Медиа маман Гүлжанат Амангелдиева туған жері Үржарға барған сапарынан кейін Алакөл жағажайындағы туризм мен сервис сапасына байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, табиғаты ерекше бұл өңірде инфрақұрылым мен жүйелі қызмет көрсету үлкен мәселе күйінде қалып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ҰЯЛЫП, КӨҢІЛІМ ТҮСІП КЕТТІ”
- Жақында туған жерім Үржарға барып қайттым. Әр келген сайын Алакөлге соғу дәстүрге айналған. Бұл жолы алғаш рет жолдасымды ертіп бардым. Жол бойы Алакөлімді мақтап, әдемі табиғатын, жағажайын, суының шипасын айтып келемін. Бірақ барған кезде іштей біртүрлі ұялып, көңілім түсіп кетті, – дейді Гүлжанат.
“МӘСЕЛЕ ТАБИҒАТТА ЕМЕС”
Амангелдиева мәселенің табиғатта емес, қызмет сапасы мен жүйесіздікте екенін айтады. Оның сөзінше, қонақүйлер бірыңғай талап пен стандартқа бағынбай, бейберекет салынған. Жағажайда жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ, инфрақұрылым атымен жоқ деуге болады.
- Тура жағаның қасында дәретхана тұр, сәл ары жүрсең шашлық пен балық қуырып жатыр. Гигиена деген мүлде ескерілмейді. “Парилка” ашылған екен, бірақ санитарлық талаптар сақталмаған. Ең болмағанда душ орнату керек еді, – деп жазады медиа маман.
Оның айтуынша, жағажай қоқысқа толы, тазалықты бақылайтын жауапты адам да, мекеме де байқалмайды. Жататын жер мен қолшатыр үшін 6000 теңге төлеген. Ал кей демалушылар жағажайға үлкен шатыр құрып алған, бұл өз кезегінде басқа туристерге орын таппай қалуына себеп болып отыр.
- Дәретхана мен автотұрақ ақылы. Бірақ егер төлем қабылданса, соған сай қызмет пен жағдай болуы керек қой? Ал ондай ештеңе жоқ. Әжетханалар лас, тұрақ ретсіз. Бір қызығы, барлық төлем тек “перевод” арқылы қабылданады. Бұл қаншалықты заңды? Оны кім қадағалайды? Жалпы ол ақша қайда кетіп жатыр?, – деп мәселе көтереді ол.
Гүлжанат Амангелдиева қарапайым пансионаттарда жатын орын бағасы 15–20 мың теңгеден басталатынын айтады. Сондықтан олар бұл жолы қонбай, тек барып қайтқан.
МЫСЫРДАҒЫ ДЕМАЛЫС
Салыстырмалы мысал ретінде Мысырдағы демалысын келтірген.
- Жолдасым екеуміз алты күнге Мысырда демалып қайттық. Сол сапар жолымен, жатын орнымен, тамағымен Алакөлден арзанға түсті. Сол себепті біз бұл жақта қонбадық та, – дейді ол.
ТАҒЫ БІР ПРОБЛЕМА
Тағы бір өзекті проблема – жанармай тапшылығы. Оның айтуынша, 95 маркалы бензин жол бойындағы бекеттерде, тіпті Qazaq Oil стансасында да болмаған.
Сөз соңында Гүлжанат Алакөлдің табиғи әлеуетіне зиян келтіріп жатқан негізгі мәселе – жүйесіздік екенін атап өтті.
- Алакөл жалпы шипалы, ерекше көл. Бірақ мұндай жүйесіздік оған кері әсерін тигізуде. Мен, мысалы, қайтып барғым келмейді. Табиғат берген мүмкіндікті сақтау үшін нақты ереже, талап, жауапты құрылым мен бақылау тетігі қажет сияқты. Әйтпесе, “туризмді дамытамыз” деген сөз сол сөз күйінде қала береді, – дейді ол.
ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Алакөлдегі туризмді реттеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, Ulysmedia.kz Алакөлдегі құрылыстарды кім және қашан салу керектігін түсіну үшін мемлекеттік сатып алу порталына үңіліп, неге бұл нәтиже бермегенін зерттеп көрді.