×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бірде-бір адам қаза болған жоқ»: ТЖМ Аягөзде суға кеткен екі адамды су тасқыны құрбаны санамайды

02.04.2024, 13:34
«Бірде-бір адам қаза болған жоқ»: ТЖМ Аягөзде суға кеткен екі адамды су тасқыны құрбаны санамайды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов Аягөз ауданында суға кеткен екі адамның өлімін су тасқынымен байланыстырмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Аягөз ауданындағы оқиға

Аягөз ауданында болған оқиғаны Азаттық радиосы жазған еді. Басылымның хабарлауынша, Абай облысы Аягөз ауданындағы Қарағаш ауылында 26 наурызда трактормен бірге суға кеткен екі адам әлі табылмаған. Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазинді Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзені ағызып әкеткен. 39 жастағы Шалқар Аягөздегі әскери бөлімдердің бірінде келісімшартпен жұмыс істеген. Жанындағы Қуанышбек – 68 жастағы шопан. Шалқардың әкесі Тұрсынғали Қажыгереев трактордағы ұлы мен қойшы 26 наурыз таңғы алты жарымнан кешкі беске дейін су ортасында тұрғанын айтқан.

Олар 112-ге қоңырау шалып көмек сұраған, бірақ ешкім келмеген.

– Ешкім келмеді. ТЖМ-де ешқандай дайындық жоқ. Ауылдың әкімі басқа бір техника әкелуіне болады ғой. Ары жүгірдім, бері жүгірдім. Телефон байланысы біресе бар, біресе жоқ. 112-ге қоңырау шала бердім. Не ауыл әкімінен, не Аягөздегі төтенше жағдай қызметкерлерінен көмек болмады. Екеуі он сағат бойы трактор үстінде отырды. Он метр жер. Қандай шарасыздық?! Соған күйінем, бес күн болды міне, жылап жүрмін баламан айырылып. Енді міне, таба алмай жатырмыз, – деп жылап жіберген Тұрсынғали Қажыгереев.

ТЖМ не дейді?

Бүгін Үкімет отырысынан кейін БАҚ алдына шыққан төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықов су тасқыны кезінде “ең бастысы бірде-бір азаматымыз қаза тапқан жоқ” деп мәлімдеді. Сыздықовтың айтуынша, екі адам “жолды қысқарту үшін трактормен тасыған суға өздері түскен”.

– “Адам шығыны жоқ” деп айтқан кезде “бізге рахмет айтыңыз немесе бізді мақтаңыз” деп айтқан жоқпын. Қуанып айтып отырмын. Шүкір деп айту керек. Ал трактордағы екі адамның жоғалуы су тасқынына шыли байланысты емес. Оны біз дұрыс түсінуіміз керек. Олар жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кіріп отыр. Демек, судың ортасында қалып кеткен жоқ. Трактордың жолды қысқартам деп суға кірген Он сағат деген көп айтылған шығар. Оны біз қарайық. Орысша айтқанда “у страха глаза великие” дейді ғой. Өрт болып жатқан кезде біздің азаматтар “өрт сөндіру көлігі өте ұзақ келіп жатыр” дейді. Бірақ дәл сол кезде шын мәнінде санаулы секундтар мен минуттар өтіп жатады. Бұл жерде де тура сондай, – дейді Сыздықов.

ТЖМ басшысының орынбасары бүкіл сулы аймақта құтқарушылар дайын отырған жоқтығын атап өтеді. Баруға уақыт керек дейді.

Жергілікті құтқару қызметінің жұмысынан кемшілік көріп тұрған жоқсыз ба? Бір үлкен Аягөзде қалайша бір қайық табылмай қалды? ТЖМ өкіліне осындай да сұрақ қойылған.

– Өмір болғаннан кейін қателіктер де, кемшіліктер де болады. Мүмкін ондай қателіктер, кемшіліктер болған шығар. Бірақ біз әрбір жағдайды зерттеп, зерделепп, анализ жасаймыз. Су көзінде, әрбір өзен бойынша өкінішке қарай құтқарушыларымыз жоқ. Аягөздің өзінен ол жерде жетуге уақыт керек. Ал мен неге екі тракторшының суға кеткенін су тасумен байланыстырып отырған жоқпын? Себебі олар суға барып трактормен түспесе, ештеңе болмайтын еді. Мәселе сонда. Адамның өзінің орысша айтқанда “сознательносты”. Соны біз түсінуіміз керек, – дейді ол.

Сыздықов “адамдардың өздері ғана кінәлі деп айтқысы келмейтінін” айтып, алдыңғы сөзіне қайшы пікір де айтады.

– Үлкен адам болса ойлануы керек қой!? Кішкентай бала емес қой. Мәселе сонда. Дұрыс түсініңіз. Ал жаңағы күштеріміз бен құралымыз республикада әлі де бізге керек. Өзеннің бойындағы құтқарушыларымыздың болмауы – мәселе сонда. Ал біздің қарапайым қайықтар бар. Аудандарда да, қалаларда да бар. Бірақ тура адамдар судың ортасында тұрған жерге жеткізу керек қой!? Соны айтып жатырмын, – дейді ол.