Тараз соты 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза болған Асхат Бегешовті кінәлі деп таныды. Оған «комендат сағаты кезінде билік өкіліне бағынбады» деген айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Сот үкімі
The Qazaq Times сайтының журналисті Қойшыбек Мүбарактың айтуынша, істі қараған судья Асхат Қайратбекұлы Асхат Бегешовті қаза болуына байланысты жазадан босатқан.
«Асхат Бақтыбекұлы Бегешов ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабында көзделген қылмыстық бұзушылық жазағаны үшін кінәлі деп танылсын... Қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауаптан босатылсын», – деді судья сот үкімінде.
Асхат Қайратбекұлы сот тергеуінде Бегешовтің кінәсі толықтай дәлелденгенін айтты. Ол Асхат Бегешовтің 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде қалада коменданттық сағат жарияланғанына қарамастан, полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай көлік жүргізген деді.
«Сот іс құжаттарын зерттеп, куәлердің айғақтарын тыңдап, келесідей тұжырымға келді: 2022 жылы 7 қаңтарда Бегешов өзінің басқаруындағы Х5 BMW маркалы автокөлігімен сағат 02:00 шамасында, алкогольді масаң күйінде көлікпен көпірдің астындағы айналмалы жолмен Төле би көшесінде солтүстік бағытта 80-100 метр жердегі әскери және полиция қызметкерлерінің тоқта деп қолмен берген белгісіне бағынбай және олардың ескерту ретінде аспанға қарай берген белгісіне бағынбай, бірнеше мәрте оқ атқанына қарамастан, яғни төтенше жағдай жарияланған жерде және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында билік өкілінің заңды талаптарын орындамай, автокөлікті тоқтатпай, жоғары жылдамдықпен аталған блок посттан өтуге іс-әрекет жасаған», – деді судья үкімнің түсіндіру бөлігінде.
«Жолдасым жазықсыз атылды»
Төрт жылдан бері күйеуін ақтауды талап етіп келе жатқан марқұм Асхат Бегешовтің жесірі Ардақ Темірбаева сот үкімімен келіспеді. Ол алдағы уақытта апелляциялық және кассациялық шағым түсіретінін айтты.
«Судья болып отырып, барлық айғақтарды, дәлелдерді көріп отырса да теріс шешім шығарды. Мүлдем келіспеймін. Қайтадан тергеу жүргізуге арыз жазған себебім, ең бірінші осы істе анықталған оқтың басының артқы бөлігінен кіріп, алдынан шыққан. Бұл күйеуімнің постқа қарай тіке жүрмегенінің дәлелі... Оның барлығы сот барысында айтылды, куәлердің сөзімен дәлелденді. Осы сот отырысында менің нақты көзім жетті, біздің елімізде әділдік жоқ, заң жоқ, конституция жоқ. Заңның жұмыс істемейтініне нақты көзім жетті. Бірақ мен мұнымен мойымаймын. Мен әрі қарай соңына дейін баруға дайынмын. Апелляция бар, кассация бар, жоғары сот бар. Соған баруға дайынмын. Себебі менің жолдасым өзінің өлімімен емес, жазықсыз атылып кетіп отыр», – деді ол.
«Аруақтар ісі»
Бұған дейін Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза болған бес адам Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев, Тоқтар Ошақбай және Исатай Донбаев сотталған. Оларды да сот кінәлі деп танып, қаза болуларына байланысты жазадан босатқан. Кейіннен Нұрсұлтан Қуатбаев ақталған. Тергеу органдары оларға «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты», «оқ-дәріні заңсыз алып жүрді» деген айып таққан. Сол уақытта ел арасында бұл сот процесі «Аруақтар ісі» аталып кеткен.
Контекст
37 жастағы теміржолшы Асхат Бегешов 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде Тараз қаласында күштік құрылымдар атқан оқтан қаза болған.
Сот-баллистика сараптамасы қорытындысында Асхат Бегешовтың жеңіл көлігіне 24 оқ тесіп кіріп, 7 оқтың шыққан ізі қалғаны айтылған. Марқұмның басынан алынған калибрі 7,62 мм оқтың қалдығы өздігінен оқталатын карабин, Калашников автоматы мен қол пулеметі сияқты үш түрлі қарудан атуға арналған оқтан қалған болуы мүмкін деген тұжырымға келген сарапшылар. Бұған қоса Бегешовтың киімінде тесіп өткен үш оқтың ізі қалған.
Сол уақытта көлікте марқұм Асхат Бегешовпен бірге болған екі адамға да оқ тиген. Бірақ екеуі де аман қалған.
Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша, 238 адам қаза тапқан. Арасында оқ тиіп өлген адам көп.