Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Үкімет неліктен өңірге айрықша статус бермей отырғанын айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.
Бұған дейін Берік Әбдіғалиұлы өңірге «Экологиялық апат алдындағы аймақ» статусын беру бастамасын көтерген. Онысын алғашқы Ұлттық құрылтайдың алдында айтқан. «Мәселе қандай сатыда?» деген сұраққа Берік Әбдіғалиұлы былай жауап берді.
«Үкімет «дәлелдеңдер» деді. Біз қаражат бөлдік. «Экосфера» деген компания ұтып алып, сол қаржыға бүкіл облыстың жеріне, суына, ауасына, бәріне зерттеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі ендігі жылы ғана шығады. Соның қорытындысы бойынша ғана өңір апатты ма, апатты емес пе дегенді айта аламыз. Егер нәтижесі апатты десе, онда біз статус сұраймыз. Апатты емес десе, негіздеме жоқ. Онсыз ұсыныстарыңыз негізсіз деп Үкімет қайтарып берді», - деді әкім.