Алтын жалатылған шамдалдар, қымбат паркет, кең залдар, бассейн мен жеке тікұшақ алаңы. Осыдан біраз уақыт бұрын Шымкенттегі президент резиденциясының сән-салтанатын осындай сипаттар айшықтайтын. Ол жерге кезінде тек жоғары лауазымды қонақтар ғана кіре алатын. Ал қазір бұл ғимарат мүлде басқа қонақтарға қызмет көрсетеді. Олар – пәндік олимпиадаларда, ғылыми байқаулар мен спорттық жарыстарда топ жарған оқушылар. Ulysmedia.kz тілшісі кезінде Назарбаевты қабылдаған резиденцияға барып, сән-салтанаты келіскен залдардың бүгінде қалай балалар білім алып, демалатын орынға айналғанын көріп қайтты.
Бұрынғы президент резиденциясы Шымкенттің ең көрікті жерлерінің бірі – қалалық дендросаябақтың аумағында орналасқан. Айналасын биік ағаштар, жасыл алаңдар мен күтімі жақсы бұталар көмкерген. Екі қабатты ғимараттың аумағы шамамен 1,5 мың шаршы метр болса, резиденция орналасқан жердің жалпы көлемі 8,8 гектарды құрайды.

Ғимараттың ауқымы алыстан-ақ байқалады. Қаланың қарбалас тіршілігі дәл іргеде қайнап жатқанына сену қиын. Мұнда бәрі асықпай серуендеп, тынығуға шақырып тұрғандай. Сондықтан кезінде президент резиденциясын салуға қаланың дәл осы бөлігінің таңдалуы да тегін емес.

Зәулім ағаш есіктер, кең бөлмелер, жарқыраған паркет пен алтын жалатылған әшекейлері бар сәнді шамдалдар. Ғимараттың ішкі әрлеуінде табиғи ағаш молынан пайдаланылған. Интерьері әлі күнге дейін бұл ғимараттың кезінде жоғары лауазымды тұлғаларды қабылдауға арналғанын аңғартады. Балалар лагеріне тән қарапайымдылық мұнда байқалмайды. Әрбір бұйым мен әшекей резиденцияның бұрынғы мәртебесін еске салады.

Бір кездері ресми қабылдаулар өткен бөлмелердің қазір мүлде басқа мақсатта пайдаланылуы да қызық. Президент отыратын үстелдің орнына оқу сыныбы жабдықталған. Бұрын ресми кездесулер өтетін залдарда бүгінде оқушылар сабақ оқиды. Мемлекеттік мәселелер талқыланған жерде қазір математикалық есептер шығарылып, ғылыми жобалар сөз болады.

Балалар жататын бөлмелер де ерекше. Мұнда кең екі қабатты кереуеттер қойылған. Дегенмен жатын бөлмелердің ең көрікті тұсы – сәнді интерьері емес, терезеден ашылатын көрініс. Қай жаққа қарасаң да, ағаштар мен жасыл желек. Дендросаябақтың ұлан-ғайыр аумағы көзге түседі. Қаланың қақ ортасында емес, шаһар сыртындағы демалыс орнында жүргендей әсер қалдырады.
image
Резиденция аумағында өзіндік тарихы бар тағы бір орын бар. Бұрын бұл жерде тікұшақ қонатын алаң болған. Қазір ол мүлде басқа мақсатқа пайдаланылып жүр. Таңертең оқушылар осы жерде дене жаттығуларын жасайды. Тікұшақтың гуілі естілмегенімен, тәрбиешілердің нұсқауы мен балалардың дауысы үзілмейді. Алдағы уақытта бұрынғы тікұшақ алаңының орнына ангар салу жоспарланған. Балалар оны ойын ойнап, түрлі сабақ өткізуге пайдаланбақ.


Резиденция 2011 жылы салынған, ал араға он жыл салып, күрделі жөндеуден өткен. Екі қабатты ғимаратта бассейн, мәжіліс залы, сабақ оқуға, демалуға және тұруға арналған бөлмелер бар.

Жапсарлас аумақта футбол алаңы да ашылған. Соған қарамастан, ғимараттың бұрынғы жабдықтары мен жиһаздарының едәуір бөлігі сақталған. Ең қызығы да – осы. Бір кездері ел басшылығының қабылдаулары өткен сәнді ғимаратта қазір оқушылар күнделікті тіршілігін өткізіп жүр.
Бұрынғы резиденцияны балалардың игілігіне беру туралы шешім мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған. Қажетті дайындық жұмыстары аяқталған соң, мұнда №2 Оқушылар сарайының жанынан жыл бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру лагері ұйымдастырылды. Алғашқы ауысым 2026 жылғы 15 маусымда қабылданды. Содан бері әр 12 күн сайын мұнда 30 оқушыдан тұратын жаңа топ келеді.
Лагерьге жетінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейінгі, пәндік олимпиадаларда, ғылыми және шығармашылық байқауларда, спорттық жарыстарда көзге түскен оқушылар іріктеледі. Олардың тізімін Шымкент қаласының білім басқармасы жасақтайды. Демек, бұл жерге жол ашатын нәрсе – ата-анасының лауазымы немесе таныс-тамыр емес, баланың өз жетістігі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен президент резиденциясын дарынды балаларға арналған лагерь ретінде пайдалану туралы шешім қабылданды. Қажетті жағдайды жасағаннан кейін алғашқы 30 оқушыны қабылдадық. Олардың арасында олимпиадалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздары, спортта, өнерде және басқа да салаларда жетістікке жеткен балалар бар, – дейді №2 Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев.
Маусымнан қарашаның ортасына дейінгі бес айда бұрынғы президент резиденциясында 360 бала демалып үлгерген. Жыл соңына дейін тағы екі ауысымды қабылдау жоспарланып отыр. Он екі күн бойы оқушылар жатын орынмен, күніне бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ спорттық, шығармашылық және танымдық үйірмелерге қатысады. Алайда мұндағы демалыс сабақтан қол үзу деген сөз емес.
Бөлмелердің бірінде тоғызыншы сынып оқушылары Сандуғаш Балған мен Айқын Қошуақ шахмат ойнап отыр. Өзге балалар өз шаруаларымен айналысып жүргенде, бұлар тақтадағы тастарға мұқият қарап, келесі жүрістерін ойластырады. Бұрынғы президент резиденциясының сәнді интерьері аясында мұндай көрініс тіпті тосын.
Сандуғаштың қоржынында бірнеше айтулы жетістік бар. Ол математика пәнінен өткен қалалық олимпиадада бірінші орын алған. Кейін «Менің кіші Отаным» ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған. Оның зерттеу жұмысы «Бір жәдігер – бір тарих» тақырыбына арналған. Осы жетістіктерінің арқасында ол бұрынғы резиденцияда 12 күн демалу мүмкіндігіне ие болған 30 оқушының қатарына қосылды.
Дегенмен тоғызыншы сынып оқушысын мұнда ғимараттың сән-салтанатынан гөрі басқа нәрсе көбірек қызықтырған. Бірнеше күннің ішінде жаңа достар тауып, смартфонсыз да уақытты қызықты өткізуге болатынын түсінген.
– Телефонсыз уақыт өткізген ұнайды. Бір-бірімізбен көбірек араласып, айналамыздағы адамдарды жақынырақ тани бастадық. Бассейнде жүзгенді, шахмат ойнағанды және кітап оқығанды ерекше жақсы көремін. Мұнда көптеген жаңа дос таптым, – дейді Сандуғаш.
Оның шахматтағы қарсыласы Айқын Қошуақ та жетістігінің арқасында лагерьге жолдама алған. Тоғызыншы сынып оқушысы тарих бағыты бойынша өткен байқауда үшінші орын иеленген. Мұнда келгеніне үш күн ғана болса да, жаңа ортаға тез үйренісіп, өзге мектептердің оқушыларымен танысып үлгерген. Қазір оның әр күні сабаққа, ойын мен түрлі жарысқа толы. Бос уақытында шахмат ойнап, психологиялық тренингтерге қатысады, кешкі дискотекаларға барады. Ал бұлардан бөлек, кітап оқуға да әуес.
– Мұнда маған бәрі ұнайды. Тәрбиешілер күн сайын жағдайымызды сұрап, бізге ерекше көңіл бөледі. Түрлі тренингтер, психологиялық сабақтар, сурет салу үйірмелері өтеді. Кешке дискотека ұйымдастырылады. Бос уақытымызда шахмат ойнаймыз. Қазір «Атамекен» кітабын оқып, байқауға дайындалып жүрмін, – дейді Айқын.
Бұл сапар жасөспірімге жаңа мақсат та сыйлаған. Ол лагерьге тағы да келгісі келеді. Сол үшін енді пікірсайыс бағытында жетістікке жетуді көздеп отыр.
Лагерьдің басты талаптарының бірі – гаджеттерден тынығу. Оқушыларға ұялы телефонды күніне бір сағат қана пайдалануға рұқсат етілген. Бұл уақытты олар ата-анасымен хабарласуға жұмсайды. Қалған уақытта әлеуметтік желілер мен интернеттегі әдеттегі ермектерден қол үзіп, лагерьдің түрлі шараларына қатысады.
Он екі күн ішінде әр бала екі кітап оқып шығуы керек. Одан кейін оқыған шығармасының мазмұнын қаншалықты меңгергенін тексеретін байқауға қатысады.


Сабақ та күн тәртібінен тыс қалмайды. Түстен кейін қаланың түрлі білім беру ұйымдарынан мұғалімдер келіп, екі-үш сабақ өткізеді. Осылайша оқушылар мектеп бағдарламасын меңгеруді жалғастырып, қатарластарынан қалып қоймайды. Бұған қоса, лагерьде пікірсайыстар, дөңгелек үстелдер, шығармашылық шеберлік сабақтары мен түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
– Қаланың әртүрлі мектебінен мұғалімдер келіп, түстен кейін екі-үш сабақ өткізеді. Қалған уақытта пікірсайыстар, дөңгелек үстелдер, шығармашылық кездесулер мен түрлі байқаулар ұйымдастырамыз. Мысалы, күзде лагерьге суретшілер келіп, балалармен бірге картина салды. Кейін олардың жұмыстарынан көрме өткіздік, – дейді лагерь тәрбиешісі Гүлзира Исаева.
Спортты жақсы көретін балаларға да жағдай жасалған. Ғимаратта суы жылытылатын бассейн бар. Оқушылар оған күнара түседі. Сондай-ақ футбол, баскетбол ойнап, шахмат жарыстарына, эстафеталар мен командалық сайыстарға қатыса алады. Ал бұрынғы резиденцияның кең аумағы таза ауада көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Балалармен мектеп мұғалімдері ғана емес, психологтер де жұмыс істейді. Күн сайын өзіне деген сенімділікті арттыруға, шығармашылық ойлау мен қарым-қатынас дағдыларын дамытуға арналған тренингтер өткізіледі. Лагерьде барлығы 57 қызметкер еңбек етеді. Оның 12-сі – педагог. Тәрбиешілер балалардың жанында тәулік бойы болады.
Лагерь басшылығының пікірінше, мұндай демалыстың басты құндылығы жаңа білім мен әсер алумен ғана шектелмейді. Бұрынғы президент резиденциясында 12 күн болу мүмкіндігі басқа оқушыларға да жақсы оқып, биік белестерді бағындыруға ынта беруі керек.
– Көптеген ата-ана лагерьдің неге тек дарынды балаларға арналғанын сұрайды. Біздіңше, бұл басқа оқушыларға да жақсы ынта береді. Бала мектепке оралып, бұрынғы президент резиденциясында 12 күн болғанын, жаңа достар тапқанын, ұмытылмас әсер алғанын айтып келсе, өзгелердің де осында келуге талпынып, жетістікке жетуге ұмтылары сөзсіз, – дейді №2 Оқушылар сарайының директоры Данияр Егізбаев.
Алдағы уақытта лагерь базасында оқушыларды пәндік олимпиадаларға тереңдете дайындау да жоспарланып отыр. Қазір білім басқармасымен бірлесіп, химия, физика, биотехнология және басқа да пәндер бойынша арнайы сабақ бағдарламасы әзірленіп жатыр.
Бір кездері бұл ғимаратта ел үшін маңызды кездесулер өтіп, мемлекеттік мәселелер талқыланатын. Бүгінде оның қабырғасында балалар болашақтағы үлкен жеңістеріне алғашқы қадам жасап жүр. Бәлкім, осы оқушылардың арасынан ертең елге танымал ғалымдар, өнертапқыштар, тіпті мемлекет тізгінін ұстайтын азаматтар да шығар.