«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басқарма төрағасы Елжас Отыншиев ұсталғаннан кейін алғаш рет ресми мәлімдеме жасады. Компания штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын, жолаушылар және жүк пойыздары толық көлемде қатынап жатқанын хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Мәлімдемеде Отыншиевтің аты да, оның ұсталғаны да айтылмаған. Компанияны қазір кім басқарып отырғаны туралы да ақпарат жоқ.
– Тасымал жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Біз пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі мен кестенің сақталуын бақылап, жолаушылар мен клиенттер алдындағы барлық міндеттемені толық көлемде орындап келеміз, – делінген ҚТЖ хабарламасында.
Бұған дейін не болған еді?
Еске салайық, бір күн бұрын ҚТЖ-ға иелік ететін «Самұрық-Қазына» қоры да осындай мәлімдеме жасаған болатын. Қор инвесторлар мен кредиторларды барлық міндеттеме күшінде қалатынына сендірді. Алайда қор басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталғаны туралы да мәлімдемеде ештеңе айтылмады.
11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевті ұстаған. Ulysmedia.kz дереккөздерінің мәліметінше, олар аса ірі мөлшерде пара алуға оқталды деген күдікке ілінген.
12 қараша күні таңертең Астанадағы Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан шабадан мен доллар салынған бумалар табылды. Дереккөздердің хабарлауынша, үйдің жанында ақша салынған сегіз шабадан болуы мүмкін.