Вице-премьер, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб меңгерушісінің орынбасары Қанат Бозымбаев өңір басшысымен бірге Құлсарыдан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аумақтың үстімен ұшып өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Су бекеттеріндегі мәлімет бойынша, Жем өзенінде су деңгейі төмендеген, Жылыой ауданы мен Құлсары қаласын су басқан. Вице-премьер қорғаныс құрылыстары мен үйінді бөгеттерді аралап, тексерді.
Сонымен қатар Құлсары қаласының тұрғындарымен кездесті. Ол су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары, қалпына келтіру жұмыстарының басталуы туралы айтты, сондай-ақ апат салдарынан келтірілген залалды өтеу үшін өтемақы төлемдерінің алгоритімін түсіндірді, - делінген Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мыңдаған қазақстандық Құлсары тұрғындарының қайғысына үн қосты. Гуманитарлық көмек тарату бекетінде бірнеше ондаған тонна азық-түлік, киім-кешек, жалпы тұтыну тауарлары жиналды.
Қанат Бозымбаев гуманитарлық көмек беру барысында ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, елде біраз күннен бері бірнеше өңірде су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызып отыр.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма беріп отыр.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.