12 сәуір күні Шымкент қаласындағы Тұран-1 шағын ауданында қайғылы оқиға болды. Бірінші сынып оқушысы ашық қалған су толы шұңқырға құлап, мерт болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Otyrar.kz мәліметінше, жеті жасар бала сағат 17:00 шамасында үйінен шығып кеткен, ал бірнеше сағаттан кейін, шамамен 22:00-де, оның денесі тереңдігі 2 метр суға толы шұңқырдан табылды.
ШҰҢҚЫР БҰРЫННАН ҚАУІПТІ БОЛҒАН
Тұрғындардың айтуынша, бұл шұңқыр бірнеше жыл бұрын көпқабатты үйлерге септик салу үшін қазылған, алайда құрылыс жұмыстары аяқталмай тоқтап қалған. Уақыт өте келе шұңқырға ағын сулар жиналып, ол толықтай суға толған күйінде ашық жатқан.
Жергілікті халық талай рет тиісті мекемелерге жүгініп, бұл аумақты қоршап, қауіпсіз етуге шақырған, бірақ ешқандай шара қабылданбаған. Ең сорақысы — шұңқырдың жанында мектеп пен балабақша орналасқан.
ТЕРГЕУ
Қазір баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оқиғаға байланысты тексеру амалдары басталды. Тұрғындар осындай оқиғалар қайталанбауы үшін, жергілікті билік пен жауапты органдардан шұғыл шара қабылдауды талап етіп отыр.