Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында үш жол апаты болып, 6 адам көз жұмды. Оның біреуі – бала. Тағы 10 шақты адам жарақат алды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Жол апатының екеуі Орал қаласында, біреуі Самара-Шымкент трассасының бойында болған. Зардап шеккен жолаушылар ауруханада жатыр. Көбі жабық бас-сүйек жарақатын алған. 8 жасар бала жансақтау бөліміне түскен. Аймақта күн боран, жол тайғақ. Қолайсыз ауа райына байланысты бүгін Самара-Шымкент, Орал-Тасқала-РФ шекарасы, Орал-Атырау бағытындағы трассалар жабылды.
«Полиция қызметкерлерімен оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталуда. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейін тергеу басталды. Ауа райының нашарлауына байланысты рөлге отырмауға және қаладан шықпауға тырысыңыз», - дейді БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Дариға Мәжитова.