×
$
458.23
535.99
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.23
535.99
5.46

Семей ренессансы:  қайтарылған мәртебе қалаға қандай өзгеріс әкелді

Бүгін, 19:03
Семей ренессансы:  қайтарылған мәртебе қалаға қандай өзгеріс әкелді
Ulysmedia

2022 жылдың маусымында Семей қайтадан облыс орталығы болды. Сол кезде  Абай облысы құрылып, Семей Шығыс Қазақстан облысының құрамынан бөлінді. Осылайша 1997 жылы жоғалтқан облыс орталығы мәртебесі қалаға қайта берілді. Мұның халық үшін маңызды тұсы – республикалық бюджеттен өңірге бөлінетін трансферттердің артуы. Яғни, қаржы енді Өскеменнен ортақ бюджет арқылы емес, Абай облысының өз қажеттіліктеріне қарай бөлініп, Семейдің мәселелеріне көбірек бағытталады. Мұны жергілікті жұрт сезініп жатыр ма? 4 жылда не өзгерді? Ulysmedia.kz редакциясы облысқа арнайы барып, тұрғындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

БИЗНЕС ПЕН ФУТБОЛДЫ ҰШТАСТЫРҒАН КӘСІПКЕР

Сапарымыз Жаңасемей ауданындағы Көкейтау ауылынан басталды. Тұрғындар аузынан тастамайтын жас кәсіпкер Әлібектің кәсібімен таныстық. Ол бие байлап, қымыз баптайды. Сусынды әрісі Астана, Қызылорда, берісі облыста сатады. Бір үйір жылқысы бар. Күніне 12 биеден 60 литр сүт алып, 120 құты шығарады. Кәсіпкерден Семейдің қымызының ерекшелігін сұрадық.

– Қарапайым тобылғымен ыстаймыз, артық ештеңе жоқ. Тек әркімнің технологиясы бөлек, бапталуы басқа. Қордың қай уақытта қосылғаны, қай уақытта сапырылғаны – әр қадам қымыздың дәміне әсер етеді. Әрекетіңді бір сағатқа кешіктірсең, сусынның дәмі өзгереді, – дейді «Елім-ай» қымызын өндіруші Әлібек Жәнібекұлы.

Кәсіпкер өндірісті өзінің інісімен бірге дөңгелетіп отыр.

– Биені інім сауады. Мен қалада маркетинг жұмыстарымен айналысамын, – дейді іскер жігіт.

Әлібектің қымыз өндірісіне келуіне жергілікті «Елім-ай» футбол командасына деген қызығушылығы әсер еткен. Құты сыртындағы белгіні команданың рұқсатымен авторлық құқығын иелене отырып арнайы алған.

– Шетелде футбол командаларының брендтік өнімі ретінде көбіне сыра шығарылады. Қазақстанда спортты неге ұлттық сусынымыз арқылы дәріптемеске деп осындай істі қолға алдық, – дейді кәсіпкер.

«Елім-ай» футбол командасы – облыстың мақтанышы. Соңғы жылдары үлкен жетістіктерге жетті. 2023 жылы Қазақстан бірінші лигасында жеңімпаз атанып, премьер-лигаға жолдама алды. Биыл УЕФА шеңберінде армян клубы «Алашкертпен» Семей алаңында бақ сынасқан.

 Команда қалаға ат басын құрған «Әділет» партиясы мүшелерімен жүздесіп, партия төрағасы Айбек Дәдебайға теңбіл допты сыйға тартты.

– Әділетті Қазақстан дегеніміз жемқорлыққа, әділетсіздікке жол берілмейтін қоғам. «Әділет» партиясы осындай қоғам орнатуға көмектеседі деп сенеміз, – дейді футболшылар.

 

 

 

 

 

 

 

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?

Ертісті жағалай қоныстанған Семейдің тарихы 300 жылдан асады. ХІХ ғасырда қалаға саяси жер аударылғандар келіп, осында жазушы Федор Достоевский, сол кездегі студент Евгений Михаэлис пен революционер Никон Долгополов тұрған. Абай Құнанбайұлы да Семейде білім алып, шығармашылықпен айналысты. Кейін қаладағы гимназияда Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев та білім алған.

Шәкәрім университетінде жергілікті ғалымдармен бас қосқан «Әділет» партиясының мүшелері зиялы қауым өкілдерінің талап-тілегін тыңдады. Белгілі филолог Анар Фазылжан бұрын-соңды ешқандай партияға мүше болмағанын айтты. Жуырда ғалым «Әділет» қатарына қосылды.

– Мен тілтанушы ғалыммын, қазақ тілінің зерттеушісімін. Шынын айту керек, еліміздегі ғылымға деген көзқарас мені қатты қаймықтырды. Президентіміздің саясаты қаймыққан көңіліме демеу берді. Тұңғыш рет ғылымға деген үлкен қамқорлық жасалды десем, артық айтқаным емес. Жасырмай айтайын, қазіргі кезде менің зерттеу институтымда магистрант, докторанттардың өзінде баспана бар. Ғылымға қолдау осындай шаралардан көрінеді. Президенттің жасампаз саясаты басқа да салаларға оң өзгерістер әкеліп жатыр. Бірақ өзімнің саламдағы өзгерісті көріп, мен «Әділет» партиясына мүше болуға және осы өзгерістердің тоқтамай, жалғасын табуына себеп болуға шешім қабылдадым, – дейді Анар Фазылжан.

АБАЙ МҰРАСЫ ЖӘНЕ ҚАЛАНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Жаңадан құрылған облысқа Абай есімінің берілуі қазақты Абай мұрасына тағы бір табан жақындатты. Абай әр адамға өзіне талап қоя білуді үйретті: өзгені сынамас бұрын өзіңе қарау, білім іздеу, еңбек ету, бос сөзден арылу. Сондықтан Абайға қайта-қайта оралу –  өткенді еске алу емес, бұл ең алдымен өзімізге қарау.

Өнертанушы Құсмілия Нұрқасымның айтуынша, қазақ ренессансы Абай өлгеннен кейін Абайды танудан басталды.

– Абайды таныған – Алаштықтар. Әлихан Бөкейханов орыс тілінде ғылыми өмірбаянын жазды. Ахмет Байтұрсынов әдебиет теориясы негізінде Абайдың барлық шығармаларын талдап, «қазақтың бас ақыны» деп жариялады, – дейді ол.

Ғалым Семей қаласының жаңғыруы туралы да ойын ортаға салды.

– Семей ренессансы облыстың мәртебесі қайтарылып, оны Абайдың атымен атағаннан кейін басталды. Өткен жылы Абайдың 180 жылдығында бұл үдеріс жаңа деңгейге көтерілді, – дейді Құсмілия Нұрқасым.

Өнертанушы президенттің қазақ даласын Алтын Орда мен Жошы ұлысының заңды мұрагері ретінде көрсетуін тарихи ерлік деп бағалайды.

– Тоқаев таңғажайып құбылыс – Алтын Орданы аспанға бір-ақ көтерді. Бүкіл әлемдегі түркітанушыларды жинап, біздің мемлекетіміздің бастауы деп мәлімдеді. Шыңғысхан дәуірі, Жошы ұлысы, Алтын Орда... 800 жыл әлемдегі ең қуатты, ең бай мемлекет болды. Осының бәрі біздің идеологиямызға айналуы керек. Идеологиясы мықты ел ешқашан жеңілмек емес. Бүгінгі партияның «Әділет» атануы жүрегімізге жылы шуақ енгізді. Ең бастысы, осы атауға лайық болса дейміз, – деп қорытындылады ол сөзін.

КІТАПХАНА ІСІН ҚАЛАЙ ІЛГЕРІЛЕТЕМІЗ?

Кездесуде кітапхана саласы қызметкерлерінің жағдайы да сөз болды. Облыстық Абай атындағы кітапхана өкілі кадр тапшылығы мен еңбекақы деңгейіне назар аударды.

– Мен 36 жылдан бері кітапхана саласында қызмет етіп келемін. Қазір біздің салада кадр тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Еліміздің әр елді мекенінде маман жетіспеушілігі сезілуде. Қазақстанда кітапханашыларды даярлайтын оқу орындары да саусақпен санарлық. Екіншіден, сала мамандарының жалақысының аз болуы біздің жастарымыздың бұл мамандықты таңдамауына себепші болып отыр. Осы орайда кітапхана саласын дамытуға бағытталған қандай да бір нормативтік-құқықтық актілер қабылдана ма? – деп кітапханашы Жанар Чушекова «Әділеттің» республикалық сайлауалды штабының  өкілдеріне жүгінді.

Құрылтай депутаттығына кандидат Үнзила Шапақтың айтуынша, партия кітапхана ісіндегі түйткілдерді шешу үшін арнайы заң қабылдауды мақсат етіп отыр.

– Әрине, кітапханашылардың саны аз, оларды даярлайтын оқу орындары жоқ дегенде жүрегің ауырады. Себебі мен де заң ғылымдарының докторымын. Өмірімнің көп бөлігі кітапханада өткен. Бұл сала қызметкерлерін айрықша құрметтейтін азаматтың бірімін. Мемлекет басшысы өзінің үндеуінде кітапханаларды жаңғырту міндетін алға қойғаны белгілі. Кітапханалар ғылым мен білімнің заманауи орталығына айналуы керек деп баса айтты. Сондықтан «Әділет» партиясы өз бағдарламасында кітапхана ісі мен кітап басу туралы заң қабылдау мақсатын көздеп отыр, – дейді ол.

ЗАҢЫМЫЗ ҚАШАН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДІ?

Семей жұрты заң қазақ тілінде жазылса деген талап-тілектерін де жеткізді.

– Заң шығаратын орган болғаннан кейін Құрылтай құрамында заңгерлер көбірек болса деймін. 40 жыл осы салада қызмет еткендіктен, заңдардың сапасы мен қоғамдағы салмағының артуы қаншалықты маңызды екенін бір кісідей білемін. Біз заңды аламыз да оны бір ай түзейміз. Ең әуелі, заңдар қазақ тілінде жазылса дейміз, – дейді сот саласының ардагері Кенжеш Мұқашев.

«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай тәжірибелі азаматтардың пікірлері мен ұсыныстарын мұқият тыңдап, олардың ешбірі ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, партия президенттің белгілеген бағыт-бағдарынан жаңылмайтынына сендірді.

– Мемлекет басшысы қандай тапсырма берсе де, қандай ой айтса да, оның артында міндетті түрде нақты жұмыс атқарылады. Мен мұны сіздерге Президент әкімшілігінде қызмет еткен адам ретінде айтып отырмын. Ешқандай тапсырма жерде қалып қоймайды. Біздің партиямыз – президенттің стратегиясын қолдау үшін арнайы құрылған партия. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, жаңа Конституциясын қабылдады. Онда жаңа құндылықтарымызды бекіттік. Біздің партиямыз сол құндылықтармен үндескен ұстанымдарды өз бағдарламасына енгізді. Соны тек құжат жүзінде қалдырмай, іске асыруға бекініп отырмыз, – деді партия төрағасы.

ӨҢІР ӨНДІРІСІНІҢ ӨСУІ

Күні кеше Шымкентке барғанда қала көшелерінде жүйткіп жүрген автобустар Семейде шығатынын естігенбіз. Сол зауытқа арнайы ат басын бұрдық. Daewoo Bus Kazakhstan – 2007 жылы Семейдегі «CемАЗ» өндірістік алаңында іске қосылған қазақ-корей бірлескен кәсіпорны. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1200 автобусқа дейін жетеді. «CемАЗ» трактор, автобус және жүк көліктерін де шығарады.

Кәсіпорын директоры Әсемқан Досқожановты сөзге тартып, өндірістің ерекшелігі мен қазіргі саясат жайлы сұрадық.

– Автобустарымызды Түркістан, Шымкент, Алматы, Павлодар, Ақтөбе қалалары алып жатыр. Моңғолияға да жібергенбіз. Енді электр автобустарын немесе гибрид автобустар шығарып, Өзбекстан, Иран, Әзербайжан нарығына шықсақ деп ойланып отырмыз. Қазір біздің зауытта 700-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Соңғы 5 жылда өндіріс ауқымы айтарлықтай өсті. Бұрын 100-200 автобус шығарсақ, қазір 700-ге дейін жеткіздік. Қазақстандағы сұраныстың жартысына жуығын біз жауып отырмыз, – дейді «CемАЗ» ЖШС бас директоры.

Әсемқан Досқожанов «Әділет» партиясының қатарына қосылғанын атап өтті.

– Кәсіпкерлерге керек дүниенің бәрі осы партияның бағдарламасында бар. Сондықтан біз қолдау білдіріп отырмыз. Бізге ең маңыздысы – болашақ үшін алаңдамауымыз. Бұрынғыдай біреу келіп өндірісімізді тартып алады деп қорықпаймыз. Бәрі ашық, жалақыны уақтылы беріп, салығымызды төлеп отырмыз, – дейді ол.

БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

80 жылдық тарихы бар «Қазполиграф» кәсіпорны да – өңір мақтанышы. Қағаз қаптамаларын шығаратын зауыт өнімдерінің 30 пайызы көрші елдерге экспортталады. Мекемеде 500-ден астам адам жұмыс істейді. Зауыт қызметкерлерінің айтуынша, өндіріске қажетті шикізат – қатты қағаз Финляндиядан жеткізіледі. Кәсіпорын Нидерланд пен Германиядан әкелінген заманауи қондырғылармен жұмыс істейді.

Зауыт қызметкерлерімен кездескен «Әділет» өкілдері өндіріспен танысып қана қоймай, жұмысшылардың талап-тілегін де тыңдады. «Қазполиграф» қызметкері, көпбалалы ана Әсем Мұқышева баспана мәселесін көтерді.

– Партия өңірлерде тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту үшін қандай шаралар ұсынады? Жеңілдетілген несие бағдарламаларын көбейту, қолжетімді тұрғын үй салу жоспарларыңызда бар ма? – деп сұрады ол.

«Әділет» мүшесі Бекжан Әлімқұлов баспана мәселесіне партия бағдарламасында айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

– Партиямыз бұл өте өзекті мәселе екенін толық түсініп тұр. Қолжетімді баспанаға байланысты кешенді жоспарларымыз бар. Оның ішінде халыққа қолжетімді ипотека, одан бөлек үйді жалға ала отырып, кейін сатып алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны да енгізуді көздеп отырмыз. Одан кейін жастарға қолдау болсын деп қолжетімді пәтерлер алуға әр өңірге 1 млрд теңге бөлу қарастырылған, – деді Құрылтай депутаттығына кандидат.

БИЗНЕСТІ ДАМЫТУҒА КЕДЕРГІЛЕР

«Елім-ай» қымызын өндіруші Әлібек Жәнібекұлы елімізде бизнесті дамытуға кедергілер барын айтады.

– Жастар субсидия сұраса, несие алғысы келсе, кепілдік талап етеді. 20-25 жастағы қыз-жігіттерде кепілге қоятын баспана қайдан болсын? Яғни әрі қарай даму қиын. Қазір байлардың байитын заманы. Кімде кепілдік болса, сол өседі, – деп кейіді жас кәсіпкер.

Өңірлерге барғанда «Әділет» партиясының алдынан бұл мәселе жиі шығатын секілді. Сондықтан төраға жұртшылықпен кездесуде осы сұраққа арнайы тоқталды.

– Халықты тыңдай келе жеңілдетілген несиені ала алмайтындар бар екенін естідік, көрдік. Өйткені қарыздары тым көп болғандықтан, шоттары бұғатталған. Несие алмақ түгілі, жалақыларына қол жеткізе алмай жүргендер аз емес. Сондықтан біз оларға тауарлық несие беруді қарастырып жатырмыз. Пилоттық жобамызды бастап та кеттік. Ал мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Бұл жұмысқа 1 трлн теңге қарастырылған. Биылдың өзінде 100 млрд теңге бөлінді, – дейді Айбек Дәдебай.