Шымкентте жыл басынан бері есірткіге қатысты 276 заң бұзушылық анықталды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 65,2 пайызға жоғары, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Тәртіп сақшылары жыл басынан бері есірткі құралдарын насихаттаған 49 әлеуметтік желі парақшалары мен сайттарды анықтап, бұғаттады. Сондай-ақ қаладағы дәріханалардың бірінде құрамында психотропты белсенділігі бар дәрілер сатылып келгені анықталды, дейді otyrar.kz.
Бүгін қалалық психикалық денсаулық орталығында 889 адам есірткіге тәуелді ретінде динамикалық бақылауда тұр. Бұл орталықтағы науқастардың басым бөлігі – ер азаматтар. Солардың қатарындағы мына азамат синтетикалық есірткі заттарын осы уақытқа дейін пайдаланып келген. Қазір ол өткенінде жасаған әрекеттері үшін өкінетінін айтып, жастарды өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Жасым 24-те. Есірткіні былтыр Тараз қаласына барғанымда қолдана бастадым. Сол жақта тұратын досым «жаңа нәрсені көресің бе?» деп маған ұсынған болатын. Бұған дейін дәріханалардың бірінен құрамында наркотикалық қоспасы бар препаратты қолданып, кейін анаша шегуді бастадым. Түсінгенім есірткі заты денсаулыққа өте қауіпті екен. Есірткі қолданамын деп 30 кг салмақ тастадым. Оны алғашында әлеуметтік желі арқылы сатып алатын едім. Бар тапқанымды есірткі сатып алуға жұмсайтынмын. Бұл тәуелділіктен арыла алмаған соң, өз еркіммен орталық көмегіне жүгінуге мәжбүр болдым», - дейді кейіпкер.
Жыл басынан бері қаладағы дәріханаларға 3 рет «Дәрмек» жедел – профилактикалық тексеріс жүргізілген. Фармациялық бақылау қызметінің мамандарының айтуынша, қалада психотропты белсенділігі бар дәрілерді сатқаны үшін 7 субьектіге және жеке тұлғаларға 900 мың теңгені құрайтын айыппұл салынды.
Қазір елді алаңдатып отырған жайттың бірі – синтетикалық есірткі заттарын жарнамалау мен әлеуметтік желі арқылы сату мәселесі. Заң өкілдері есірткі сатылатын сайттардың қаладағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына граффити-сурет салу арқылы жарнамаланғандарын анықтады. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде есірткі сайты жарнамаланған 724 мекенжай анықталып, жойылды.
Мамандар қолайсыз ауа-райы, экологиялық мәселелер мен түрлі тұрмыстық ауыртпалықтар есірткімен әуестенуге итермелейді дейді.