Ұлытау облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы экологиялық заңнаманы қолдану мәселелері бойынша заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Оның қорытындылары бойынша I және II санаттағы 66 оператордың өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есептерді ұсынбауының 125 фактісі анықталған (Экология кодексінің 184-бабының талаптарын бұзылған).
Олардың қатарында жер қойнауын пайдаланушылар, коммуналдық кәсіпорындар, ауылдық округтері әкімдерінің аппараттарына тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары және т.б. бар.
Бұл, өз кезегінде, уәкілетті органға өңірдегі экологиялық жағдайды объективті бағалауға мүмкіндік бермеуде.
ІС
Аталған фактілер бойынша прокуратура Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының 11 ауылдық округ әкімдеріне қатысты 20 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады.
Қазіргі уақытта прокуратураның қадағалау актісі бойынша Экология департаменті қалған табиғат пайдаланушыларды әкімшілік жауапқа тарту бойынша шаралар қабылдауда.
Бұдан басқа, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның талаптарын бұзғаны үшін Ұлытау облысының Экология департаментінің, ветеринария, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының басшылары ӘҚБтК-нің 664, 665, 666-баптары бойынша жауапқа тартылды.
Бүгінгі таңда кінәлі тұлғаларға салынған жалпы сомасы 4,6 млн теңге айыппұл толық өндірілді.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Ұлытау облысы әкімі ауысқан болатын.