×
473.15
515.12
5.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.15
515.12
5.4

Айтылған межеден асты: Жайық бойындағы ел төтенше жағдайдың шарықтау шегі жақындап қалғанына алаңдаулы

22.04.2024, 16:04
Коллаж: ulysmedia.kz.

Орал тұрғындары түнде көз ілмейді, бәрінің уайымы – Жайық қайтер екен, тасыса не болады? Батыс Қазақстан облысында су тасқынының шарықтау шегіне қатысты болжамдар әртүрлі айтылып келді. Басында 15 сәуір делінген, кейін 17-не, 19-на ауыстырылды. Ал енді су 22 сәуірде келеді екен деген болжамдар айтылуда. Болжаушылар Ресейдегі жағдайды негізге алады және Жайық бойындағы елдімекендердің хал-ахуалын ескереді. Сондықтан нақты күнді атауға ешкімнің сәуегейлігі жетпейді. Бірақ кеше, 21 сәуірде су деңгейі өзінің рекордын жаңартты, су деңгейі бір түнде 10 см-ге көтерілді.

Не болды

Орал қаласының жан-жағын су қоршады, қазірдің өзінде саяжайлар мен қала маңындағы ауылдардың барлығын дерлік су басып, жолдарды шайып кетіп жатыр. Көптеген елдімекеннің тұрғындары эвакуациялық орталықтарды су алып кете ме деп алаңдап отыр. Орал, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі және Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланды. 9 елдімекен көлік қатынасынсыз қалды, олар: Қаратөбе, Қосбаз, Аққозы, Қоржын, Ақтайсай, Бесоба, Алакөл, Сәуле, Қарақамыс және Ақтау. 3294 саяжайды су басты, 13819 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5725-і бала. Эвакуациялық пункттерде 2300 адам болса, 11519 адам туыстарын паналауда. Су тасқынының алғашқы толқынында мыңдаған үйді су басып, мыңдаған үй жануары қырылды.

Не болады

Адамдар тасқынның бірінші толқынынан әлі ес жиып үлгермеді, ал екінші толқынның қаупі сезіле бастады. Егер Жайық 850 см-ге көтерілсе, онда шаруамыз бітті дей бер. Жексенбі күні осы межеден асты деген хабар келді.

Жайықтың арнасынан асатыны алдын ала айтылғандықтан, тұрғындар үйлерін дер уақытында тастап шықты. Әсіресе, бау-бақша қауымдастықтары мен саяжайларда су деңгейі көтеріле салысымен газ бен жарықты өшіріп тастаған. Қала мен төрт ауданда жағалауды нығайту жұмыстары қыза түсті. Құтқару жұмыстарына басқа өңірлерден еріктілер, Төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері, Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері қатысуда. Жағалауды нығайтып, Жайық пен Шағанға бөгет салуға барлық күш жұмсалуда.

– Үкімет шешімімен бізге Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Атырау облыстарынан қосымша техника бөлінді. «Құтқару жұмыстарына 1 мыңнан астам техника жұмылдырылды», - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов.

Бәрінен айырылды

Севил Құспанова «Ягодка» бау-бақша қоғамында тұрған. Су келгенде әйел құжаттар мен қажетті заттарды жинап үлгерген. Олар ұлымен бірге эвакуациялау пунктіне орналасты.

– Барлық үйді су басты, бәрі суда еріген қанттай, жоқ болып жатыр. Енді не істеуіміз керек? Қай жерде тұрамыз? Кез келген адамнан сұраңыз, алдағы күнін бұлыңғыр деп айтады. Міне, балалар, жартысы мектепке барды. Біз осында отырамыз және ертең бізді не күтіп тұрғанын білмейміз. Қандай көмек болатыны белгісіз. Енді жаңа үй салуымыз екіталай», – дейді Севил Құспанова.

Ал оралдық Алексей Шац үйінен ғана емес, дүние-мүлкінен де айырылды. Отағасы үйді бірнеше жыл салған. Бала-шағасымен көтерген шаңырағына су кіріп, бәрі құрдымға кеткен. Қазір ол өз баспанасын тек видеодан ғана көреді. Енді қанша талпынса да, үй салу қолымнан келмес дейді ол.

– Жөндеу жұмыстарын жақында аяқтадып едік, бәрі су астында қалды. Мен ешқандай мүлкімді сақтап қала алмадым. 2 плазмалық теледидар, былтыр жазда 350 мыңға сатып алғанмын. Қазір кішкентай ұлымды анамның қасына жібердім, бір бөлмелі пәтерге, біз осында эвакуация орталығында әйеліммен бірге тұрамыз, - дейді Алексей Шац.

Владимир Суров үйін барып көргісі келген екен, алайда ол су астында қалыпты, тек шатыры ғана көрініп тұр.

– Бізге ескертілгені жақсы болды - біз барлық заттарымызды жинап алдық. Тек 2 диван қалды. Мен газ қазандығын көтермедім, өйткені ол жердегі құбырларды кесу керек. Қолымыздағы дүниемізді екінші қабаттағы көршілердің үйіне тасыдық. Су тасқынынан аман шығамыз деп үміттенемін», - дейді Владимир Суров.

Көмек

Оралда гуманитарлық көмек қабылдайтын бірнеше пункт бар. Онда таңертеңнен кешке дейін жұмыс қызу жүріп жатыр – адамдар азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, гигиеналық құралдарды әкелуде. Көмек еліміздің басқа аймақтарынан да жеткізіліп жатыр, оның ішінде Ақтау, Атырау, Павлодар, Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды облыстары тұрғындарының көмектері бар. БҚО-ға Ұлттық ұланның 889 әскері келді. Олар құм толтырылған қапшықтар төсеп, қорғаныс құрылыстарын тұрғызды. Көмекке еліміздің жеті облысынан әскерилер келді. Құтқару жұмыстарына 164 су көлігі мен бірнеше тікұшақ жұмылдырылды.

– Ұлттық ұлан 160 рейс жасады, бұл – 200 сағат. Әскерилер 170 тонна гуманитарлық жүк тасымалдады. Жедел тапсырмаларды орындау үшін жеке құрам су ағызатын арналарды тазалауға және су басқан аймақтардан халықты эвакуациялауға жұмылдырылды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов.

Шұғыл, тіпті кейде мәжбүрлі түрде

Жағдай ушығып барады. Кейбіреулері үйлерімізді тастап кетпейміз деп отыр. Әлдилеп отыратын уақыт емес, құтқарушылар ондай тұрғындарды мәжбүрлеп көшіруде.

– 6 саяжай қоғамы бар Зачаганск ауданында қыс мезгілінде 190 отбасы тұрады. Олардың барлығы алдын ала эвакуацияланды, үйлерін күзетіп жүргендер санаулы ғана қалды. Ал қазір құтқарушылар мәжбүрлі эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оралға жақын орналасқан Космос және Комарова саяжайлары аймағында да бұрын үйлерінен шығудан бас тартқан жергілікті тұрғындарды шұғыл эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Осы сағатқа дейін құтқарушылар төрт жергілікті тұрғынды үйлердің шатырына шығарды, - дейді Орал қалалық ТЖБ бастығы Амангелді Ешмұханов. Азаматтарды эвакуациялау үшін арнайы операцияға тікұшақ, су көлігі және адамдарды іздеп жатқан ұшқышсыз ұшақ жұмылдырылғанын айтты.

Су тасқынына жол берген шенеуніктердің кінәсі туралы мәселе күн тәртібінен түспейді деп сендірді Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан эвакуациялық орталықтарда зардап шеккендермен кездескен кезде.

– Президент Бас прокуратураға тиісті тексерулер жүргізуді тапсырды, прокуратура бұл бағытта жұмыс істеп жатқан болар. Біз, депутаттар, өз тарапымыздан сөзсіз бұл мәселені көтереміз. Біздің облысқа қатысты көптеген сұрағымыз бар, - дейді депутат.

Қожайын кім?

– Бір жағынан, барлық саға, тоғай мен сай-сала суға толады, өзен қоқыстан арылады. Ал екінші жағынан, қаншама адам баспанасыз қалды, - дейді Орал қаласының қарт тұрғыны, Славян бірлестігінің төрағасы Вячеслав Солодилов.

Ол Жайық жағасына бұрын-соңды халық қоныстанбағанын айтады.

Адамдар табиғаттың тепе-теңдігін бұзды, тым батыл боп кетті. Ал өзен барынша шыдады. Бірақ шыдамның да шегі бар, міне, үйде кімнің қожайын екенін көрсетіп жатыр.

Оның болжамы бойынша, су қазір көп келгенімен, кейін құрғақшылық болады. Ол адамдардың табиғатқа деген немқұрайлы көзқарасы ғана мұндай төтенше жағдайға әкелетініне сенімді.

Орынборда Жайық болжанған деңгейден бір жарым метрге асып түсті. Сарапшылар есептеулерді салыстырып, 850 см қауіпті критикалық деңгейде Орал қаласына қауіп төніп тұр деп есептейді. Олардың айтуынша, әзірге су бір метрге көтерілуі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Жайық жағасында орналасқан тағы бір қала бар. Атырау тұрғындары да алапат су келеді деп қарбаласып жатыр.

Серіктес жаңалықтары