының саны 1 578 орынды құрайды. «Орын тапшылығы жоқ» дейді министрлік.

Ведомство «Шаңырақ» мектебі расында да ескі ғимараттарда оқып жатқанын растайды. Бірақ қаусап тұрған осы ғимараттардың жеке асханасы, кітапханасы, спорт залы бар дей келе «мектеп ғимараттары білім беру ұйымдарына қойылатын нормативтер мен талаптарға сәйкес келеді» деп жауап береді.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес 2022 жылғы 2 мамырдағы техникалық қорытынды бойынша 1958 жылғы ғимараттың шағын спорт залы апатты деп танылып, биыл бұзылған.

«Мектептің негізгі ғимараты қалыпты жағдайда. «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасына сәйкес Риддер қаласында 2024 жылы 1 200 оқушы орындық (екі ауысымда) 1 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Министрлік мектептердің оқыту тілін айқындау жергілікті атқарушы органның құзыретінде екенін ескере отырып, ұлттық жоба шеңберінде салынатын 600 орындық мектепті мемлекеттік тілде оқытуды қолдау үшін ұсыныспен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне хат жолдады», - деп жауап береді Оқу-ағарту министрлігі.

Осылайша, министрлік соңғы сөзді Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қалдырып отыр. Өңірге жаңадан басшы болып тағайындалған әкім Ермек Көшербаев қандай шешім қабылдайды? Риддердегі жалғыз қазақ мектебіне жаңа ғимаратты қия ма? Жоқ әлде қазақ балаларын өткен ғасырдағы ғимаратта қалдыра ма?

Серіктес жаңалықтары