Ол мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетіліп, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, деп хабарлайды ulysmedia.kz inbusiness.kz сілтеп.
Өскемен қаласында орналасқан «жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернаты» КММ-нің бұрынғы директорына қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру және иемдену жолымен ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды (ҚР ҚК-нің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы). Сот осы лауазымда 2013 жылдан 2019 жылға дейін жұмыс істеген 49 жастағы әйел бюджет қаражатын ұрлап, мемлекетке жалпы сомасы 12 830 996 теңге материалдық залал келтіргенін анықтады. Ол кінәсін мойындамады. Өскемен қаласы № 2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушының кінәсі жәбірленуші өкілдің, куәгерлердің айғақтарымен, бухгалтерлік құжаттармен, сондай-ақ сараптама қорытындысымен расталған.
Айтпақшы, прокурор оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағының санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Кінәні жеңілдететін және ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасауды, кәмелетке толмаған баланың болуын, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып және залалдың өтелмегенін ескере отырып, сот мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, қылмыстық – атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады», - деп хабарлады сотта.