×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Отставкаға өтініш берген жоқпын – орынбасары сотталған БҚО әкімі

14.11.2023, 11:47
Отставкаға өтініш берген жоқпын – орынбасары сотталған БҚО әкімі
Коллаж: ulysmedia.kz.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бірінші орынбасары болған Ержан Балтаев сотталғаннан кейін отставкаға өтініш берді ме? ОКҚ алаңында бүгін бұл сұрақты әкімге Ulysmedia.kz тілшісі қойды.

«Түсіндіріп кетейін. Өте орынды сұрақ. Менің орынбасарым Ержан Балтаев өкілеттігін асыра пайдаланып, өз қызметінде сыбайлас жемқорлықпен айыпталған болатын. Ержан Талғатұлы Балтаев осы қылмысқа барған кезде ол жайт 2023 жылдың ақпан айында болған. Яғни мемлекеттік қызмет туралы заңның 60-бабына сәйкес.. Бұл мәселе қалай болды? Әлеуметтік желіде осындай әңгіме болып жатқанын көрдік. Одан кейін орынбасарымды (Балтаевты – авт.) шақырып, осы мәселені анықтадым. Қаншалықты дұрыс екенін өзінен сұрадым. Біз комиссия құрдық. Сол комиссия жұмысының қорытындысымен ол өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Соған байланысты мен оның теріс қылықтары үшін жұмыстан босаттым. Яғни сотқа дейін», - дейді Нариман Төреғалиев ОКҚ алаңында Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына.

Әкім өзі де отставка жөнінде ойланғанын айтады.

«Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, егер менің қарамағымдағы орынбасарым сол қылмыс жасаған мерзімі үш айдан асып кеткен жағдайда мен отставкаға 10 күн ішінде беремін. Бірақ ол қылмыс жасалған кезде менің келгеніме үш ай асқан жоқ. Мен 2022 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалдым. Яғни ақпан айында менің келгеніме тек 2 ай болған. Ал қылмыс жасалған мерзім үш айдан асып кетсе, сәуір немесе маусымда болған жағдайда мен отставкаға берер едім. Сондықтан мен заңға сәйкес, отставкаға берген жоқпын. Заң бәрімізге ортақ», - дейді ол.

Ержан Балтаевпен болған жайды Нариман Төреғалиев «өте өкінішті екенін» айтады.

«Бірінші орынбасарымның осындай өрескел заңбұзушылыққа барғаны мен үшін және мен басқарып отырған әкімшілік үшін өте ұят болды. Оны біз мойындаймыз. Алдағы уақытта осындай жайттарды болдырмас үшін біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментімен бірге жол картасын жасадық. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа жақын, қаражат көп жүретін мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрық арқылы біз ішкі аудит жүргізіп отырмыз. Құрылыс, білім басқармасы, «негіздер болып қалады» деген басқармалармен жемқорлыққа қарсы департаментпен бірлесіп, осындай бұйрықтар шығардық. Ішкі аудит жүргізіледі», - дейді ол.

Еске салайық, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Балтаев биыл тамызда сотталды.