Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Ағымдағы жылдың 18 наурызында "Риддер ЖЭО" АҚ-да №1 және №2 орта қысымды екі қазандық агрегаты жұмыс істейді. 2023 жылдың 17 наурызында №4 жоғары қысымды қазандық агрегатының 4А үрлеу желдеткішінде қуат кабелі тұйықталып қалды", - делінген хабарламада.
Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. №4 қазандық агрегаты іске қосылып, бункерге шаң жиналғаннан кейін №5 қазандық агрегаты жағылады.
"Қала басшылығы "Риддер ЖЭО" АҚ директорына қызмет көрсетудің сапасыздығы үшін қала тұрғындарына қайта есептеу жүргізу туралы хат жолдады. ЖЭО басшылығы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін қайта есептеу жүргізілетініне сендірді", – дейді әкімдіктегілер.
Еске сала кетейік, 5 ақпанда Риддер ЖЭО-да конвейер таспасының екінші көтергіш барабанының қозғалтқышы істен шыққан.
Ал 28 ақпанда жылу электр орталығында №1 және №2 қазандық апаттық жағдайда өшірілді.
Жылыту маусымы басталғалы бері қаланың жылу жүйесі апаттан көз ашпай келеді. Бұдан бұрын "Риддер ЖЭО" АҚ жаңа иесі 5 жыл бойы жылу тарифін көтермеуге уәде берген.