×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

Дүркіреп ашылған Түркістан телеарнасы қызметкерлері жалақы ала алмай жүр

29.10.2021, 16:04
Коллаж: ulysmedia.kz

Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Turkistan Media Holding» ЖШС қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақы ала алмай отыр. Осыған байланысты 15-ке жуық қызметкер жұмыстан кеткен, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

ЕЛБАСЫ ТАПСЫРМАСЫМЕН ҚҰРЫЛҒАН ТЕЛЕАРНА

Естеріңізде болса, Түркістанда халықаралық телеарна ашылады деген әңіме журналистер арасында желдей есті. Арнаға су жаңа ғимарат та салынып, әкімдіктегі шенеуніктер оның видеосымен “теңдесі жоқ ғимарат” деп әлеуметтік желіде бөліскені де бар. Тіпті арнаны аяғынан тік тұрғызу үшін елге танымал бірнеше журналисті қызметке шақырды. Бірақ кейбірі көп ұзамай Түркістанды тастап кете барған. 

Наурыз мерекесі қарсаңында ашылған Turkistan телеарнасы түркітілдес елдер арасында «алтын көпірге» айналуы тиіс және бірыңғай медиакеңістіктің қалыптасуына ықпал етпек-тін. Үздік түркітілдес БАҚ-пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғаны, арна командасында 100-ден астам кәсіби маман жұмыс істейтіні хабарланған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған жобаның тұсаукесерінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа ұжымды құттықтаған еді. «Turkistan Media Holding» ЖШС құрамына «Turkistan» телеарнасы кіреді.

ЖАЛАҚЫ СҰРАҒАНДАР СӨГІС АЛДЫ 

Есімін атамауды өтінген телеарна қызметкері бізге мекемедегі журналистердің біраз мәселесін баяндап берді. «Журналистердің жалақы ала алмай отырғаны рас. Ұжымның үштен бірі журналистер. Бүгін соңғы күн деп айлықтың түскенін күтіп отырмыз. Онда да қыркүйек айының жалақысы. Ал қазан айына қашан түсіретіні белгісіз. Директор «жыл соңына дейін осылай болады, көнбей қайда барасыңдар» деді. Басында күнде ертең дейтін еді, енді ашық дөрекі сөйлеуге көшті», деген ол атын атамауды өтінді, әйтпесе басшылық соңына түсіп қудалауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, жақында жалақы талап еткен телеарна қызметкерінің біріне басшылық сөгіс жариялаған.

«Алдында бәрімізді кадр бөліміне шақырды. Айлық 10-на дейін беріледі деген келісім-шарттағы тармақты келесі айдың 25-не беріледі деп өзгертіп, соған бізге қол қойғызбақшы болды. Бәріміз қол қоюға қарсы шыққан соң, өзгеріссіз қалдыруына тура келді. Бірақ қарсы шыққан қызметкерге сөгіс берді. Ол өз құқығын қорғағаны үшін жаманатты болып отыр. Оған «Ендігәрі осылай істейтін болсаң жұмыстан кетесің» деген шарт қойды», - дейді ол.

ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒА АЛМАЙ ОТЫР

Телеарна қызметкерлеріне зейнетақы мен МӘМС жарнасы төленбегендіктен олар емханаға бара алмай, тұрғын-үй және өзге де несие ала алмай отырған көрінеді. Тіпті осыған орай декреттік демалысқа кете алмай отырған жүкті әйел қызметкерлер де бар.

«Осы айдың өзінде 3-4 адам жүмыстан шығып кетті. «Айлық бермесеңдер кетеміз» деген оларға басшылық «кете беріңдер» деп ашық айтты. Көктемнен бері жалақыны 20 пайыз, 30 пайыздан бөліп-бөліп беріп келеді», - деді ол бізге берген сұхбатында.

Осылайша арна қызметкерлері көктемнен бері айлығын бөліп-жарып алып отыр. Ал соңғы екі айда жалақы мүлдем берілмеген. Жарты жылдан бері айлық мәселесі шаршатқан журналистер енді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке ашық хат жазу үшін қол жинап жатыр. Жалақыны бүгін түсірмесе нақты қадамдарға баратындарын жеткізді. Жуырда жұмыстан кеткен режиссер, операторларға хабарласқанымызда, олар ашық пікір бере алмайтындарын айтып, бас тартты.

 Фото: «Turkistan» телеарнасының студиясы

Холдинг құрамындағы «Рухани Жаңғыру» кеңсесінде істеп, жалақы мәселесіне орай жұмыстан кеткен қызметкердің бірі – Гүлжан Серік. Жалақы мәселесін батыл көтеріп жүрген ол аталған мәселені бірнеше рет әлеуметтік желілерде хабарлап, тиісті министрлікке хат та жазған.

«Бұл мәселе бойынша әуелі «Рухани жаңғыру» кеңсесінің бөлім басшысына, кейін холдингтің сол кездегі бас директоры Бауыржан Бердімұратовқа кірдім. Олар сәл күте түруымды сұрап, өтірік үміт сыйлаумен болды. Бұдан кейін Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысының қабылдауына бардым. Араға адамдар салып ешқайда шағымданбауымды өтінді. Осы уақытқа дейін айлық ешқашан уақытылы түспеген, зейнетақы қорындағы ақша ақпан айынан бері 0. Мамыр айының айлығы әлі жоқ. Ал еңбек демалысы туралы тіпті ойлаудың қажеті жоқ. Қаншама жобаны тек ауызша жасап келеміз, жобаға бір тиын да бөлінген емес. Жоба түгілі жұмыс істейтін компьютер де жоқ, принтер, тіпті қарапайым қағаздың өзін әр маман өзі сатып алуға тура келеді. Кадрдың құжаты да түгел емес», деп жазды ол өзінің фейсбук парақшасында.

Жергілікті басшылықтан қайыр болмаған соң, ол шілде айында Ақпарат және қоғамдық даму министрінің блогына шағым түсірген. Осыдан соң вице-министр мәселені назарына алып, холдинг бес айлық зейнетақы, үш айлық жалақысын түсіріп берген.

БІРІНЕ БІРІ СІЛТЕГЕН БАСШЫЛЫҚ

Аталған мәселеге орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановқа хабарласқанымызда телеарнадағы айлық мәселесінен хабарсыз екенін айтты.

«Иә, айлық кешігіп жатыр деп естігенмін. Бұл жайында облыстық Қоғамдық даму басқармасы нақты жауап беруі тиіс»,- деп қысқа қайырды ол.

Ал Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы директоры болып жуырда тағайындалған Аңсар Өсербаев жалақының кешігуін қазыналық кәсіпорынға сілтеді.

«Қазыналық кәсіпорын екі күннен бері дұрыс істей алмай жатыр, содан болып кешігіп қалды. Біздің кінәміз емес», деді директор. «Демек қаржылық мәселеге қатысты ешқандай қиындықтар жоқ және журналистер айлығын уақытылы алып отыр ма?» деген сауалымызға былай деп жауап берді.

«Иә, ешқандай мәселе жоқ», деп нақтылаған ол, «Біз бірінші орында өзіміздің журналистердің жағдайын ойлаймыз ғой. Қазыналық кәсіпорын басшысына дейін шығып, ойластырып жатырмыз», - деді Аңсар Өсербаев.

Арнаға жақында директор болып тағайындалған белгілі медиаменеджер Бағдат Қожахметовке де хабарластық. Ол холдингтің басшысына хабарласуымызды сұрап, сөйлесе алмайтынын айтты.

МИЛЛИОНДАҒАН ТЕНДЕРЛЕР

Мемлекеттік сатып алу порталында «Turkistan Media Holding» ЖШС қазан айында облыстық қоғамдық даму басқармасының бірнеше тапсырысын орындаған. Атап айтар болсақ, «Turkistan times» ақпараттық бағдарламасын көрсету жәңе «Тыныштық әлемі» деректі фильмін әзірлеуге 21 млн 517 мың теңге бөлген. 120 минуттық «COT.KZ» ақпараттық бағдарламасының көрсетілімі үшін 5 млн 357 мың теңге бекіткен. Ал «Түркітілдес Парламенттік Ассамблеясының X пленарлық бейнеклипін дайындауға 7 млн-нан астам теңге жұмсалған.

2021 жылы шілде айында холдинг пен қоғамдық даму басқармасы 145 млн 725 мың теңге шамасында келісім-шарт жасасқан.

Фото: Телеарна директоры – Ерлан Нуров

«Turkistan Media Holding» ЖШС 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған. Телеарна директоры – Ерлан Нуров. Бір қызығы басшының өмірбаяны мен жұмыс тәжірибесі туралы мәлімет ашық дереккөздерде жоқ. Телеарна қызметкерлері де оны жақын танымайтындықтан “жұмбақ адам” деп атайды. 

Серіктес жаңалықтары