Бүгін Алматы қалалық сотында қоқысты шығарумен және сұрыптаумен айналысатын компаниялар тобының ісі бойынша шешім шығарылды. Әкімдікпен серіктестік мәселесіне қатысты дау бірнеше айға созылды, нәтижесінде қоқыс компаниялары жеңілді. Бұған не себеп болғанын және бүгіннен бастап қаланың тонналаған қоқысын кім шығаратынын Ulysmedia.kz анықтап көрді.
Еске салайық, іс осы жылдың сәуір айында Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы (қазір-Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы) мен құрамына "АҚ Тәртіп","Green Recycle" ЖШС және "Kaz Waste Conversion" ЖШС кіретін заңды тұлғалар консорциумы арасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) шартын жарамсыз деп тануды талап етіп, сотқа арызданған кезде басталды. Арыз прокуратураның ұсынысы бойынша берілді. Ал прокуратура өз кезегінде "АҚ Тәртіп" ЖШС-ден монополист белгілерін анықтаған ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қорытындысы негізінде әрекет етті.
Бірінші сатыдағы сот кәсіпкерлердің емес, талапкердің жағына шықты, сондықтан соңғысы апелляциялық сатыда өзінің дұрыстығын дәлелдеуге мәжбүр болды.
Күтпеген жағдай
Өкінішке қарай, судьялар өз шешімдерін түсіндірмейді – соңғы отырыс күтпеген жағдайларға толы болды. Green Recycle адвокаты Қуаныш Нәметов бірінші сатыдағы соттың шешімі неге заңсыз болғандығы туралы дәлелдер келтірді.
– Соттан бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраймыз, - деді оған жауап берген Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының өкілі.
Екі сағаттан кейін, үзілістен соң судья Бауыржан Диханбаев бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалғанын мәлімдеді.
– Енді қалай болады? Демек, ертең компания қоқысты шығаруды тоқтата ма? Ал біздің орнымызға кім шығарады?, - деді "АҚ Тәртіп" директоры Нұрлан Байтөреев абыржулы үнмен.
– Атқарушы органдарға хабарласыңыз – бұл туралы солар бас қатыруы керек, – деді судья.
Байтөреевке өз-өзіне келіп, бұл шешімге түсініктеме беруі үшін біраз уақыт қажет болды.
– Бізді монополистер деп атады, бірақ біз олай емес екенін дәлелдедік: "Алсеко" ақпараттық орталығынан біз қаланың екі миллионнан астам тұрғынының 800 мыңына ғана қызмет көрсететініміз туралы анықтама бердік. Сондай-ақ, бағаны біз емес, мәслихат белгілейді.
Қоқысты кім шығарады?
Бұл сұраққа жауап жоқ. 3 қазанда сот шешімі заңды күшіне енеді және МЖӘ шарты ресми түрде жарамсыз болады. Яғни, "АҚ Тәртіп", Green Recycle және Kaz Waste Conversion компаниялары қызметпен айналысу және ол үшін қала тұрғындарынан ақша алу құқығынан айырылады – бұл заңсыз кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Алматыдан 40 вагон қоқысты кім шығарады? 800 мыңнан астам азаматтың тұрмыстық қалдықтарын кім жинайды? Ең бастысы, қайда апарады?
Green Recycle компаниясының өкілі Мейірбек Шәкеев қоқыс сұрыптау кешенін салуға, техника, қоқыс таситын көліктер және т.б. сатып алуға шамамен 500 млрд теңге инвестицияланғанын айтты.
– Енді қоқыс сұрыптау кешенін, қоқыс таситын көліктерді не істейтінімізді әлі білмейміз. Басшылық осы мәселе туралы, сондай-ақ кассациялық сатыға бару-бармау туралы шешім қабылдайды. Бір нәрсені нақты айта аламыз – тендерлер өтетін болса, біз қатыспаймыз. Қызметкерлердің жағдайы не болатыны да белгісіз – компанияларда 1500-ден астам адам жұмыс істейді, олардың көпшілігінің біліктілігі төмен.
Сау басқа сақина
Әрине, бізде қоқыс шығаратын көптеген компаниялар бар. Бірақ мәселе мынада, Алматыда қоқыс сұрыптау кешені әзірге біреу ғана. Жаңа экологиялық кодекс бойынша Қазақстанда қалдықтарды алдын-ала сұрыптамай көмуге тыйым салынады. Ал компаниялардың нарықтан кетуі Алматының айналасында жаңа стихиялық үйінділердің көбеюіне әкелмей ме? Жаңа компания қаланы тұрмыстық қалдықтарға көмілуден құтқара ала ма?
Ең басты мәселе – әкімдік сау басына неге сақина тілеп алды – 5 жыл бұрын қол қойылған серіктестік туралы келісімді сот арқылы неге бұзды?
Қала басшылығы Алматы облысы Іле ауданының аумағында қоқыс сұрыптау зауытын салуды жоспарлап отыр. Бұл, әрине, керемет, бірақ жұмыс істеп тұрған жүйені бұзудың қандай қажеттілігі болды, мемлекеттің бір тиынын шығындамай, жеке инвесторлардың есебінен салынған кешеннен неге бас тартты? Әкімдік көкейдегі көп сұраққа түсініктеме береді деп үміттенеміз және ертең қаланы қоқыстың қолаңса иісі баспайды деген сенімдеміз.