Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарынан жалғыз үйінен айырылған қанша азаматқа үй салып берілетіні хабарланды, деп жазады деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Демеушілерге тапсырылған
Бұл жайлы премьер-министрдің депутаттарға берген жауабында жазылған. Тексеру нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы бойынша су басқан үйлердің жалпы саны 3966 құраған. Оның 1466-сы жеке тұрғын үй құрылыстары. Сондай-ақ, облыс бойынша 8735 саяжай су астында қалса, оның 2500-і азаматтардың жалғыз тұрғын үйі.
– Осылайша, бүгінгі таңда 1466 тұрғын үйді бағалау қорытындысы бойынша (қалғандары бойынша қазіргі уақытта зерттеуге мүкіндік жоқ) оларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 992 тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстары басталды, 474 тұрғын үй бойынша сатып алу немесе жаңа тұрғын үй салу көзделген, *- делінген жауапта.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша көмек көлемін демеушілерге бекіту тапсырылған.
Орал тұрғындарының жанайқайы
Еске сала кетейік, бұған дейін Ulysmedia.kz редакциясына Орал қаласы тұрғындарының Мәжіліс депутаттары Нартай Аралбайұлы, Ринат Зайытов, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек пен Асхат Аймағанбетовке жазылған өтініші келіп түскен еді. Хат мәтінінде Ulysmedia.kz редакциясы бұған дейін жазған мәселе көтерілген. Жайық, Шаған өзенінің суы тасып, саяжайдың мыңдаған тұрғыны үйсіз қалғандықтан, бәрінің уайымы бір – олар "енді далада қаламыз ба" деп алаңдайды.
– Президент өз сөзінде зардап шеккендерді ешқандай санатқа бөлмей, шығыны өтеледі, үй беріледі дегенімен, беруге келгенде билік өкілдері түсініксіз ережелермен миымызды қатырып, жігерімізді сөндіріп, өмірден түңілдіріп жіберді. Біз арыз-шағымымызды кімге барып, кімге айтарымызды білмей қалдық, – дейді Орал тұрғындары.
Өткен аптада өткен үкімет сағатында осы хатқа байланысты аты аталған депутаттарды портал тілшісі сөзге тартқан. Парламенттің төменгі палатасында жүрген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа да осы сұрақты қойып үлгерген.